Еуразияның ен даласын жайлаған түркі халықтарының адамзаттың мәдениеті мен руханиятына қосқан үлесі зор. Жұмыр жерде басқа халықтармен тығыз байланыста өмір сүрген бабаларымыз өзгелермен араласа жүріп, түрлі мәдени-тілдік қарым-қатынасқа түсті. Бабадан қалған асыл мұраның бірі – тоғызқұмалақ ойыны бүгінде әлемдегі зияткерлік ойындардың көшін бастап тұрғаны мәлім. Жыл сайын ел ішіндегі жарыстарды былай қойып, әлемнің түрлі елдерінде жаһандық біріншіліктер өткізу жолға қойылды. Қазір төл ойынымызды дүниенің төрт бұрышындағы мемлекет-тердің барлығы танып қана қоймай, оны ойнауды меңгеруде. Адамның ой-санасын дамытып, логикалық тұрғыдан өсуге жетелейтін ұлттық спортымызды шетелдің спорттанушы ғалымдары әлдеқашан мойындап, оған жоғары дәрежеде баға беруінің өзі тоғызқұмалақтың келешегінің зор екенін байқатса керек.

Төл ойынның тәуелсіздіктен соң еліміздегі, өңіріміздегі даму кезеңіне көз жүгіртсек, «Сарыарқа самалы» өткізетін турнирдің ойыншылар үшін бәсі биік бәсекенің біріне айналғанын байқаймыз. Себебі 2008 жылы алғаш рет ұйымдастырылған додаға қатысушылар саны жыл санап көбеймесе, азайған емес. Соңғы жылдарғы жарыстарға өңірлерден кемі 200-220 адамнан келетін болып жүр. Осының өзі тоғызқұмалақты көпшілік бұқара арасында кеңінен танытып, насихаттау, жасөспірімдердің шеберлігін жетілдіру секілді редакция алға қойған игі мақсаттардың біртіндеп орындалып жатқанын білдіреді.

Биыл - мерейтойлық Х турнир. Осы уақытқа дейін өткен жарыстар аясында қаншама жасөспірім томағасын сыпырып, үлкен бәсекелерге жолдама алды. Турнирлер нәтижесінде жүздеген жас тоғызқұмалақшы спорттық дәрежелерге ие болып, бапкерлер қаншама жас таланттарды айқындады. Осыған қарағанда бүгінде «Сарыарқа самалы» газетінің жүлдесіне өткізілетін дода республикалық ауқымдағы деңгейге шығуға әбден лайықты. Өз міндетін адал атқарған жоба-жарыс ендігісін өңір ішінде ғана емес, Қазақстан бойынша жаңа чемпиондардың танылуына жол ашады. Жарысқа қатысушылардың көптігіне орай бұл бәсекеде мықтыларды сұрыптау әділ әрі тартысты өтеді. Соған орай оған келуге ниет танытатындардың қарасы бұрынғыдан да мол болады деген сенім зор.

Атап өтелік, биылғы жарысқа ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру Комитеті, Республикалық тоғызқұмалақ федерациясы, облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасы, Павлодар қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімі қолдау білдіріп отыр. Сондай-ақ турнирдің жүлде қорына демеуші болуға талпынып отырған мекемелер мен атқарушы билік органдары, қоғамдық ұйымдар барын айтып өткен абзал.

«Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек» – деп ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткендей, атадан балаға мирас боп, бүгінге жеткен мәдени құндылығымыздың бір бөлшегі, ұлттық ойынымыз тоғызқұма-лақты бүгінгі тарих бетінен өшірмей, келер өскелең ұрпаққа жеткізу - біздің басты парызымыз. Олай болса, ұлттық ойынды тек қана ұлықтап, болашақта олимпиада ойындарының қатарынан көрейік.

 

Турнир жекелей есепте ұлдар мен қыздар арасында рапид түрінен швейцар жүйесі бойынша өткізіледі.

Ұлдар мен қыздар арасында жарыс 4 топ бойынша өтеді:
9 жасқа дейінгі;
11 жасқа дейінгі;
13 жасқа дейінгі;
16 жастан жоғары (ересектер) ұлдар мен қыздар арасында.

Турнирге әр облыстан, Астана мен Алматы қалаларынан спортшылар қатыстырылады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы сыйлықтармен марапатталады.

 

Мұрат АЯҒАНОВ

saryarka-samaly.kz