Жеделдету жүктелді

Жалпы, Баянауылда қысқы туризмді дамыту бағытында біраз жұмыстар қолға алынған. Мырзашоқыда арқан жол салу - Баянауыл ауданындағы туризмді дамытудың бас жоспарына енгізілген жоба. Бұл маң - жазғы-қысқы туризмге сұранып-ақ тұрған жер. Бүгінде теңіз деңгейінен 800 метр биіктіктегі Мырзашоқы тауының етегінде жұмыс қызу. Ауыл тұрғындары «қысқы туризм жобасы тыныс-тіршілігімізге оң өзгеріс әкеледі» деген үмітте.

Бүгінде арқан жолды монтаждауға арналған құрал-жабдықтар тиісті орынға жеткізілген. Арқан жолдың ұзындығы 1050 метрді құрамақ. Екі орындық
70 кабинаның игілігін алдағы уақытта аймағымызға ат басын бұрған әрбір турист көре алады. Ол арқылы бір сағаттың ішінде 550 адам тасымалданады. Мамандардың айтуынша, шаңғы кешенінің құрылысына 277,7 миллион теңге жұмсалады.

Бүгінде мұнда «АзияПромИнжиниринг» ЖШС-і мамандары арнайы тіреулерді орнатқан. Инфрақұры-лымдық жұмыстар да жүргізілген. Қаражар ауылынан бастап Мырзашоқы тауларына дейін ұзындығы 3 шақы-рымдық электр желісі тартылыпты. Сапар барысында облыс әкімі Болат Бақауов жұмыстардың кешеуілдеп жатқанына көңілі толмайтынын, шаңғы кешені осы жылы өз жұмысын бастау керектігін кесіп айтты.

- Сіздерде жұмысты тездетіп бітіру туралы ой осыған дейін болмаса, ол ойдың бүгін де пайда болмайтыны анық. Оразгелді Қайыргелдинов, Марат Айдашев, Ян Марина, бұған тікелей жауап бересіздер. Қаржы таптық, жобалық-сметалық құжат-таманы дайындадық, халыққа уәде бердік. Шаңғы базасы биыл қыста дайын болуы керек. Қажет болған жағдайда шатыр құрып, нысанның жанында түнеңіздер. Мердігерлермен бірге жұмысты ширатыңыздар, - деді облыс әкімі Б.Бақауов.

Ал мердігер фирманың өкілі Нұрлан Әйкеев құрылыс жұмыстарын желтоқсан айында аяқтауға уәде берді.

- Біз жұмысты 23 қыркүйекте бастадық. Келісімшарт бойынша төрт ай мерзім ішінде аяқтау тапсырылған. Бірақ біз жеделдетіп, желтоқсан айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қатты аяз түскен жағдайда кабельдерді қыздыру технологиясы мен басқа да қажетті жабдықтарды дайындап қойдық. 10 қарашаға дейін іргетасын құйып, құрылысты аяқтаймыз. Одан кейін әткеншектерді құрып, монтаждау жұмыстарына кірісеміз. Оның өзіне бір ай уақыт керек, - деді Н.Әйкеев.

Бүгінде мұнда бар болғаны 20 адам жұмыс істеп жатыр. «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқармасының төрағасы Ян Марина алдағы уақытта мердігерлерден қызметкерлер санын көбейтуді талап ететіндігін айтты. Бұл өз кезегінде жұмысты жеделдете түсуге ықпалын тигізбек.

Кешенге жуық арада Ресейден қарды тығыздайтын ратрак техникасы әкелінбек. Бұл ретте өңір басшысы Мырзашоқы тауының трассасын арқан жолды құрумен бірге дайындауды тапсырды. Ендігі жұмыс жобаға жауапты шенеуніктер мен мердігерге байланысты болмақ.

Ақсақалдар алғысы

Тау етегіндегі жұмыспен танысқан аймақ басшысы Болат Бақауов бұдан соң аудан орталығына беттеді. Биыл жасалған жаңа саябаққа келген облыс әкімін бір топ ауыл ақсақалдары қарсы алды. Қариялар ауданда атқарылып жатқан ауқымды істерге алғыс білдірді.

