Бозымбаевтың болжамы

Қолда бар және шетелден жеткізілетін бензин көлеміне қарап, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев алдағы уақытқа болжам жасады.

- Ресей бензині қазақстандық өнімнен қымбатырақ. Бағасы Қазақстан бойынша 171 теңге болуы мүмкін. Сондықтан біз импортқа пропорционалды көлемде бензин жөнелтіп тұру жөнінде ірі желілік компаниялармен келісімге келдік. Осылайша олар бағаны түзетеді. Қазан айының соңында және қарашаның басында бензин литрінің орташа бағасы 160-161 теңгені құрайды деп есептейміз, - деді Қанат Бозымбаев.

Министр бағаның шарықтауын көрші елден импорттық өнім әкелу қажеттілігімен байланыстырып, мәселенің мәнін тағы бір мәрте түсіндірді. «Баға жоғары, онсыз Қазақстанға жанармай жеткізе алмаймыз. Қазан айында ресейлік бензиннің үлесі 40 пайызға жуық. Қарашада 30 пайызға, ал желтоқсанда 20 пайызға дейін түседі деп болжап отырмыз», - деді министр.

Қ.Бозымбаев алдағы уақытта бензин тапшылығы болмайды деп сендірді. Өйткені Атырау және Шымкент мұнай өңдеу зауыттары және «Конденсат» АҚ
170 мың тонна АИ-92 маркалы бензин өндірмек. Оған қоса, қазақстандық ірі компаниялар ресейлік мұнай кәсіпорындарымен 100 мың тоннадан астам жанармай көлеміне келісім жасаған.

Іркілмеді, есесіне...

Импорттық өнімді елімізге жеткізушілердің бірі «Газпромнефть» ЖШС-нің өкілі Виталий Чашкиннің айтуынша, бұл фирмада жанармай тапшылығы мүлдем болмаған. Тұтынушыларға өнімді ешбір шектеусіз әрі талонсыз сатқан. Тіпті, қарбалас кезінде табысқа кенелгенге ұқсайды. Олай дейтініміз, Павлодар мұнай өңдеу зауытының жөндеуге жабылуынан Омбы бензинінің өңірімізде сатылымы 50 пайызға артыпты.

- Қазақстанның жанармай нары-ғындағы жағдайға байланысты біз қазақстандық жүргізушілерге мұнай өнімін іркіліссіз жеткізуге күш салдық. Қазақстандағы біздің 72 жанармай құю бекеттерімізде жанармайдың барлық түрі шектеусіз сатылуда, - дейді В.Чашкин.

Бұл серіктестіктің Павлодар қаласында екі бекеті бар. Мұнда жанармай көлемі де арттырылған, баға да өсіріліпті. Жанармайдың барлық түрінің құны орта есеппен 15-16 теңгеге артқан. Кәсіпорын өкілі бағаның өсуін нарық заңы деп қысқа қайырды.

Тапшылық бола ма?

Енді өңіріміздегі жағдайға ойыссақ. Облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасы басшысының орынбасары Асхат Жармағамбетовтің мәліметіне сүйенсек, 17 қазан күнгі облыстағы жанар-жағармай қоры 10 мың тоннадан асады. Оның 3802 тоннасы - сұранысы жоғары АИ-92 маркалы бензин. Бұл қор 9-10 күнге жетеді, дейді басқармадағылар.

А.Жармағамбетов 11 қазаннан бастап Ресейден өңірімізге 1288 тонна бензин жеткізілгенін айтты. Әлі де үздіксіз әкелінуде.

- Оған қоса, Астанадағы құзырлы органдармен сөйлесіп, жуырда Шымкент мұнай өңдеу зауытынан аймағымызға жанармай жеткізу келісілді. Нақтысы, жуырда Павлодар қаласына 324 тонна, ал Екібастұзға 317 тонна бензин әкелінеді. Атырау зауытына да сұраныс жолдадық, - дейді А.Жармағамбетов.

Құзырлы басқарманың өкілі сырттан келетін отынның құны арзан болмайтынын жасырмайды. Бұл - нарық талабы әрі министрлік рұқсат беріп отыр, дейді. Әйтпесе, жанармай тапшылығы орын алуы ғажап емес. Мамандардың сөзіне сенсек, Павлодар мұнай өңдеу зауыты 26 қазанда жоспарлы жөндеуден шығарылады. Алайда аталмыш кәсіпорынның өнімі тек қараша айының ортасына қарай ішкі нарықта сатыла бастайды.

- Облысымыздың қалаларында жанармай тапшылығы болмайды. Себебі күнделікті мониторинг жасалып, жеткізушілермен келісім жүргізілуде. Бір айта кетерлігі, орталығында ірі жанармай құю бекеттерінің бөлімшелері жоқ аудандарда тапшылық тіркелуі мүмкін. Бірақ аудандағы жауапты азаматтар күн сайын хабарласып, қордың қанша қалғанын айтып, мәселені шешуге өтініш білдіреді. Біз сол ауданға бензин тауып беру жағын ойластырамыз. Жағдай тұрақты бақылауымызда, - дейді Асхат Баймұханұлы.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz