«Сварко» ЖШС директоры Андрей Кучешевтің сөзінше, серіктестік алғаш
2001 жылы құрылып, өндірістік құрал-жабдықтарды сатумен айналысқан.
Ал 2008 жылдан бері трансформатор құрылғылары, дәнекерлеу аппарат-тары, бензин генераторы секілді тағы да басқа өндірістік тауарлардың 70-ке жуық түрін шығарады. Бұл зауыттың өнімдері еліміздегі алып өндіріс орындары мен құрылыс фирмалары ара-сында жоғары сұранысқа ие. Бұлардың қатарында Қазақстан электролиз зауыты, «Казхром» АҚ, «Қазақмыс» корпорациясы, «Қазтрансойл» АҚ, «Қазақтеміртас» АҚ бар. Сонымен қатар, Ресей компаниялары да зор қызығушылық танытқан. Соның нәтижесінде Новосібір және Екатеринбург облыстарында өздерінің филиалдарын ашу мүмкін болды.

- Мұның барлығы мемлекет тарапынан жасалып жатқан қаржылай қолдаудың арқасы. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының аясында екі мәрте несие алдық. Алғашында 2014 жылы 25 млн. теңге алып, зауытқа жаңғырту жұмыстарын жүргіздік. Содан кейін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы 125 млн. теңге ресімдеп, кәсіпорынның өндірістік сапасын арт-тыру мақсатында қосымша құрылғылар сатып алдық. Осының нәтижесінде өндіріс көлемін жыл сайын 15-20 пайызға ұлғайтып отырмыз. Алдағы мақсатымыз - осы күшімізді сақтап қалу, мүмкіндік болса тауар түрін көбейту, - дейді Андрей Кучешев.

Кәсіпорын директорының айтуына қарағанда, зауытта 50-ден астам адам жұмыс істейді. Жұмысшылардың еңбекақысы шамамен 60-70 мың теңгені құрайды. Жуырда өндірістік кешеннің ауласына тағы бір қосымша ғимарат тұрғызып, жұмысшыларға арналған асхана және тауар сататын дүкен ашпақшы.

Мемлекеттік қолдаудың нәти-жесінде табысқа кенеліп отырған шағын өндірістердің бірі - Павлодардағы «Айсберг-ПВ» ЖШС. Бұл – кәсіпкер Михаил Желновтың иелігіндегі кәсіпорын. Серіктестік жартылай дайын өнімдердің
80-ге жуық түрін дайындайды.

- Біздің фабрикада дайындалатын мәнті, тұшпара, құймақ, лағман сынды дәмі тіл үйіретін тағам түрлері еліміздің бірнеше облысының азық-түлік нарығынан орын алған. Бүгінгі таңда Өскемен, Семей, Павлодар, Екібастұз және Астана қалаларында филиалдарымыз бен дүкендеріміз бар. Сонымен қатар, Ресейдің Новосібір және Омбы қалаларына экспорттаймыз. Мұндай деңгейге мемлекет тарапынан беріліп жатқан қаржылай қолдаудың нәтижесінде жеттік. Атап айтқанда, 2011 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-нан 77 млн. теңге көлемінде несие алған болатынбыз. Бұл қаржыға Италиядан жартылай дайын өнімдерін әзірлейтін аппараттар, салқындатқыш құрыл-ғылар сатып алдық. Басында сынақ ретінде қолданып көріп, кейін біржо-лата орнаттық. Осының арқасында тауарлардың жарамдылық мерзімі 3 айдан бір жылға ұзарды. Осыдан он күн бұрын біз сапа сертификатына да ие болдық. Енді тауарлардың қаптамасын өзгертіп, жарамдылық мерзімінің бір жыл екенін жазамыз, - дейді Михаил Желнов.

Фабрикада 60-тан астам адам жұмыс істейді. Әлия Балтабаеваның аспаз болып келгеніне бес жыл болыпты. Жұмыс істеуге барлық қолайлы жағдай жасалып отырғанын айтады ол.

- Осыған дейін екі фабрикада жұмыс істеген едім. Бірі еңбекақымызды дұрыс төлемеді, енді бірінің айлығы төмен болды. Мұнда келгелі жағдайымыз жақсарды. Жұмыс кестесі де ыңғайлы. Жұмыскерлерді тасымалдайтын арнайы көлік те қарастырылған, - дейді Әлия.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz