Шолпан апай былай дейді:

- Аңыз – тарих, тарих – аңыз. Аты аңызға айналған Мәшһүр Жүсіп атамыз, міне, қанша уақыт өтсе де түнде аспаннан сәуле шашқан жарық Айдай әлі күнге құнын түсірген жоқ. Әдебиет, тарих, мәдениетке ұшан-теңіз мұра қалдырған қасиетті атамызға иісі қазақ – Алты Алаш бас иеміз.

Екібастұздағы орталық көшеге атаның есімі берілді, ескерткіші тұрғызылды. Ас беріліп, құран бағышталды. Айтайын дегенім, атамыздың бейнесін суретке салып, бюст, ескерткіш орнатып дегендей ізгі істер атқарылуда. Ол ұрпақ үшін керек. Дегенмен атаның бейнесін бұрмалап, басқаша жасауға қақымыз жоқ. Міне, мына суретті әдейілеп алып келдім.

Суретті көрдік. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, қасында бір ақсақал және бір жас жігіт түскен екен. Тағы бір фотосуретте әйгілі әнші Майра Уәлиқызы мен күйеуі Жармұхаммед Шорманов. Екеуі бір кітаптың бір бетіне берілсе керек. Екеуі де құнды дерек, құнды фотосурет. Мәшһүр Жүсіп атаның қасындағы кісілер кімдер?

Шолпан апай сарғайған газет қиындысын берді. «Сарыарқа самалы» газетінің 1996 жылғы 6 ақпандағы саны. Баянауыл ауданынан зейнеткер Жұмат Алтаевтың «Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің фотосуреті» деген мақаласы көзге оттай басылды. Оқырманға түсініктірек болуы үшін мақаладан дерек келтіре кетейік. Алпысыншы жылдардың соңында Баянауылға мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасы Орталық Комитеті Коммунистік партиясының бірінші хатшысы болған
(1946-1954 жж.) Жұмабай Шаяхметовтің ұлы, антрополог, атақты орыс антропологы Герасименконың шәкірті болған Ноэль Шаяхметов келіпті. Келген мақсаты – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өлгеннен кейін 10 жыл бойы денесінің шірімей сақталғаны туралы құпиясын білмек екен. Ноэль - қайтыс болған ұлы адамдардың сүйегін алып, ғылыми жолмен олардың бет-пішінін, бейнесін жасап шығарады екен. Ол - Махамбет Өтемісовтің бейнесін жасаған адам.

Мақаланың авторы Жұмат Алтаев ол кезде Баянауыл аудандық партия комитетінде қызмет етіп жүрсе керек. Н.Шаяхметовпен бірге олар сол кездегі Жаңа жол, қазіргі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ауылына келеді. Ауылдағы Жәлел, Байділдә қариялармен кездеседі. Олардан Мәшекеңнің қалай жерленгені, қалай жатқанын сұрайды. Мәлімет жинай жүріп, Ескелдідегі үй-мазардың бұзылғанына реніш білдіреді. «Жәлел ақсақалдың айтуы бойынша, - делінген мақалада. – Сол жолы өзін Мәшекеңнің жатқан қабіріне зорлап, қорқытып түсірген екен. Атаның үстінде 40 шақты ақ матадан жабылған ақырет жабудың бірсыпырасы сарғайып кеткен, соны алдық та қалғанына аяқ-қолының сүйектерін сол ақ жабудың астына қарай ығыстырдық. Бірақ жалпы денесіне тиіскеміз жоқ, ашып көруге дәтіміз шыдамады. Көрдің ішінен шығып кеттік. Үстінде тұрған милиция бастығы мен ауданнан, ауылдан келген көп уәкілдер қанша айғайлап шуласа да басқаша қоюға көнбедік. Сонымен дұрыстап бетін тақтайшамен жауып, үстіне топырақ үйдік те, қайттық. Ал қазір құдайға шүкір, әйтеуір Алматыдағы оқымысты ағайындар Досқараның Жұматы, Әбілдің Диханы тиісті орындарға барып, қайтадан әйтеуір басына бұрынғыша үйін салып, төбесін жаптық, - деді». Сол жолы Мәшһүр атаның немересі Сүйіндік Көпеевтің айтуымен Аллажар Әбдіразақов деген ақсақалдың үйіне келеді.

«Осында Әбдіразақов Аллажар деген ақсақалдың үйінде атамның фотосуреті бар. Бір көріп едім, бірақ ешкімге көрсетпейді. Мүмкін сіздерге көрсетер,-деп, сол үйге алып барды. Аллажар ақсақал да Шаяхметовтің баласы дегесін:

- Ол кісіге, әрине, көрсетемін. Әдейі арнап Мәшекеңе келгесін, - деп, сандығының түбінен фотосуретті алып шықты. Үш адамның суреті. Түрегеп тұрған Аллажар ақсақалдың Керекуде оқып жүрген жас кезі де, екі ақсақал адамның біреуі әкесі Әбдіразақ, екіншісі Мәшһүр Жүсіптің өзі. Орындыққа отырысынан байқадық. Мәшекеңнің аяғы еденге мәсісімен тиер тимес те, Әбдіразақтың аяғында саптама етік, тізесі толық бүгіліп, аяғымен еденде нық отыр екен. Соған қарағанда Мәшекең орта бойлыдан төмен бе деп қалдық. Ноэль Шаяхметов ол кісіге:

- Ақсақал, мұны неге жарыққа шығармай, қараңғы жерге сақтап отырсыз, - деді. Аллажар ақсақал қорқатынын айтты.

- Ештеңе етпейді, қорықпаңыз. Ондай суреттер барлық мұсылман халқында сақталған, діни ғұрып-тыққа ешбір бөгеті жоқ, - деді.

Міне, осы күндері әрбір үйдің төріндегі Мәшекеңнің фотосуреті осылай жарық көріпті. Суретке түсірген фотограф Багаев Аллажар әкесіне айтып, Мәшекеңді көндірген көрінеді. Өйткені Мәшекеңнің суретке түсуге зауқы жоқ еді. «Баланың көңілін қалдырма, меселін қайтарма, әдейі арнап әкеліп жүр мына фотографты,- дегесін Мәшекең суретке түскен екен».

Жұмат Алтаевтың жазбасы осы. Бірақ газеттегі мақалада фотосурет жайлы айтылғанымен, суретті жарияламаған екен. Міне, осы суреттегі адамдардың кім екендігі мақаладан белгілі болды.

Шолпан апай Мәшһүр Жүсіп атамыз жайлы сонау бала кезінен естіген-білгендерін көңіліне түйіп, реті келгенде оқушылар мен ата-аналарға айтып, тәрбие сағаттарын жүргізіп, біраз игі істер атқарыпты. Ана жылы атаның кесенесі көтерілгенде жиналған ақшаны С.Торайғыров ауылының имамы Сансызбай Қимашев, ауыл ақсақалдарымен бірге Мәшһүр Жүсіп қорына аударыпты. Кесенені тұрғызуға атсалысқаны үшін сол кездегі облыс әкімі Қ.Нұрпейісовтің Алғыс хатымен марапатталған екен. Шолпан Әбілғазықызы сонымен қатар, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Қамар Қасымов жайлы да деректер жинастырып жүрген көрінеді. «Олардың көзін көрген үлкендер дүниеден көшті. Олардан біз естіп қалдық. Білгенімізді кейінгі ұрпаққа айту - парыз», - дейді ол әңгіме арасында.

Жоғарыда айтылған кітаптың бір парағындағы Майра Уәлиқызының суреті туралы ол былай дейді:

- 1989 жылы Қаныш Сәтбаевтың 90 жылдығына орай үлкен мереке-той болды. Баянауылдың әр ауылы сахналық көрініс көрсетуге міндеттелді. Торайғыр ауылы Майра Шамсутдинованы көрсетуіміз керек екен. Сонда қызым Бағдат Әйтімова Майра апамыздың жас кезіндегісін бейнеледі. Алматыдан арнайы келген адамдар сол тойдан деректі фильм түсірді. Дайындықты солар жүргізді. Бағдатты киіндіріп, қолына сырнай ұстатып, ән айтып тұрғандай етіп түсірді. Міне, мына киіз үй ішінде отырған Майра-Бағдат сонда түсірілген, - деп ақ-қара фотосуретті көрсетті. Маман фотограф түсірмегендіктен фотосурет анық емес екен. – Сол жолы Майра жайлы көп мәлімет іздестірдік, киген киімі, өмірі, шығармашылығы жайлы деректер жинастырдық. Сонда осы кітап қолыма түсіп, екі суретті де қиып алған едім», - дейді. Шолпанның атасы Жақып - Мәшһүр Жүсіп атамен замандас, пікірлес, үзеңгілес жолдас болса керек.

- Атам марқұм 1884 жылы туған. Пірәдар адам болған. Әзірет Сұлтанға үш рет барған екен. Қоныстары қазіргі Жаяу Мұса ауылына қарасты Мұрынтал ауылынан 3-4 шақырым жердегі Қарағайлы бұлақ екен. Ол жерде Қаз дауысты Қазыбек бабаның сөре тасы бар. Мәшекеңдей жақсылар жүрген жерде жамандық бола ма, аузы дуалы сол қариялар дүниеден өткенше жақсылық, шарапат жайлы сөз етіскен. Ол кезде әкем Әбілғазы - 15-тегі балаң жігіт, әкесімен еріп жүріп, талай әңгіме-аңыз естіген. Кейін оны бізге әңгімелеп отыратын. «Осы Баянауылдағы соңғы әулие – Мәшекең. Соны бағалап, пір тұтып жүріңдер» деуші еді.

Шолпан Әбілғазықызы тағы бір дерек айтты. Ол былай: қазіргі Жаяу Мұса ауылы деп аталатын ауыл атауы бұған дейін 4 рет өзгерді. О баста Қарақабақ (ол жерге қар түспейтін болған соң солай атаса керек), одан кейін Төртінші ауыл (бұл – колхоздастыру жылдары), сосын Жаңатілек деп, мұндағы орта мектеп те солай аталса керек. Кейін ол мектепке Кеңес Одағының Батыры, сол жердің тумасы, соғыстан қайтпай қалған Бақыт Қайдаровтың есімі берілді. Жаңатілек кейін Октябрьдің 40 жылдығы, сосын Жаяу Мұса атындағы ауыл деп аталды.

- Сол ауылдың сыртында Айдос деген үлкен өзен ағып жатыр, - дейді апай. - Сол өзеннің бойында да ауыл болған. Мәшекең сол ауылда медреседе бала оқытқан екен. Сол маңайдағы игі жақсылармен аралас-құралас болып, әңгіме-дүкен құрған. Жаяу Мұса ауылынан әрі Мұрынтал деген ауыл бар. Сол ауылда да Мәшекең заманында медресе, мешіт болған. Әкем Әбілғазыны атам Жақып осы медресеге оқуға берген. Сонда Әбілғазы ата қоныстары Қарағайлыдан Мұрынталға дейін 3-4 шақырым жер жаяу келіп оқыған. Бұл аймақ Далба округі деп аталған да, сол кезде Шоң би басқарған. Қарағанды облысына қарасты Ботақара деген жер де о кезде осы Далба округіне қараған. Қазір Қарағанды облысы мен екі ортаны бөліп тұрған Ақбел деген асу бар...

Міне, Шолпан апай айтқан дерек осындай. Тарихи тұлғалар жайлы деректер жинап, жанашырлық танытып, көрген-білгендерін газет арқылы көпшілікпен бөліскен оқырманымыз Шолпан Жақыповаға ризашылық білді-реміз.

Сая Молдайып

saryarka-samaly.kz