Бұл байқауға музыка саласынан хабары жоқ, онымен әуесқой түрде айналысатын қыз-жігіттер қатысты. Олар - қаладағы жоғарғы оқу орындары мен колледждерінде педагог, электрик, құрылысшы, құрастырушы мен медицина мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер.

- Қатысушылардың барлығы - үлкен сахнаға алғаш рет шығып тұрған жастар. Соған қарамастан, өздеріне жүктелген міндетті абыроймен алып шыға білді. Біздің жобада кәсіби вокалистер өнер көрсетпейді, - дейді «Дені сау ұлт» қоғамдық қорының директоры Айсар Қабдулин.

Фестивальді тамашалауға келген қала әкімінің орынбасары Саян Мұқанов жастарды өз елінің патриоты болуға шақырды.

- Жастардың өн бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіретін, елін-жерін сүюге шақыратын осындай шараларды алдағы уақытта да көптеп ұйымдастыруымыз керек. Зейін салып тыңдаған болсаңыздар, мұнда орындалған әр әннің сөзінде үлкен тәрбие жатыр, - деді қала әкімінің орынбасары.

Фестиваль барысында қазақ эстрадасының алтын дауысы Роза Рымбаеваның репертуарындағы «Құс жолы» әнін орындаған Павлодар көлік және коммуникация колледжінің студенті Марина Харчук көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Мамандығы технолог болса да, болашақта өнер майданында шынығып, сазгер болуды, сонымен қатар өзінің жеке тобын құруды армандайтынын тілге тиек етті.

Қазылар алқасының шешімімен жүлделі бірінші орын бизнес-колледждің студенті Евгений Тристанға бұйырды. Оған музыкалық орталық сыйға берілді. Ал Павлодар педагогикалық колледжінің студенті Айгүл Қайырбаева екінші орынға ие болып, электронды гитарамен марапатталды. Үздік үштікті Павлодар гуманитарлық-педагогикалық колледжінің студенті Әйгерім Талап түйіндеді. Ол синтезаторды қанжығасына байласа, өзге қатысушыларға микрофон сертификаттары табыс етілді.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz