Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ораз Дүзденбаев екі жылға арналған кешенді жоспарды таныстырды. Айтуынша, жыл сайын егін шаруашылығында егістік көлемі мен ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін 6-8 пайызға арттыру көзделіп отыр. Бұл ретте облыстық мәслихат депутаттары алқаптарды әртараптандыру жұмыстарына тоқталуды сұрады. Құзырлы органның мәлімдеуінше, алдағы жылдары дәнді дақылдар егілетін егістік көлемін азайтып, орнына майлы, жарма дақылдары мен жем-шөп түрлерін көбейту межеленген. Әсіресе, бидай егуді мүмкіндігінше кеміту көзделіп отыр.

Отырыста соңғы кездері шаруа-лардың аңсары ауған жасымық өсірудің қыр-сыры мен әкелер пайдасы кең талқыға түсті. Мамандар жаңа өнімді өсірудің тиімділігі зор екенін айтады. Дегенмен бұл өнімді өсіру екінің бірінің қолынан келмейтіні де сөз болды. Себебі жасымықты егуде топырақты барынша жақсы тегістеу талап етіледі. Сондықтан заманауи техникалары бар ірі шаруашылықтар ғана өсірген жөн, деді жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Қасенов. Ал мүмкіндігі жоқтарға жоламауға кеңес берілді. Әйтпесе, тапқанынан жоғалтқаны басым болады.

Басқарманың мәліметіне сүйенсек, келесі жылы облысымызда 17 мың гектарға жасымық дәнін себу жоспарлануда. Дақыл алқабын арттыруға бағытталған арнайы бағдарлама жобасы әзірленуде. Өңірімізге таңсық дақыл осыдан төрт жыл бұрын ғана егіле бастаған. Нарықтағы бағасы жоғары өнімді егудің ерекшеліктері отырыста егжей-тегжейлі түсіндірілді. Сондай-ақ аталмыш дақыл егілген алқап топырағының құнарлығы қалпына келеді екен.

- Аймағымыздың шаруалары жасымық алқабын алдағы жылы 17 мың гектарға жеткізсе, 2020 жылға қарай тағы үш мың гектар қосуға мүдделі. Келесі жылға межеленген алқапқа 1593 мың тонна тұқым қажет болады. Бұл көлем «Победа» және «Нива» қожалықтарында бар, - деді О.Дүзденбаев.

Әр ауданның ерекшелігін ескере отырып, дақылды агротехникалық нормаларға сай ексе, диқан табысқа кенеледі. Өнімнің тоннасы 280 мыңға бағаланады. Бұл өнімді өсіруде төрт жылдық тәжірибесі бар облыстық мәслихат депутаты, «Победа» ЖШС басшысы Александр Поляковтың айтуынша, жасыл жасымыққа сұраныс Еуропада жоғары болса, қызылын Үндістан, Иран, Пәкістан, Ауғанстан, Түркия, Түркіменстан, Тәжікстан елдері жиі тұтынады екен. Бірақ тұтынушыға ұсынарда өнімнің сапасына қойылатын талап та жоғары екенін ескерулері тиіс, деді А.Поляков.

Біраз уақытты жасымық жайына жіберген халық қалаулылары өңіріміздің ауыл шаруашылығы кешенін дамыту мәселесіне қайта оралды. Облыстық мәслихат депутаты Александр Касицин облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшылығынан шаруа-ларға алдағы уақытта қай бағытта алға басудың тиімділігін түсіндіруді сұрады. Келер жылдары мал және егін шаруашылықтарының қайсысына барынша мән берілетінін ауылдағы әрбір шаруа білгені жөн деген пікір білдірді. Сондықтан терең талдау жасалса деген ұсыныс айтылды. Басқарма мамандары ауыл шаруа-шылығының қос бағыты да қатар алынып жүретінін мәлімдеді. Ал облыстық мәслихат хатшысы Владимир Берковский әр ауданның ерекшелігін терең зерделеп, соған сай бағыттар айқындалса деген ұсыныс айтты. А.Поляков шаруалар кешенді жоспарда өнім өндіруден оны өткізгенге дейінгі қадамдарға көңіл бөлінгенін қалайтынын мәлім етті.

Жиында мал шаруашылығы бойынша жоспарланған жұмыстар да баяндалды. Оның ішінде «Жайлау» бағдарламасы мықтап қолға алынбақ. Яғни ұсақ мал өсіремін деушілерге қолдау көрсетіледі. Бірақ бұл бағдарламаны жүзеге асырудың тетіктері әлі пысықталуда. Депутаттар кешенді жоспарды тағы да талқыға салып, жетілдірілген нұсқасын ұсынуды сұрады.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz