Ормандай орыстың ортасынан ойып орын алған ат төбеліндей қазақ ауылының көркі кім-кімді болмасын қызықтырмай қоймайды. Бойынан қазақылықтың иісі есіп тұрған ақкөңіл ағайын бізді құшақ жая қарсы алды. Тілі мен діні, дәстүрі мен салт-санасы қаз-қалпында сақталған ауылдың бүгінгі күйін көріп, бір серпіліп қалдық. Осындағы көнекөз қариялардың айтуынша, 1905 жылы Семейдегі Жалбы жерінен 180 үй осы өлкеге қазық қаққан. Жері шұрайлы, шөбі шүйгін мекенде жас құлын енесінен жиі адасып қалатын көрінеді. Алқабында үйірінен ажыраған құлын дауысын жиі естіген ағайын өңірге Құлынды деп ат беріпті деген дерек те бар.

Бүгінде Керей ауылында 80-ге жуық отбасы ғұмыр кешуде. Аталған ауылда
86 жылдық тарихы бар қазақ мектебі әлі күнге дейін бауырларымызға білім беріп келеді. Жарты ғасыр өмірін осы мектепке ұстаздық етуге арнаған Ресей Федерациясының еңбек сіңірген мұғалімі, Қаракөл орта мектебінің директоры Нұрғайша Баринованы әңгімеге тарттық:

- Алтай өңірінде Байғамыт пен Керей ауылдарында ғана қазақ мектебі бар. Шама-шарқымыз жеткенше ұлтымыздың әдет-ғұрпын, салт-жоралғысын жеткіншектер санасына жеткізуге тырысамыз. Өкініштісі, Ресей Заңына сәйкес, мектебімізде соңғы 7 жылда орыстандыру саясаты қолға алынуда. Қазірде 1-7-сыныптар орыс тіліне ауыстырылды. Ал 8-11-сыныптарда әлі де ана тілімізде сабақ өткізіледі. Бірақ ауылдастарымыздың көбі 10-11-сыныптардағы балаларын Қазақстанда оқытуды жөн көреді. Сабақтан тыс уақыттарда шәкірттерге үнемі қазақша тәрбие береміз. Мектептегі кітапхананың 90%-ын қазақ тіліндегі кітаптар құрайды. Тарихи жәдігерлерге толы мұражайымыз да жұмыс істейді. Ресей гимнінен соң Қазақстан Әнұранын да шырқаймыз. Тарихи отандарына болмысы қазақ балаларын қайтара алсақ, шеттегі ағайынның да арманы орындалғаны деп ойлаймын.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық байланысын дамыту негізінде облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ұжымы «Бабалар мұрасы – ұрпаққа аманат!» атты мерекелік концерт ұйымдастырып, алыстағы ағайынның айызын қандырды.

Асан қайғы, Бұқар жырау, Абылай ханның бейнесі сомдалған тарихи көріністер де шеттегі бауырлардың атамекенге деген махаббатын арттыра түсті. Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының әншілері Әсел Ботаева мен Талант Кәден дәстүрлі әннен шашу шашты.

- Алтай өлкесінде қаны да, жаны да қазақ бауырларымыз бар екендігін еститінбіз. Көптен бері осы мекенге келуді армандадық. Міне, бүгін алға қойған жоспарымыз орындалып, алыстағы ағайынмен жүздесіп, тамырлас тарихымыздың жаңа бетін ашқандай болдық. Алдағы уақытта Омбыдағы қазақ бауырларға да арнайы барып, осындай рухани кеш өткізу ойымызда бар, - дейді облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің директорының міндетін атқарушы Мағзия Әбенова.

Керей ауылына барсаңыз, азан дауысын естисіз. Жергілікті мешітті осы ауылдың тумасы, біртуар тұлға, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген сәулетшісі, КСРО Халық сәулетшісі, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық сәулет академиясының академигі, профессор Қалдыбай Монтахаев салдырған. Астана және Алматы қалаларындағы зәулім ғимараттарда да Қалдыбай Жұмағалиұлының қолтаңбасы бар.

Жат жерде жасқанбай тірлік кешіп, ойында жылқысы шұрқырап, бойында жусан иісі бұрқыраған Керей ауылы тәуелсіз елдің бүгінгі буынына өнеге тұтуға тұрарлық.

Алпысбай ХОНЖ

Керей ауылы, Алтай өлкесі, Ресей Федерациясы.

saryarka-samaly.kz