Бұл туралы облыс әкімі Болат Бақауовтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында сөз болды. Сондай-ақ, алқалы жиында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асуы барысы, қазына қаржысын тиімді игеру мәселелері талқыланды.

Аймағымызда Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы 6 бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Оның ішінде «Туған жер», Қазақстанның киелі орындарының географиясы, «100 жаңа есім», қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру сияқты жобалар бар. Биыл аталған бағдарлама аясында
300 мың тұрғынды қамтитын 500-ден астам түрлі шаралар ұйымдастырылған. Бұл ретте, «Мектепке жол» акциясын ерекше атап өтуге болады. Облыс мектептерінің 529 түлегі өздері білім алған ордаларына 110 млн. теңгеге жуық қаржыға қолдау көрсеткен. Ендігі кезекте бір реттік емес, жүйелі шараларға назар аударылмақ. Мысалы, облыс мектептерінде асық ату үйірмелерін ашу қолға алынды. Қазірдің өзінде ұлттық ойынды дәріптеуге арналған мұндай үйірме 90 білім беру мекемесінде жұмыс істейді. Бұдан бөлек, «Тарих толқынында» жобасы аясында әр білім ошағының тарихына қатысты кітап жазылмақ.

«Сакралды Қазақстан» жобасы аясында облысымызда 75 тарихи, киелі жерлер таңдалып, олар бойынша арнайы туристік маршрут түзілді. Оның ішінде
5 нысан Қазақстанның киелі орындарының республикалық картасына енген. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуеновтің сөзіне сүйенсек, өткен айдан бері аталмыш нысандарды 15 мыңға жуық павлодарлық аралаған. Облыс әкімі Б.Бақауов киелі орындарды қоршап, арнайы белгілер орнату жұмысын жеделдетуді тапсырды.

Республикалық «100 жаңа есім» жобасына облысымыздың атынан
302 жерлесіміздің кандидатурасы ұсынылған болатын. Алайда еліміз бойынша 300 үміткер таңдалып алынғаны белгілі болып отыр. Олардың қатарында павлодарлықтар да бар. Үздік 100-дікті жұртшылық таңдайтын болады. Бүгінде «El.kz» сайтында дауыс беру жүргізілуде. Сондықтан атқамінерлер облыс жұртшылығын өз жерлестерін қолдауға шақырып отыр.

Осыдан бірер уақыт бұрын қоғам өкілдері тарапынан облыс орталығында
«Рухани жаңғыру» мұражайын салу туралы ұсыныс айтылған болатын. Аймақ басшысы бұл бастаманы қолдап, жауапты мекемелерге тиісті жұмыс жүктеген еді. Өкінішке қарай, аталмыш бастама әзірге сөз жүзінде қалып отыр. Нысанның нақты жобасы да жоқ.

Облыс әкімі Б.Бақауов аймағымызда онсыз да бюджет есебінен жүзеге асырылуы тиіс әлеуметтік, экономикалық бағыттағы жобалардың барлығын
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясына кірістіре беруге болмайтынын баса айтты. Елдің рухани дамуына септігін тигізетін тың бастамалар күтіледі. Бұл ретте, Болат Жұмабекұлы аудан, қала әкімдерінің жұмысының осалдығын атап өтті. Бағдарлама аясындағы әрбір жоба атқарушы биліктің жіті назарында болуы тиіс.

Атап өтерлігі, аймағымызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобалық кеңсесімен 2017-2021 жылдарға жалпы сомасы 5 млрд. теңгені құрайтын ондаған жоба таңдап алынған.

Бұдан бөлек, аппараттық жиын барысында аймақ тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту мәселесі қаралды. Облысымызда бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде жалпы саны 115 мыңнан асатын 78 ауылдық округ орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылған. Бұл ретте, Железин мен Качир аудандарының көрсеткіштері көңіл көншітерліктей. Өзге аудандар мен қалаларға әлі де айтарлықтай жұмыстар атқаруға тура келеді. Онымен қоса, бұл салада кемшін кетіп жатқан тұстар да бар. Атап айтсақ, облысымыздың әр өңірінде бар кешенді блок-модульдердің жұмысы бір жүйеге келтірілмеген. Бүгінде олардың бірқатары істен шыққан. Кейбірі пайдаланылмай, бос жатқан көрінеді. Себебі бірқатар елді мекендерде КБМ-ге деген қажеттілік жоқ. Бұдан бөлек, облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиевтің айтуынша, ұңғыма қазу, су құбырын тарту сияқты жұмыстарды жобалау жұмысы ақсап тұр. Аудан, қала әкімдіктері тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығынан жобалаушы ұйымдар өз жұмысына салғырт қарайтын көрінеді. Облыс әкімі Б.Бақауов бұл олқылықтардың орнын толтыруды тапсырды. Салаға жергілікті атқарушы билік тарапынан бақылау күшейтілуі тиіс екенін атап өтті. Себебі бұл бағыттағы жұмыс ауқымы көбейіп келеді. Келесі жылы тұрғындарының жалпы саны 6 мыңнан асатын 22 ауылдық округті сапалы ауызсумен қамту көзделіп отыр. Бұл мақсатқа қазынадан
11 млрд. теңге көлемінде қаражат қарастырылған.

Алқалы жиын соңында облысымыздың экономикалық даму көрсеткіштері, қазына қаржысының тиімді игерілуі сөз болды. Өткен 9 айдың ішінде облысымызда барлық дерлік базалық көрсеткіштер бойынша өсім байқалады. Бұл жетістіктерімізді еселей түсу мүмкіндігі бар. Тек кейбір жекелей аудан әкімдері арқаны кеңге салып, бірқатар көрсеткіштерін әлсіретіп алған сыңайлы. Атап айтсақ, Шарбақты және Успен аудандарында жеке көлем индексінің төмендегені байқалады. Облыс әкімі Б.Бақауов аталған екі аудан басшысына сөгіс жариялады.

Аймақ басшысы жергілікті атқамінер-лерге жыл соңына дейін қазына қаржысын тиімді игеруді тапсырды.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz