Шығыстан шыққан

Жасымық пайдалы емдік қасиеттерімен белгілі. Алайда жасымық біздің елімізде үлкен танымалдыққа ие емес, біз оны күнделікті ас мәзірімізге қоспаймыз. Мүмкін сіз де оның пайдалы қасиеттерін білмейтін боларсыз?

Жалпы, бұршақ тұқымдасына жататын жасымықтың онға жуық түрі бар көрінеді. Қазақстанда танымалы – қызыл және жасыл түрлері. Шығыстан шыққан бұл азық түрі – әсіресе, түрік және араб елдерінің сүйікті асы.

Бұған дейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер елімізде жасымықтың болашағы зор, сондықтан оны егушілерді министрлік тарапынан қолдау көзделіп отырғанын айтқан еді. Демек, жасымық шаруашылығын дамытуға бет бұратын кәсіпкерлердің қатары артады.

Арабтар сатып алмақ

Қазір қазақтың ауылшаруашылық өнімдерін шекара асырып, пайда табу аса өзекті мәселе болып тұр. Бұл ретте, шетелде дәнді дақылдарға – бұршақ, әсіресе, бұршақтұқымдас жасымыққа сұраныс зор екенін атап өткен жөн. Жасыл жасымыққа сұраныс Еуропада жоғары болса, қызылын Үндістан, Иран, Пәкістан, Ауғанстан, Түркия, Түркіменстан, Тәжікстан елдері жиі тұтынады екен. Мысалы, жасымықтың Үндістанға БАӘ арқылы Канада елінен жылына 2 млн. тонна көлемінде жеткізілетіні біраз кәсіпкерге ой салары анық. Ал дәл сол Канадаға жасымық өнімі бірнеше жыл бұрын мүлде бейтаныс болған. Дүние жүзіндегі зор сұранысты тез аңғарған ол жақтың еті тірі кәсіпкерлері маңызды бағытты қолға алып, қазір көшбасшылық орынға шығыпты. Енді экономикасы гүлденген Араб әмірліктері қазақтың жасымығын шағын мөлшерде сараптамаға жіберуді өтініп отырған көрінеді.

Қазақстанның астық биржасында да «жасымықты шектелмеген көлемде сатып аламын» деген сұранысқа кезігесіз. Мұнда экспорттаушылар бұл астық түрін сапасына, санына, қай өңірде өндірілгеніне қарай әр тоннасын 160-238 мың теңгеге дейін сатып алуға әзір. Ауылшаруашылық министрлігінің өкілдері жасымықты арабтардың «есепсіз көлемде» тасуға қызығушылық білдіріп отырғанын айтады. Алайда оларға жеткенше, жасымық бағасы тым қымбаттап кетеді. Тасымал жайы жасымық экспортының өркен жаюына кедергі болып отыр. Қазір, атап өткендей, бұл салада әлемде Канада бірінші орында тұр. Олар жыл сайын 2 миллион гектарға дейін себеді.

Министрліктің мәліметінше, жасымықтың пайдалы екенін түсінген ауыл шаруашылығы өндірушілері оның егістігін өз беттерімен арттыруда. Мысалы, Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, келесі жылы облысымызда 17 мың гектарға жасымық дәнін себу жоспарлануда. Дақыл алқабын арттыруға бағытталған арнайы бағдарлама жобасы әзірленуде. Өңірімізге таңсық дақыл осыдан төрт жыл бұрын ғана егіле бастаған.

Жалпы, қазақ даласында жасымықтың ерте пісетінін атап өткен жөн.

Қатерлі ісіктен қорғайды

Жасымық бұршағының құрамында бізге күш пен энергия беретін көмірсулар көп болады. Соның арқасында жасымықтан жасалған тағамдар өте тойымды. Онда ағзамызға қажетті ақуыздар өте көп. Жасымықтың 60 пайызы осы ақуыздардан тұрады. Сол себепті ол ет сияқты ақуызы мол тағамға балама бола алады. Сонымен қатар жасымық тез қорытылып, адам ағзасына жеңіл сіңеді.

Ғалымдардың сөзіне сүйенсек, жасымық бұршағы әйел денсаулығына өте қажетті темірге де бай. Одан жасалған ботқада адамға бір күнде қажетті фоли қышқылының 90 пайызы бар. Сонымен қатар аталған өнім басқа да макро және микроэлементтерге, оның ішінде: мырыш, марганец, селен, йод, фтор, фосфорға бай. Жасымықта А, Е, РР және В тобының дәрумендері кездеседі. Осының арқасында ол қызыл қан түйіршіктерінің өндірілуіне себепші болады және жүйке жүйесінің жұмысын реттейді. Ас қорыту жүйесін тазартады және холестерин мен глюкозаның деңгейін төмендетеді.

Жоғарыда атап өткен фоли қышқылының жасымықта көп болуы құрсақтағы нәрестенің дұрыс қалыптасуына септігін тигізеді, дейді мамандар. Ол – мықты антиоксидант. Оның құрамындағы «изофлавон» атты заттар қатерлі ісік сынды өте ауыр дерттердің алдын ала алады. Бұл бұршақтың түріндегі өзектің молдығы ас қорыту жүйесіне көмектесіп, асқазан мен ішекте болатын аурулардың алдын алады. Атап өткен дәрумендер мен минералдар жалпы иммунитетті нығайтып, денсаулыққа жақсы әсерін береді.

Жасымық жүрек-қан тамыр жүйесімен қиындықтары бар, диабетке шалдыққандарға да пайдалы: оның кейбір қасиеттері қандағы қант мөлшерін азайта алады екен. Ал жасымық ұнын косметология саласында теріні емдеу үшін қолданады.

Дайындау әдісі

Аспаздар кез келген бұршақ сияқты жасымықты да дайындамас бұрын тазалап, жуып алуға кеңес береді. Жасымықты үрмебұршақ сияқты алдын ала суға бұқтырып қоюдың қажеті жоқ, ол онсыз да тез жұмсарады. Жасымық бұршағын суда пісіріп, артынан тұздау керек. Жасымықтың түрлері көп. Олардың түстері, дәмі, дайындалу ерекшеліктері де түрлі. Мысалы, қоңыр, жасыл жасымықтың жаңғақ дәмі болады әрі ол пісіргенде өз пішінін жақсы сақтайды. Қызыл жасымық піскенде ұсақтанып кететіндіктен одан езбе-көжелер жасаған дұрыс. Сары жасымық өте тез піседі, ал қара жасымыққа дәмдеуіштер қоспасаңыз да болады, себебі оның дәмі онсыз да жақсы сезіледі.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz