Розовка ауылындағы мәдениет үйінің іргетасы 1960 жылы қаланған еді. Сол уақыттан бері мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Ал биыл облыстық бюджет есебінен іші де, сырты да толықтай жаңартылды. 350 орындық залдың сахнасы кеңейтіліп, ғимараттың төбесі мен едені, есік-терезелері, жарықтандыру жүйесі ауыстырылды. Бір сөзбен айтқанда, мәдениет орны адам танымастай өзгерді. Бұған дейін мұнда келгендер Кеңес дәуіріне енгендей болса, бүгінгі күні барлығы заманауи талаптарға сай жасалған. Бұл мақсатқа мемлекеттік қазынадан 18 млн. 805 мың теңге жұмсалды.

- Шыны керек, осы уақытқа дейін мәдениет үйі көненің қалдығындай көрінетін. Тіпті, жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған ғимарат адам өміріне қауіп тудырды десе де болады. Мамандар бірінші қабаттағы бағандар өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келмейді деген қорытынды шығарған-ды. Осы және өзге де жағдайларда ескертулерді жауапсыз қалдырмай, күрделі жөндеуді қолға алдық. Қысқа уақыт аралығында мәдениет үйінің екі қабаты да жаңа кейіпке енді. Бұл біздің өнімді жұмыс істеуімізге оң әсер етеді, - дейді мәдениет үйі директорының міндетін атқарушы Тағанбай Өтілов.

Мұнда мектеп оқушыларының, ауыл жастарының ұйымдастыруымен түрлі әдеби, мәдени шаралар ұйымдастырылады. Вокал, театр және хореография үйірмелері бар. Өнерпаздар жергілікті тұрғындар назарына концерттер ұсынып қана қоймай, облыстың өзге аудандарын да аралайды. Талай өнер додаларында бақ сынап жүр. Тағанбай Өтіловтің айтуынша, шығармашылықты шыңдауға қажет құрал-жабдық, сахналық киімдер жеткілікті. Білікті кадрмен қамтуда мәселе жоқ. Жоғарыда аталған үйірмелерді креативті жастар жүргізеді.

Айта кетелік, мәдениет үйі жөндеуден өткен соң ауылдық кітапхана осы ғимаратқа көшірілді. Енді мұнда ән салып, би билеп қана қоймай, бос уақытта кітап оқуға да мүмкіндік бар. Ол үшін оқу залы да қарастырылған. Рождественка ауылының әкімі Оралбек Көпенов кітап қоры үнемі жаңартылатынын тілге тиек етті.

Оқушылардың, ауыл тұрғын-дарының мәдениетке ғана емес, спортқа қызығушылығының да жоғары болуы маңызды. Мұны ескерген жергілікті «Киров» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауыл тұрғындарына жасанды жабындысы бар спорт алаңын сыйға тартты. Бұған дейін тақыр жерде доп қуалап жүрген жеткіншектер енді жасыл алаңда өзара мықтыны анықтайтын болды. Дене шынықтыру сабағы да мектеп іргесіндегі алаңда өтеді.

- Осы ауылда еңбек етіп, кәсіптен нәсіп көріп отырғандықтан, ауылдықтардың жағдайын жасау парыз деп санаймыз. Сондықтан тұрғындармен жүздесіп, олардың ұсыныстары мен тілектерін білдік. Басым бөлігі спорт алаңының қажеттілігін айтты. Сөйтіп, 7 млн. 609 мың теңгеге құрылыс жұмыстарын жүргізіп, нысан пайдалануға берілді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауылымызда осындай жоба сәтті жүзеге асқанына қуаныштымыз. Алдағы уақытта спортты серік еткен өрендер қатары арта түседі деген сенім мол, - дейді «Киров» ЖШС директоры Амандос Құсанов.

Розовка орта мектебінің дене шынықтыру әдіскері Рашид Галеевтің айтуынша, кәсіпорынның мұндай сыйы шәкірттер тарапынан спортқа қызығушылығын арттыра түсті. Тіпті, мектеп лигасы құрылып, оқушылар жасыл алаңда кім мықты екенін анықтауда.

- Спорттық жаттығулар, секциялар осы алаңда ұйымдастырылады. Оқушылар кіші және жоғары топтарға бөлініп, футболдан мектепішілік лига құрылды. Жақын күндері бірінші айналымның соңғы ойындары өтеді. Осы орайда қыздардың тарапынан футболға ерекше қызығушылық барын атап өткім келеді. Олар да ұлдардан еш қалыспай, жеке лигада ойнап жүр. Осылайша, «Киров» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тартуы оқушыларға жаңа серпін берді. Сонымен қатар аталмыш қожалықтың қаржылай қолдау көрсетуімен үлкен және шағын футбол ойыншылары үшін арнайы спорттық киімдер сатып алынды,
- дейді Р. Галеев.

Дәл осы футбол алаңының жанынан хоккей кортын салу жоспарланып отыр. Жергілікті кәсіпкерлер бұл нысанды қаржыландыруға да құлық танытыпты. Демек, келесі жылы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында тағы бір спорт алаңы ел игілігіне берілуі мүмкін. Сол кезде жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстары да жүргізілмек.

Айта кетелік, Розовка ауылындағы «Киров» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауылдың өркендеуіне айтарлықтай үлес қосып келеді.

- Былтыр жергілікті әкімдік пен «Киров» ЖШС арасында 750 млн. теңгеге меморандум жасалған болатын. Соның негізінде аталмыш серіктестік мектепті етпен, картоппен қамтып отыр. Оған қоса, қар тазалау кезінде қолғабыс етеді. Қаржылай қолдау көрсетуі тағы бар.

Ал ауылдық округке қарасты Рождественка ауылының дамуына «Зерноград» жауапкершілігі шектеулі серістестігі көмектеседі. Ел ішіндегі осы іспетті мәселелердің шешілуіне атсалысатын ауылқұраушы кәсіпорындардың басшылығына алғыс айтамыз, - дейді ауыл әкімі О.Көпенов.

Ауылдарда жиі кездесетін мәселе жол екені белгілі. Розовкада бұл бағытта да біраз жұмыс атқарылған. Мәселен, биыл орталық көшенің 1600 метрін жөндеу үшін жергілікті бюджеттен 14 млн. 148 мың теңге бөлінді. Нәтижесінде
1990-жылдардан бастап күрделі жөндеу жүргізілмеген, ойлы-шұңқырлы жері көп жол тақтайтай тегіс болып шықты. Ендігі кезекте Киров, Октябрь көшелерінің жолын қалпына келтіру жоспарланған. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттар әзір.

Осылайша, ауылдағы өзекті мәселелер рет-ретімен шешімін тауып келеді. Алға белгіленген міндет-меже де көп. Ауыл әкімдігі, кәсіпкерлер мен тұрғындар бірлесіп, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара алса», түйіні тарқамайтын мәселе қалмауы тиіс.

Айқарманы әзірлеген - Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА,
Суреттерді түсірген - Дархан ӨМІРЗАҚОВ, Павлодар ауданы.

saryarka-samaly.kz