Елмен бірге жаңарып, жасарып келе жатқан біздің ауданның дамуы мен тыныс-тіршілігі туралы бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бүгінде аудандағы ірілі-ұсақты шаруа қожалықтары өз жұмыстарын шира-тып, қаншама адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Осы жылы өңірде қайта өңдеу кәсіпорындарын іске қосу тенденциясы артқанын атап өтуге болады. Мәселен, 20 қайта өңдеу объектісінің ішінде 3 жартылай дайындалған өнім, 9 наубайхана мен 1 диірмен, жарма, күнбағыс майын, киіз бұйымдарын, консервіленген ет өнімдерін шығару, бұлақ суын өндіру цехы іске қосылды.

Осы ретте тұтынушылардың көңілінен шығып, оң бағасын алған С.Фисенконың «Тамаша» маркалы ұсақталып мұздатылған ұн мен еттен жасалатын жартылай дайындалған өнімін атауға болады. Ол «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша «Рассвет» НС» ЖШС арқылы өндірісін кеңейту мақсатында несие алған. Тағы да болашағынан үлкен үміт күтіп отырған жобамыздың бірі «Победа» ЖШС қолға алған минералды су шығару цехы да іске қосылуға дайын тұр. Оның жобалық құны 7,5 млн. теңгені құрайды. Бүгінде жоба толықтай аяқталған, қазіргі таңда облыстық қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің рұқсатын күтіп отыр. Сонымен қатар, аталмыш серіктестік осы жылдың сәуір айынан бастап «Ет қосылған арпа ботқасы», «Ет қосылған күріш ботқасы» және «Ет қосылған қарақұмық ботқасы» консервілерін нарыққа шығарды. Ал кәсіпкер О.Молянованың жартылай дайындалған өнім өндіру цехы Шалдай ауылында жыл басынан өз жұмысын бастап, бүгінде оң нәтижесін беріп отыр. Онда күніне тұшпара, манты, самса, құймақтың 10 кг-ы және 20 кг тартылған ет әзірленеді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында қойылған басым міндеттер мен бағдарламаларды орындау мақсатты түрде жүзеге асып келеді. Бұл өз кезегінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпалын тигізуде. Жаңа міндеттерді саралай келе, басты зейін аудан тұрғындарының тұрмыстық деңгейін арттыру мен экономикалық өсімін тұрақты сақтауға бағытталуда.

Күн санап ауданда әлеуметтік-экономикалық сала бойынша ашылып жатқан жұмыс орындары елдегі жұмыссыздықты толығымен жойды деуге болды. Мәселен, осы жылы 454 азаматқа Жұмыспен қамту бағдарламалары бойынша көмек көрсетілді. Жаңадан 345 жұмыс орны құрылып, оның ішінде 206-сы тұрақты, 139-ы уақытша жұмысқа орналасты.

Шарбақты ауданы өзге өңірлерден табиғатының әсемдігімен де ерекшелене алады. Осы жылы облыс әкімі Болат Бақауовтың тапсырмасымен Маралды көлінің жағасынан туристік аймақ ашылғаны белгілі. Жағалау ені бұрындары
2 метр болса, бүгінде ол 20 метрге дейін кеңейтілген. Сонымен қатар, тұзды көл аумағына 50 000 текше метр құм төгіліп, 700 метрдей жер телімі жасанды үйіндінің көмегімен демалушыларға лайықталды. Сондай-ақ, туристерге арналып
150 орындық асхана да ашылды. Алдағы уақытта мұнда электр желілері жүргізіліп, бірқатар жаңа алаңқайлар жасақталатын болады. Мәселен, балшықпен емдейтін сауықтыру орталығы мен балаларға арналған аттракцион салуды жоспарлап отырмыз. Бұл Маралды көліне келушілердің қатарын арттырмаса, кемітпейтіні анық. Бұдан өзге аудан орталығында кез келген мерекелік іс-шараларды өткізетін, тұрғындар келіп демалатын саябақ салынып жатыр. Мұнда келер жылы этноауыл да бой көтеретін болады.

Адамдардың ең көп шоғырланған жері болатындықтан, саябаққа тегін Wi-Fi орнатылады. Бұл - заман талабы.

Өңірдің әлеуметтік-мәдени саласы да назардан тыс қалған жоқ. Барлық дерлік мектепте күрделі, ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұнда Хмельницк, Шалдай және Орловка жалпы орта мектептері бар. Ал қараша айының соңына қарай Шарбақты ауылында 60 орынды «Балдәурен» балалар бақшасы қолданысқа беріледі. Бұл мақсатқа 88059,67 мың теңге жұмсалды. Сонымен қатар жыл соңына дейін Шалдай ауылдық округінде 24 пәтерлі жас отбасыларға арналған жатақ-хананың құрылысын аяқтауымыз керек. Оған облыстық бюджеттен 211 миллион теңге бөлінді.

2018 жылдың еншісінде бұдан бөлек қолданыстағы аудандық маңызы бар автомобильдік жолдарды жөндеу жұмыстары мен ауызсу мәселесі тұр.
2018 жылы ауданның 82 пайызы таза ауызсумен қамтылатын болады. Бұл алдағы уақытқа белгілеген ауқымды жұмыстардың бір парасы ғана. Жастардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы, халық денсаулығының жақсарып, тиісті ем-домның жасалуы, бос уақытын тиімді пайдалануы бағытындағы қажетті шараларды қолға алып, ел игілігі үшін еңбек етеміз.

Балғабай ЫБЫРАЕВ, Шарбақты ауданының әкімі.

saryarka-samaly.kz