Осы шараға жерлестеріне қолдау көрсету мақсатында танымал марафоншы, есімі «Гиннестің рекордтар кітабына» жеті рет енген желаяқ Марат Жыланбаев арнайы қатысты. Салтанатты шара танымал спортшылар мен ел азаматтарының қаладағы спортшылар аллеясына көшет отырғызуымен басталды.

Қала әкімі Қайрат Нүкенов пен марафоншы Марат Жыланбаев сайысқа қатысушыларды арнайы құттықтап, сәттілік тіледі.

№2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қабырғасы 1967 жылы қаланған. Салауатты өмір салтына жас ұрпақты баулитын мектеп өңірдегі жеңіл атлетика, велоспорт, спорттық гимнастика, еркін күрес секілді спорт салаларының қарқынды дамуына ықпал етті. Талай сайыпқырандар осында тәрбиеленіп, ел мерейін асқақтатты. Соның айқын дәлелі - қазақтың атын алты құрлыққа танытқан Марат Төлегенұлы Жыланбаев осы мектептің түлегі.

Шара барысында аталған спорт мектебіне еңбегі сіңген азаматтар мерекелік медальдармен марапатталды.

Ерлер мен әйелдер арасында өткен сайыс спортшылардың жас ерекшеліктеріне қарай 6 топқа бөлінді. Ерлер 10 шақырымға, әйелдер 5 шақырымға жүгірді.

11 жасқа дейінгі ерлер арасында Ералы Жұмабеков, 12-13 жас аралығында Назар Ткачук, 14-16 жас аралығында Александр Макаров, 17-34 жас шамасында Богдан Иконников, 35-49 жас аралығында Дәулет Садуақасов, 50 жастан жоғары спортшылар арасынан Кеңесхан Төлеуханов жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Әйелдер арасында 11 жасқа дейінгі спортшылар арасында Полина Артемова,
12-13 жас аралығында Надежда Шпак, 14-16 жас шамасында Нелля Келлер,
17-34 жас арасында Анна Дубина, 35-49 жас аралығында Ольга Шерешова,
50 жастан жоғарылар сапындағы Елена Нападовская жеңімпаз деп танылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің барлығы Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

А.ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz