- Жанат Мұғамедқызы, ана бір жылдарда Екібастұз, Павлодарды тамаша әндеріңмен тәнті етіп, облыстық, республикалық талай-талай додалы байқауларда топ жарып, енді Алматыға жол салдың. Өнер сапары жемісті болсын! Сенбі сайын республикалық Қазақ радиосынан «Мәңгі махаббат мекені» атты авторлық жобаң беріліп жүр, рейтингісі жақсы, осы хабар жайлы жұртшылықтың жылы лебіздерін жиі естиміз. Алматы өнер қиялына қанат бітіргендей ме?..

- Рақмет! Кішкене ғана жетістіктерім болса, сол үшін алдымен ата-анама, қазір тәлім-тәрбиесін көріп жүрген ата-енеме (Жанат - ардагер ұстаз, қаламгер Зекебай Солтанбаевтың келіні. С.М.), ҚазМУ бітіріп келгенде Екібастұз педколледжіне жұмысқа қабылдап, ұстазымдай, анамдай ақылшым болып, үлкен үміт артқан Жеңіс Шанаққызына ризашылық білдіргім келеді. Рас, Алматы өнерге деген шабытымды қайта жаңғыртқандай болды. Екібастұзда 20 жылдай тұрып, отбасыммен атамның ақ батасын алып, белгілі әнші ҚР Еңбек сіңірген артисі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Майра Ілиясова апай шақырған соң, 2012 жылы Алматыға келдім. 2 жыл продюсер орталығында арт директор қызметін атқарып, түрлі концерттік іс-шаралардың ұйымдастырушысы болдым. «Сағындырған әндер-ай», «Жан анам», «Күміс көмей, жез таңдай» секілді концерттік жобаларға қатыстым.

- Бәрекелді, репертуар толыққан болар...

- Әрине, бұрын жарыққа шықпаған ақын Абайдың сөзіне жазылған Шәмші ағамыздың «Тыңда мені, достарым» әні, қытайлық ақын Кәкей Жанжұнұлының сөзіне жазылған М.Меңкешовтің «Анама хат», Р.Әлқожаның «Кел, сәулем, кездесейік Алматыда» әні, А.Бажанованың «Бала ғашық», И.Исаев пен Қ.Құрманәлінің «Қызғалдақ ғұмыр», Е.Жақыпбектің сөзіне жазылған Т.Досымовтың «Біз екеуміз» секілді ондаған әндер жазғыздым, үлкен сахналарда орындап та жүрмін. Бұлар - лирикалық тұрғыдан жазылған, жарқ етіп шығып, жалп етіп өшетіндердің қатарынан емес, сөзі мен әні сом алтындай құйылып түскен дүниелер. Махаббат, жастық тақырыбына арналған қазақы, тіпті меніңше батыстық ән тасқынына төтеп беретін әндер десем болар. Музыканы қабылдауға өренің биік болғаны дұрыс қой, тыңдаушының талғамын қалыптастыратын, өресін биіктететін - 
өнер адамдары. Сондықтан ән таңдағанда алдымен осыны еске аламын. Негізінде қазақтың әнін тек қазақы көңілмен таңдау, тыңдау керек. Осындай тамаша әндермен Майра, Роза, Мақпал апайлардай әйгілі әншілермен бірге сахнаға шығып, олардың ақыл-кеңесін тыңдап, қанаттаса жүргенімнің өзі - бір бақыт мен үшін! Оның үстіне Алматыдағы Республика сарайынан кейінгі орында тұрған ҚазМУ қалашығындағы Студенттер сарайындағы жұмысым да өнер иелерімен байланысты. Мұнда мемлекеттік, қалалық деңгейдегі түрлі іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Өзім осы университетті бітірдім. Бұл оқу орнында қазақтың небір талантты, маңдайалды перзенттері қызмет етті, түлектерінің арасында айрықша білім-талантымен елге танылғандары аз емес.

Иә, біздің жалындаған жастық, студенттік шақ осы қалашықта өтті. Бұл - білім, өнер, әдеби-мәдени шығармашылығы қайнап жататын жастықтың, думанның ортасы. Мұнда елдің түкпір-түкпірінен арман қуып, білім алуға келген қыз-жігіттер есейіп, өмірлік жарын тауып, отбасын құрып, туған еліне аттанып жатады. Сондықтан ҚазМУ қалашығы - мәңгілік жастық, махаббат мекені десе де болғандай.

- Демек, Қазақ радиосындағы жобаның жарыққа шығуына себепкер болған да...

- Иә-иә, 2016 жылдың қазан айынан бастап «Мәңгі махаббат мекені» атты хабарды жүргізе бастадым. Бұл қазақ өнерінің корифейлерімен әсерлі ән мен сырға толы сұхбат десек те болады. Күні бүгінге дейін өнер иелері Н.Нүсіпжанов, Б.Тілеухан Р.Рымбаева, Д.Жолжақсынов, Майра Мұхамедқызы, Бауыржан Жақып, А.Қоразбаев, А.Дүйсенов, Ж.Сейдоллаұлы, Б.Омаров, Л.Жолдасов, т.б. эфирге шықтық. Жоғарыда айтып өткенімдей, сұхбаттастар арасында университет түлектері де аз емес. Олардың қоғамда алған орны, еңбегі, өнегесі тілге тиек бола отыра, сол адамдардың жас кездеріндегі қазақтың ғашықтық туралы сырлы сезімге толы әндер беріледі. Бұл бір жағынан жауһар әндердің халық жадында жаңғыруына, әсіресе жастардың санасына сіңіру үшін қажет деп ойлаймын. «Мәңгі махаббат мекені» хабарының кульминациясына Л.Жолдасовтың әнін алдық, сөзін Бақыт Беделхан жазды. Айта кетейін, хабардың редакторы, кеңесшім - баянауылдық Бағдат Дүйсенов деген ақын жігіт. Міне, осылайша өнердің үрдісін танытып, рухын көтеретін дүниелермен ел алдына шығып отырсақ, сонда ұлттық рух, өнер жаңғырып отырады, бұл бір есептен өнердің бір саласында жүргеннен кейін міндет, парыз секілді көрінеді.

- Жеке шығармашылығың туралы не айтар едің, Жанат?

- 2016 жылы «Мәңгі махаббат мекені» атты концерттік жобамның тұсауын кестім. Оған 30 ән енгізілді. Концертке Майра Ильясова, Жеңіс Ысқақова, Меруерт Түсіпбаева, Рүстем Нұржігіт, Абай Бегей, Құралай мен Мирас, Жанболат пен Жазира, Әли Оқапов, «Ринго» тобы, басқа да жас әншілер қатысты. Биыл да Отбасы күні мен Алматы қаласының күніне орай осы концерт ұйымдастырылмақ. Сөйтіп, Екібастұзда еңбек, өнер жолымды бастап, бүгінгі таңда өнері мен шығармашылығы қайнаған ортада осылайша қызмет етіп, үлес қосып жүргеніме шүкіршілік етемін. Өмір дегеннің өзі - тағдыр, адамдар арасындағы қарым-қатынастан туындайды ғой. Қызық-қуаныш, қайғы-мұң, ақ пен қара қатар жарысқан бұл заманда небір күтпеген жағдайларға куә боласың. Жоғарыда әңгімеміз махаббаттан өрбіді ғой. Соған орай есте қалған мына бір оқиғаны айта кеткім келеді. Талайларға ой салған, өз заманының, тіпті адамгершілік тұрғысынан алғанда ертеңгі ұрпаққа тәлім-тәрбиесі мол, жауынгер Ербол мен ұяң, ақылды қыз Меңтайдың махаббат тағдыры сөз болған Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» деген шығармасы бар емес пе... Университетте біздің топта Қожахмет Пірмәшов деген жігіт оқыды. «Махаббат, қызық мол жылдарда» соғыстан кейін Ербол керзі етігімен қыздар отырған аудиторияға сарт-сұрт келіп кіргендей, ол да Ауған соғысынан шығып, бірден ауылына бармай, оқуға келген кезі екен. Онымен алғаш М.Әуезов аудиториясында лекцияда кездестік. Соғыста жараланыпты, өзі ашық-жарқын, қалжыңқой жігіт еді. Оқу бітіріп кеткеннен кейін он сегіз жылдан кейін кездестік. Астанада «Хабар» арнасы «Махаббат, қызық мол жылдардың» қырық жылдығына арнап Әзілхан ағамен кездесу өткізіп, оған Қожахметті шақырады. Мен Қожахметпен кездесуге Астанаға бардым. Оқиға былай болған: ауған соғысында жүрген жауынгерлерге біраз кітап таратылады, соның ішінде жалғыз қазақ кітабы осы «Махаббат, қызық мол жылдар» бар екен. Ауылдан келген он сегіз жастағы жігіттер кітапты қолдан қолға өткізіп оқиды. Қожахметтің арманы - аман-есен елге оралып, осы кітапты Әз-ағаның қолына тапсыру. Кітапты кезектесіп оқыған бір топ жауынгер бір жарылыста оққа ұшып, қаза табады. Қожахмет жарылған БТР-дан кітаптың он сегіз парағын жинап алып, дипломатына салып қояды. Бірақ ертең елге оралам деп отырған ол снаряд жарақатын алып, ауыр халде самолетпен Москваға жіберіледі. Әрине, бар заты жоғалады. Кейіннен бұл әңгіме Әз-ағаның құлағына жетіп, арнайы дастарқан жайып, Қожахметті қонақ қылады. Сол жерде Әз-аға: «Менің кітабым соғысқа қатысқан екен ғой» дегенде Қожахмет: «О, аға, Сіздің кітабыңыз соғысқа жай ғана қатысып қойған жоқ, жараланды» дейді. Сол қонақта бірге болған ауған соғысының ардагері, ақын Бақытбек Смағұл тебіреніп, «Ауғандағы ақиқат» деген өлең жазды. Қожахметтің кеудесі толған орден-медаль екен, бес жыл бірге оқығанда курстасымыздың Қызыл жұлдыз орденінің иегері екенін, тіпті екі рет батыр атағына ұсынылғанын білмеппіз, өйткені ол ешқашан марапаты, ерлігі туралы айтқан емес. Қандай қарапайымдылық десеңізші?!

- Жанат, қазір жастар арасында әншілік өнерімен танымал болғандардың арасында Димаш Құдайбергеновтің жұлдызы жарқырады. Оның ата-анасы Ақтөбе филармониясының директоры, белгілі әнші Қанат пен Света Құдайбергеновтер ғой. Ата-ананың өнері балаға да жұғысты болғаны да бір бақыт екен-ау...

- Иә, қазір бойдағы талантпен топ жарып бәйге алам десең мүмкіндік көп қой. «Қазақстан дауысы», «Х-фактор», «Жас қанат» секілді байқаулар баршылық. Димаш - сол «Жас қанаттың» жеңімпазы. Мен үшін адамның бойындағы басты қасиет - дарыны, тума таланты не елді аузына қаратқаны емес, өнер иесінің адами қасиеті дер едім. Бірер жыл бұрын Ақтөбе қаласына концерттік сапарда болғанымда, ұйымдастыру кезінде Димаштың әкесі Қанат пен жұбайы Света көп көмек берді. Димаш автокөлігімен қызмет көрсетті. Мен әңгімеге тартып, «сен «Жас қанатта» жеңіп ең ғой, Астанаға шақырды ма?» дегенде, ол: «Иә, шақырды бірақ мен бармадым. Өйткені атам мен апамды қалай қалдырамын, екіншіден, вокалдан сабақ беретін ұстазымды тастап кетсем, еңбегі зая кетеді ғой», - деді. Кешкі аста осы әңгімені ата-анасына айтып, балаларыңды дұрыс тәрбиелепсіңдер» деп ризашылық білдірдім. Сонда Света: «Біздің Димашта екі киім болмайды, артық киімі болса, тобындағы балаларға беріп қояды, күртешесі не жылы киімі жоқ екен деп таратып жүреді», деген еді. Міне, осындай қазақы мінез, тәрбие алып өскен бала қазір жер-жаһанды тамсандырып, топ жарып тұр. Биіктен көріне берсін деп тілейік.

- Ал өзіңнің отбасың жайлы не айтар едің?

- Отбасыма осы қалашықтан екі бөлмелі пәтер берілді. Жұбайым Дүйсенғали - энергетик. Қазір өз мамандығы бойынша Алматы ЭС компаниясында аға инспектор, үлкен ұлымыз Мадияр Ресейден әскери білім алып келді, Мирас - студент, болашақ дәрігер. Кенжеміз Ерасыл өнерге жақын болғандықтан, «Бақыт-кидс» тобына бердім, билейді, ән салады. «Балапан» арнасында бірнеше түсірілімге қатысты. Жақында Республика сарайында ән айтты. Универсиадада «Алматы-Аренада» ән салды. Балаларға арналған байқауларға жиі қатысады. Дарын, талант табиғаттан беріледі, оны дамыту, ілгері апару өз қолыңда ғой. Бастысы еңбектенген адамға жетістік, бақыт, жақсылық атаулы өзі келеді. Осы қасиеттер барша қазақтың басында болса, халқымыздың мерейі үстем болса деп тілеймін! «Мәңгі махаббат мекені» хабарының, жалпы қызметімде атқарып жүрген істерімнің бәрі осынау мақсатқа негізделген. Өнер жолын пенделікпен былғамай, тура, түзу жүрудің өзі бір бақыт қой.

- Жеңісті күндерің көп болсын, Жанат!

Сұхбаттасқан - Сая МОЛДАЙЫП.

 

Абай

Жиырма Алтыншы Қара Сөз

Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе, түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады. Білмеймін, содан артық қуанышы бар ма екен? Әй, жоқ та шығар! Осы қуаныш бәрі де қазақ қарындастың ортасында бір хайуанның өнерінің артылғанына я бір бөтен адамның жыққанына мақтанарлық не орны бар? Ол озған, алған, жыққан өзі емес, яки баласы емес. Мұның бәрі - қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ, биттей нәрсені бір үлкен іс қылған кісідей қуанған болып, ана өзгелерді ызаландырсам екен демек. Біреуді ызаландырмақ - шариғатта харам, шаруаға залал, ақылға теріс. Әншейін біреуді ыза қылмақтың несін дәулет біліп қуанады екен? Жә, болмаса, ана ыза болушы соншалық неге жер болып қалады екен?

Жүйрік ат - кейде ол елде, кейде бұл елде болатұғын нәрсе, қыран құс та, жүйрік ит те - кейде оның қолына, кейде мұның қолына түсетұғын нәрсе. Күшті жігіт те үнемі бір елден шыға ма? Кейде ана елден, кейде мына елден шығады. Мұның бәрін адам өз өнеріменен жасаған жоқ. Бір озған, бір жыққан үнемі озып, үнемі жығып жүрмейді. Соның бәрін де біле тұра, жерге кіргендей болып я бір арамдығы, жамандығы шыққандай несіне ұялып, қорланады екен?

Енді осылардан білсеңіз болады: надан ел қуанбас нәрсеге қуанады һәм және қуанғанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмей, есі шығып, бір түрлі мастыққа кез болып кетеді. Һәм ұялғандары ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды. Мұның бәрі - надандық, ақымақтықтың әсері. Бұларын айтсаң, кейбіреуі «рас, рас» деп ұйыған болады. Оған нанба, ертең ол да әлгілердің бірі болып кетеді. Көңілі, көзі жетіп тұрса да, хайуан секілді әуелгі әдетінен бойын тоқтата алмайды, бір тиянақсыздыққа түсіп кетеді, ешкім тоқтатып, ұқтырып болмайды. Не жаманшылық болса да бір әдет етсе, қазақ ол әдетінен еріксіз қорыққанда я өлгенде тоқтайды, болмаса ақылына жеңгізіп, мұным теріс екен деп біліп, ойланып өздігінен тоқтаған адамды көрмессің.

 

Өмірдің өзінен

Әр кезде естіген уәлі сөздер

Бірінші сөз

Семей қаласында Абай Құнанбаевты алғаш көрген бір адам:

«Қасқа басы көнектей, Сал бөксесі сенектей, Екі құлағы шұнақ, Кеудесі - аққан бұлақ, Құлжа мойын кебенек, Бұдан артық не керек», - депті.

Екінші сөз

Аналарды әрдайым құрметтеп, олардың тұрмысын жақсартуды көптеп қолға алу қажет, өйткені олардың құрсағы – мәңгілік елдің қоймасы (яғни ұрпақтардың).

Үшінші сөз

Біздің ата–бабаларымыз: «Егер алдағы бір жылды ойласаңдар – ақ егін салыңдар; егер алдағы жүз жылды ойласаңдар – ағаш өсіріңдер; егер мәңгілікті ойласаңдар – ұрпақты тәрбиелеңдер», - деген екен.

Төртінші сөз

Егде тартқан қарттар: шал, қария, ақсақал, абыз деп төртке бөлінеді.

Шал – қалай болса солай сөлейтін, араққа әуес, бөстекі өсек сөзді айтуға жақын қарт.

Қария – өз әулетіне тәлім–тәрбие беріп, түтінін бір арнада ұстап отыратын жан.

Ақсақал – ағайындарға, көрші–қолаңға, ауылдастарына айтқан сөзі өтетін, оларды әрдайым бірлікке шақырып отыратын жан.

Абыз – халқына сөзі өтетін, жұрттың мүң–мұқтаждарын Елбасы мен әкімге жеткізе алатын көшелі, дария білімді адам.

Бесінші сөз

Қазірден бастап әр қазақ-тың бойында Мәңгілік Ел бағытына орай өз отанына деген азаматтық сезім қалыптасуы қажет, алайда ол ұлттық сезімнен эволюциялық түрде аттап өтпеуі тиіс. Егер ұлттық психология, ұлттық сана–сезім қалыптасса, қазақты толық қазақтілдендіру келешекте өзін–өзі сақтау бағдарламасы боп дамып кете береді.

Алтыншы сөз

Бір жолы отағасы жолушылап келіп, өз үйіне оралғанда әдетте алдынан арсалаңдап күліп қарсы алатын келіні мен баласы болмайды. Отағасы үйге кіріп, бір бұрышта бүрсиіп отырған баласынан басқа үйде ешкімнің жоғына көзі жеткенде ол баласынан:

- Келін қайда? – деп сұрайды.

- Ол төркініне кетіп қалды, - дейді баласы.

- Ол нендей себеппен төркініне кетті? – деген сұраққа баласының берген жауабы:

- Ол бір қателік жасаған соң, мен оны қамшымен сабаған едім, - дейді.

Сонда әкесі: - Тәйт әрі! Қатын сабағышын қарай гөр мұның, - деп ақырады.

Содан кейін әкесі: - Әлде саған қатының керек жоқ па? – дейді.

- Керек қой, - дейді баласы.

- Керек болса, бұдан былай қатыныңа қол көтергенді қой! Есіңде болсын, сүрінбейтін ат болмайды, қателеспейтін адам да болмайды.

- Жарайды, - дейді баласы.

- Мынаны көрдің бе, - деп әкесі мүжіліп тасталған қойдың қабырғасын қолына алып, баласына:

- Мына қабырғаның басы қисық па, ей?! - дейді.

- Иә қисық! – дейді жігіт.

- Иә, балам, Құдай қатынды әуелде ер адамның қабырғасынан жаратты деген сөз бар Құран Кәрімде.

- Қабырғаның мына қисық біткен басын түзете алар ма едің?!

- Ешқашан түзете алмайсың! Түзетемін деп көрші кәне, сынып кетсін. Ендеше қатын да сол сияқты. Қатыныңды түзетемін деп енді әуреге түсуші болма! Бар, тез келінді кешірім сұрап, үйге алып кел, - дейді отағасы.

Баспаға дайындаған Серік Жақсыбаев,

КСРО Журналистер одағының мүшесі.

 

Ұсыныс

Рүстембек Омаров лайық!

Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің құрылғанына - 10 жыл

Аталмыш өнер ұжымы 2007 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Павлодар қаласындағы Естай атындағы мәдениет сарайында құрылды. Өнер адамдарының басын қосқан оркестр құрылған кезеңінен бастап, қазақтың, шет елдің небір классикалық туындыларын репертуарына енгізіп, орындаушылық шеберліктерімен көпшіліктің көңілінен шығып келеді. Бірінші дирижері Бақыт Сарбаров болды. Оркестрдің құрамына алғашқы уақытта С.Мақышева, С.Бейсенов, А.Петрушкина, О.Булгакова, Н.Джулий, Д.Бекужина, С.Никитенко, Л.Әлкенов, Р.Тезекбаева, А.Әубәкіров, А.Сенкебаева, Ж.Бейсекеева, Г.Ақатаев, Б.Найманбаев, А.Бектұрова, т.б. түрлі музыкалық аспаптарда ойнайтын музыка мамандары қабылданды.

Қазір оркестрдің құрамында 46 адам бар. Репертуары қазақтың Құрманғазы, Тәттімбет сынды дәулескер күйшілері, халық әндері мен күйлері, сондай-ақ шет елдердің музыкасымен толыққан өнер ұжымы сан мәрте қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі мерекелік іс-шараларда көпшіліктің қошеметіне бөленіп келеді.

2012 жылы аталмыш қазақ ұлт аспаптар оркестрі Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының құрамына алынды.

- Оркестрдің кәсіби деңгейін биіктетіп, көрерменнің талғамына сай өнер көрсетуіне барынша мүмкіндік жасалуда, - дейді И.Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының басшысы ҚР мәдениет саласының үздігі Аманкелді Қожанов. - Бұл ретте бас дирижер әрі көркемдік жетекші, ҚР Мәдениет қайраткері Талғат Кәрімов пен музыка өңдеуші ҚР Мәдениет қайраткері Асан Әбдікәрімовтің еңбегі ерекше. Сондай-ақ оркестр құрамында ҚР Мәдениет қайраткерлері Талжібек Атамбек пен Күлжан Қайырбек, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаттары Нұржан Сарқамбаев пен Олеся Скорикованы атап өткеніміз жөн.

Екі жыл бұрын оркестрдің сахналық киімі мен музыкалық аспаптары жаңартылды.

Өнер ұжымы өткен жылдың сәуір айында Ақтөбе қаласында өткен «Жұбанов көктемі - 2016» атты Халықаралық аспаптар оркестрлері және ансамбльдерінің xалықаралық фестивалінде Уфа, Қырғызстан, Эстония, Татарстан, Түркі мемлекеті және еліміздің түкпір-түкпірінен қатысқан 11 оркестрлік ұжымның арасынан 1-орынды жеңіп алды.

- Бір мәселе, ел ағалары, зиялы қауым, өнер ұжымы қазақ ұлт аспаптар оркестріне жерлесіміз, белгілі күйші, домбырашы, Қазақстанның халық артисі Рүстембек Омаровтың есімін беруді ұсынып отырмыз. Рүстембек ағамыздың қазақтың өнерінің дамуына қосқан үлесі зор, - дейді Аманкелді Қожанов.

Рүстембек Омаров кім? Рүстембек Омаров - 1919 жылы Павлодар облысы Шарбақты ауылында дүниеге келген. Ол Оқап, Лұқпан, Қалилар жеткізген Құрманғазы мектебінің дәстүрінде орындалатын күйлерді кейінгі буынға өз бояуымен жалғастырған. Оның өнер жолы Семейдегі балалар үйінің шағын сахнасынан басталады. Жас баланың табиғи дарынын, алғырлығын бірден аңғарған А.Жұбанов Рүстембекті атақты домбырашылар Оқап Қабиғожин мен Қали Жантілеуовке тапсырады. Кейін 1934 жылы құрылған халық аспаптары оркестріне (жетекшісі А.Жұбанов) жас домбырашы болып қабылданады. Сөйтіп, Р.Омаров Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің бірінші концертмейстері болған, қазақ өнерін дамыту ісінде Ахмет Жұбановпен қанаттаса еңбек еткен азамат. Ол әйгілі күйші-домбырашылар Ә.Есқалиев, І.Ахмедияров сынды көптеген күйші-домбырашыларды тәрбиеледі.

2019 жылы Р.Омаровтың туғанына 100 жыл толмақ. Міне, осынау мерейтой қарсаңында оның есімін павлодарлық өнер ұжымы иеленсе құба-құп. Бір айта кетерлік мәселе, Атыраудағы ұлт аспаптар оркестрі Дина Нұрпейісова, ал қарағандылық қазақ ұлт аспаптар оркестрі Тәттімбет Қазанғапұлының есімін иеленген.

Олай болса, Павлодардағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі де әйгілі жерлесіміз Рүстембек Омаровтың есімін алуға әбден лайық.

С.ТАУҚЫЗЫ.

 

saryarka-samaly.kz