2018-2021 жылдар аралығында Ақсу өңіріне жұмыс күші мол аймақтардан
500 отбасын (шамамен 2000 адамды) көшіру жоспарлануда. Олардың қатарында Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының тұрғындары бар. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес білікті кадрларға бос жұмыс орындарын ұсыну мақсатында Ақсу қаласы ауылдық округтерінің әкімдері мен жұмыс берушілер Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарына арнайы барып, бос жұмыс орындарының өңіраралық жәрмеңкелерін ұйымдастырды. Сонымен қатар, бұл бағдарламаны егжей-тегжейлі түсіндіру үшін Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам және Мақтарал аудандарының 16 ауылында болып, шамамен 600 тұрғынмен кездесті. Жеке қабылдау барысында 33 адамға көшіру мәселелері бойынша кеңес берілді.

Осы бағыттағы жұмыстың нәтижесі де жоқ емес. Айталық, қазіргі уақытқа дейін оңтүстік өңірлерден Ақсу қаласына 6 отбасы, яғни 22 адам көшіп келді. Олардың қатарында 2 отбасы квотаға қабылданды, ал 4 отбасының құжаттары өңірлік комиссияға ұсыну үшін дайындалуда. Бастысы, көшіп келгендер мамандықтары бойынша жұмысқа орналастырылып, балалары мектепке қабылданды. Екі отбасы Алғабас ауылдық округіне қоныстандырылды. Талдықорған қаласынан көшіп келген Қуандық Мәсімбек өзі білім алған электромонтер мамандығы бойынша «Аңсар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкері атанды. Ал Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданынан қоныс аударған Нелли Мингулова «Атамұра-Павлодар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс істейді.

Ақсу қаласына 4 отбасы көшіп келді. Осы жылдың қазан–қараша айларында Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарынан тағы 6 отбасын, дәлірек айтқанда 24 адамды көшіру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, көшіп келушілердің өз ісін бастауы үшін барлық мүмкіндік қарастырылғанын атап өткен жөн. Ақсу қаласында жер телімін алу шарттарымен танысу үшін Алматы облысы Талдықорған қаласынан бір топ делегация арнайы келді. Ақсу қаласының жер қатынастары бөлімі өкілдері бос жер телімдерін карта бойынша көрсетіп, шаруашылық жүргізу талаптарымен таныстырды.

Ал келесі жылға қоныс аударушылар мен оралмандардың 22 отбасын
(онда 64 адам) орналастырудың жоспары бекітілді. Қазіргі кезде біздің өңір өкілдерінен құралған делегацияның өзге аймақтарға бару және бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу кестесі әзірленуде.

Г.АСЫЛБЕКОВА, Ақсу қаласының халықты жұмыспен қамту орталығының директоры.

saryarka-samaly.kz