«Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде «Есіміңді тарихта қалдыр» акциясы аясында музейдің табиғат, палеонтология және археология бөлімінің қызметкерлері А.Ткаченко мен Н.Шомина арнайы Қарағандыға барып, құнды жәдігерлер алып келген.

- Қарағанды қаласында тұратын Аманжол Шамкенов атамыздың қарындасы, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Мәриям Сәдірова бізге арнайы хабарласып, өзінде бірқатар құнды заттар барын айтты. Сондықтан екі маманымызды арнайы жіберіп, алдырттық. Үмітіміз ақталып, олар олжамен оралды. Бұлардың ішіндегі ең құндысы - Аманжол Шамкенов киген шапан мен сол әулетке тиесілі тарихи фотосуреттер. Сонымен қатар Мәриям апа өзі ұзақ жылдар көзінің қарашығындай сақтап келген көне дүниелерін, атап айтқанда: әртүрлі балықтар мен суырдың тұлыбы, көне тас диірмені мен қазан бар. Осы орайда Мәриям апаға біздің мұражайды таңдап, өзінің құнды заттарын қорға тапсырғанына зор алғысымызды білдіреміз. Енді бұл заттар музейдің төрінен орын алады, - дейді музейдің өлке тарихы бөлімінің басшысы Гүлжайнат Әлиева.

Айта кетелік, алдағы уақытта балықтар мен суыр тұлыбын – табиғат, тас диірмені мен қазанды – этнография, ал А.Шамкеновтың шапанын жаңа тарих залынан көруге болады.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz