Майдангер Журналист

Кәрмұқан ағаны осылай атауға әбден болады. Жиырмадан жаңа ғана асқанда ол КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1939 жылы күзде жарық көрген Жарлығына сәйкес, Жұмысшы-шаруа қызыл әскерінің қатарына міндетті әскери қызметке шақырылады.

Қазіргі Санкт-Петербургтің түбіндегі Выборг қаласы маңында жауынгерлік әзірліктен өткен Кәрекең, көп ұзамай фин соғысына тап болды. Выборгты өз аумағынан атқылап, мазалап тұрған фин соғысқұмарлары Қызыл әскермен жекпе-жекке әзірленген сияқты. Патша заманынан қалған кекшілдігі бар көрші жұрт шекарадағы жанжалдың соңы не болатынын түсінбеген шығар. Маннергейм жалын жасап, мықты бекініске сенген болар, келсең кел дегендей, кеңестің шала-пұла дайындалған әскерлерін дәл осы арада талқанын шығармақ болса керек. Маннергейм бекінісіне әбден сенген финдер қардың қалың түскенін, сақылдаған аяз-суықтың белең алғанын пайдаланып, қалың орман ағаштарының басын атыс ұяларына айналдырыпты. Қалың нөпірмен лап қойған кеңес әскерлерін Маннергейм бекінісінен, тұтқиылдан тап беріп, ағаш басынан оқ жаудырып, тоқтатып тастап, қыруар шығынға ұшыратты, кеңестің танктері қалың қардан шыға алмады, фин артиллериясының нысанына айналды. Быт-шыты шықты, жаяу әскерлер де қарға малтығып, ілгері баса алмай, ағаш басындағы атыс нүктелерінен соққы жеді. Ақыры ұрыс тоқтады. Кеңес әскерлері кейін шегініп, Маннергейм бекінісін басып алуға жаттықты. Тарихқа «ең қысқа мерзімді соғыс» болып енген фин-кеңес шайқасы 1940 жылдың басында кеңес жағының жеңісімен аяқталып, Финляндия бітім жасауға мәжбүр болды. Қаншама қарулас достарынан айырылған Төртқұдықтың тумасы Кәрмұқан Бекбергенов қызмет ететін дивизия Выборгқа қайта оралды. Жерлес ағамыз Отан алдындағы азаматтық борышын осында орындап жатты. Елге көп ұзамай ораламыз деген үмітпен жүрген Кәрекең Ұлы Отан соғысына ілікті. Төрт жылдан аса үстіндегі әскери киімін тастамай, қаруын асынып, батыс-тан келген жаумен шайқасты. Ленинград шайқасы, жау қоршауының ішінде оны қорғау, дұшпан құрсауын бұзу, «Өмір өзені» атанған Ладога көлінің үстімен жүргізілген «көпірді» қорғау, дұшпан шабуылынан сақтану шайқастары майдангер ағамыздың жадында мәңгі сақталып қалды. Ақыры жау Ленинградтан әрі қуылды. Дұшпан құрсауы тас-талқан болды. Ленинградта қоршауда қалған кеңес адамдарына Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім» деген үндеу-жырын Кәрмұқан аға осында естіді. Мұны елге оралған соң өзі жыр қылып айтып жүрді.

Елге офицер шенінде, капитан болып оралған Кәрекең көп ұзамай Алматыға, Жоғары партия мектебіне түсті. Осында Қиыр Шығыста империалистік Жапонияға қарсы соғысқа қатысқан, Семей қаласының тумасы, майданға еріктілер қатарында аттанған, Қазақ мемлекеттік қыздар институтының студенті Қантай Елубаеваға кездесті. Сөйтіп олар Павлодарға жұп болып келді. Кәрмұқан - офицер, Жоғары партия мектебінің журналистика бөлімін, майдангер Қантай тарих факультетін бітірді. Кәрекең облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетіне, Қантай ұстаз Павлодар педагогикалық училищесіне барды. Кәрмұқан ағаның журналистік қызметі басталды. Оның ақындығы, әдебиетке бейімділігі де болды. Ол дүние салғаннан кейін марқұмның құдасы болған ақын, жазушы Қабдыкәрім Ыдырысов Кәріағаның өлеңдерін жинап, ол туралы кітапқа енгізген-ді.

Кәраға «Қызыл туда» ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болды. Журналистік қабілетін, дарынын осы бағытта көрсетті. Майдангер, ақын әрі жергілікті тілші болған Нәжімиден Қазантаев (Май ауданының тумасы), жоғары білімді философ Төлеубай Төлеубеков, журналист Әділбек Жұмаділденов, Көкеш Әміржанов, Қытайдан оралған қандас Мағаз Бірімжанов (мұны редактор Омарғали Құдышев Қытайдан біледі екен, әдебиетші, сауатты тілшіні Кәрағаның қарауына берген) - Кәрмұқанның тәрбиесі - үлгісінен өткен.

1963 жылы сәуірдің ортасында облыстық газет жабылғанда К.Бекбергенов республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі болып, 1966 жылы қаңтарда қайта ашылған «Қызыл туға» редактордың орынбасары болып орналасты, бұл қызметін дүние салғанша атқарды. Редакцияның бастауыш партия ұйымының жетекшілігінде ұзақ болды.

Тірі болса Кәрмұқан ағамыз биыл күзде 100 жасқа келер еді, - деп сағына іздеп отырмыз. Сұм ажалдың арамыздан алып кеткеніне қанша жыл болды, бірақ біз, ардагер ағаның ізбасарлары, оны ұмытқан жоқпыз.

 

Төлеубек ҚОҢЫР, ҚР Құрметті журналисі, Астана.

saryarka-samaly.kz