- Біздің ауылымызда Кеңес одағы кезінде жасалмаған игі істер жүзеге асуда. Енді таза ауамен тыныстап, демалып қайтатын орнымыз бар. Көшелерге жарық орнатылған. Ауыл іші жап-жарық. Ауданымыз дамып келеді. Немерелерімізді ертіп, серуен-деп жүрміз. Жұмыс осы қарқынмен жалғаса берсін деп тілейміз. Ауылы-мызға спорт алаңдары салынуда. Су тартылуда, - деді ауыл ақсақалдары.

Баянауыл ауылындағы жаңа саябақты құру үшін 40 миллион теңге көлемінде қаражат кеткен. Алаңға сәнді қоршау қойылып, балалар алаңы жасақталған. Сондай-ақ, спорт сүйер жандар үшін арнайы воркаут жабдықтары орнатылыпты.

Аудан орталығындағы Даңқ ескерт-кіші мен Баян сұлу ескерткіштері абаттандырылып, жаңа кейіпке енген. Бұл мақсатқа 71 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Сондай-ақ, Баянауылда биылғы жылы 500 орынға арналған, трибунасы бар футбол алаңы ел игілігіне берілмек. Жобаның жалпы құны -
50 миллион теңге. Назарға алынған нысандар қатарында аудандық аурухана да бар. 2018 жылы аталмыш нысанды күрделі жөндеуден өткізу үшін облыстық бюджеттен қаржы қарастырылып отыр.

Баянауылдықтарға қуаныш сыйлаған тағы бір жоба – орталықтандырылған су жүйесі. Аудандағы ағайын бұл жобаны асыға күткен болатын. Ұзындығы
70 шақырым су құбырын тартуға үш жылға 5 миллиард 700 миллион теңге қаржы бөлініпті. Бастапқыда бұл жұмыстар 2019 жылы аяқталады деп жоспарланған. Дегенмен құрылысқа жауапты мердігер компания жұмыс қарқынын үдете түскен. Жұмысты белгіленген мерзімнен ерте аяқтауды көздеп отыр. Оған жергілікті тұрғындар да тартылған. Бұл тұста аймақ басшысы Б.Бақауов облыстық құрылыс басқар-масының өкілдеріне бұл мәселені қайта қарап, жаңа жұмыс кестесін құруды тапсырды.

Сондай-ақ, аймақ басшысы ауданға сапар барысында тағы бірқатар әлеу-меттік нысанды аралап, атқарылған жұмыстармен танысты.

Б.Бақауов шағын авиацияларды қабылдауға дайын Баянауыл әуежайына да арнайы барды. Қазіргі таңда аталмыш орынның ұшып-қону жолағы толығымен қоршалған және тиісті белгілермен жабдықталыпты. 3 гектар аумақты алып жатыр. Ұшып-қону жолағының ұзындығы 1200 метрді құрайды. Облыс әкімінің орынбасары Николай Дычконың айтуынша, аэродром халықаралық стандарттарға сай жасақталған.

- Жолаққа асфальт төселмейді. Өйткені оны төсеу борттарды қабылдау сапасын жақсартуға еш әсер етпейді. Бүгінгі күні Баянауылға дейін және кері рейстерге қызмет көрсетуге дайын бірнеше компания бар. Олар ұшаққа билеттерді сатумен және ұшу құнын анықтаумен айналысады, - деді Н.Дычко.

Ал аудан әкімі Оразгелді Қайыргелдинов жолаушыларға қызмет көрсетумен қарағандылық фирма айналысатынын атап өтті. Оның игілігінде сыйымдылығы
8 орындық үш, 12 орындық бір ұшақ бар.

Торайғыр түрленуде

Сапар барысында облыс әкімі Торайғыр ауылында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Бұл елді мекенде бүгінде ауқымды жұмыстар қолға алынған. Көшеге жарық тартылып, ауылда абаттандыру жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Ауданның тыныс-тіршілігімен танысқан облыс басшысы ауылдың алдағы уақытта қонақ күтуге әркез дайын болуы тиістігін атап өтті.

Торайғыр мен Жасыбай демалыс аймағы арасына төте жол салынуда. Жолдың жалпы ұзындығы 12,4 шақырымды құрайды. Ал оған қажетті қаражат мөлшері 377,0 млн. теңгені құраған. Бүгінгі күні 8 шақы-рымдық жолға қиыршық тастар төселіп, цементпен нығайтылыпты. 3 шақырымдық жол жабыны қайта қалпына келтірілген.

Мереке АМАНТАЙ
Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz