Мамандар бұл мәселе алдағы уақытта өз шешімін табады деп сендіріп отыр. Өйткені елімізде адвокаттық қызмет және заңдық көмек туралы заң жобасы қабылданады. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық әділет департаментінің басшысы Ернар Сейдімбек кеңінен баяндады.

Айтуынша, адвокаттардың аздығына бұл мәртебеге ие болу жолының ауырлығы кедергі келтіруде. Яғни, үміткер алты қадамнан өтуі тиіс. Тарқата айтсақ, Қазақстанда адвокат атану үшін алдымен жоғары білім болу шарт. Одан кейін дипломы бар азамат 6 айдан 1 жылға дейін тәжірибеден өтеді. Тәжірибеден өту үшін жылына 180-280 мың теңге шамасында ақы төлейді. Үшінші қадам жасау үшін үміткер әділет органдарында аттестация тапсырады. Одан кейін Әділет министрлігінен лицензия алады. Бесіншісінде кандидаттар адвокаттар алқасына өту үшін 800 мың теңгеге дейін жарна төлейді. Біздің облыста мұндай жарна мөлшері – 200 айлық есептік көрсеткіш шамасында. Ернар Ақселеуұлы дәл осы «ұзақ» жол әрі 1 миллиондай теңге қорғаушылық қызметке баруға тұсау болып отыр, дейді. Енді қабылданатын заң жобасында бұл жарналарды алып тастау көзделіп отыр.

- Адвокаттардың тапшылығы бүгінде өзекті. Елімізде төрт жылда небары
300 азамат адвокаттар қатарына қосылған. Қызмет көрсетушілер қатары аз болған соң олардың сұрайтын ақысы да жоғары. Енді заң жобасында адвокаттық қызметті жетілдіру, олардың қатарын арттыру көзделіп отыр. Саны көбейген соң бәсекелестік артады. Қорғаушылардың қолақысы да төмендейді. Әрқайсысы кәсіби біліктілігін жетілдіруге күш салады. Сәйкесінше, қызмет қолжетімді әрі сапалы болады, - дейді Е.Сейдімбек.

Сонымен қатар, заң жобасында адвокаттардың жауапкершілігін арттыру жоспарланған. Мәселен, қорғаушы өз клиентінің құжаттарын рәсімдеуде қателік жіберсе, процессуалдық мерзімді өткізіп алса, клиенттің құжатын жоғалтса және қорғалушысына зиян келтіретіндей өзге де ағаттықтарға жол берсе, оған тиісінше жауап береді.

Ал беделін арттыруды көздеген адвокат «Pro bono» атты жүйеге қатысуы тиіс. Яғни, қоғамның әлеуметтік әлжуаз топтарының ісін ақысыз негізде жүргізеді. Осылайша, қоғамда ол абырой жинайды. Бұл ретте жылына белгілі бір сағат көлемінде уақыт бөлу көзделген. Осы жүйемен жұмыс істеген қорғаушыларға бірқатар жеңілдіктер қарастырылмақ. Мемлекет тарапынан кепілді заңдық көмек көрсетуге қатысуға құқығы басым болады.

Айтпақшы, адвокаттар алқасы төрағасының бір орында табанды отыруына бұдан былай шектеу қойылмақ. Қазіргі таңда елімізде төрағалардың тұрақты қызмет етуінің уақыты орта есеппен 17,3 жылды құраған. Кей облыс-тарда тіпті жиырма жылдап төрағалық етіп отырғандар бар. Енді заң жобасында төрағаны төрт жылда бір рет ауыстырып тұру межеленген.

- Қазақстанда соңғы 2,5 жылда адвокаттардың әрекеттеріне қатысты қорғалушыларынан 500-ге тарта шағым түскен. Оның 109-ы бойынша қорғаушылар жауапқа тартылған. Ал Павлодар облысында осы уақыт аралығында 15 арыз түскен. Тәжірибелер аумақтық алқаларда адвокаттарды тәртіптік жауапкершілікке тартпайтынын көрсетуде. Сондықтан заң жобасында қорғаушылардың қарекетіне қатысты арыз-шағымдар, тәртіптік әрекеттер және жазаға тарту республикалық алқаның құзыретін арттыру көзделеді. Республикалық алқа аумақтағылардың жұмысын бақылауда ұстайтын болады, - дейді А.Сейдімбек.

Сонымен қатар алқалардың кіріс-шығысының ашықтығына мән берілмек. Бұған дейін адвокаттар алқасына түскен қаржының қалай жұмсалып жатқаны бақылаусыз болса, енді бұл қаражаттың айналымы жарияланып отырады.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz