Драмаға толы матч

Пентакампеондардың «айқасы» тең нәтижемен аяқталды. Есеп – 1:1. Матчтың алғашқы бөлігі аса тартысты өріле қойған жоқ. Екінші тайм да бел ортасына дейін іш пыстырарлық қарқынмен өрбіді. Қызықтың бәрі 70 минуттан кейін басталды.

«Ертіс» қақпасының алдында болған қарбалас сәттердің бірінде қақпашы Давид Лория жарақат алып қалды. Айып алаңына асырылған допты бірінші боп қақшып түскен қақпашының жан дауысы шыға, жерге құлағанын көзіміз шалды. Әуедегі допты қағып алған Давид, «жерге қонар» сәтте аяғын теріс салса керек, сірә. Әлде сіңірі созылып кетті ме екен. Әйтеуір, ойыншыны алаңнан зембілге салып алып кетті. Бұл кездесудің 78-минуты еді.

Ал «Ертістің» бас бапкері Вячеслав Грозный бұл уақытта үш ойыншысын да ауыстырып үлгерген-ді. Демек, қақпаны алаңда жүрген он ойыншының біреуі «күзетуі» тиіс. Әуелде қорғаушы Милош Стаменкович бұл жауапкершілікті өз мойнына алып, Давид Лорияның жейдесін киіп көрді. Артынша қақпаны қорғауға Екібастұз футбол мектебінің түлегі Руслан Есімов ниет білдірді. Бапкерлер құрамы да Русланға сенім артты.

Команданың көшбасшысы – Давид Лория алаңнан қуылған соң, қонақтар басымдықты бірден қолға алды. Оның үстіне бір ойыншысы кем «Ертіс» сәл-пәл пышырап қалды. Мұндай сәтті ақтөбеліктер босқа жіберсін бе?! Руслан Есімов қорғаған қақпаны бетке алып, шабуылды үдетті. Руслан бірнеше қауіпті сәттің бетін қайтарғанымен, төреші белгілеген қосымша уақытта қақпасына гол жіберіп алды. Бас төреші Марат Ысқақов ойынның негізгі уақытына 8 минут қосқан болатын. Ақтөбеліктер 94-минутта есеп ашып, алға шықты. Томаш Шимкович мергендік танытты. «Ойынның тағдыры осымен шешілді-ау» деп қынжылыс білдірген шақта «ертістіктер» жоқ жерден шабуыл ұйымдастырып, таразы басын теңестірді. Голдың авторы – Карлос Фонсека. Ол Родригоның айып алаңына асырған добын қарсыластың қақпасына баспен дәл ұрды. Осылайша, драмаға толы матч тең нәтижемен тәмамдалды.

«Ертіс» - «Ақтөбе» матчы бірін-шіліктегі маңызды ойындардың бірі еді. Себебі алғашқысы үздік төрттіктен орын алып, келер жылы Еуропа лигасында ойнауға мүмкіндік алуды көздесе, соңғысының мақсаты – бірінші лигаға түсіп қалмау. Қысқасы, қос ұжымға да ұпай ауадай қажет. Ал мұндай маңызды матчта қақпаға тұрып, зор жауапкершілікті арқалаған Руслан Есімовті ерлік жасады деп әспеттесек, артық болмас.

Карьерасын қақпадан бастаған қорғаушы

Руслан Есімов – Екібастұз футбол мектебінің түлегі. 1990 жылдың 28 сәуірінде кеншілер шаһарында дүниеге келген. Алаңдағы орны – оң қапталда ойнайтын қорғаушы. Үйленген. Бір ұлы бар.

Кәсіби футболдағы алғашқы қадамын 2006 жылы жасаған. 16 жасында алғаш рет екібастұздық «Батыр»-дың намысын қорғаған. Ол уақытта «Батыр» еліміздің екінші дивизионында ойнайтын. Руслан 2012 жылға дейін екібастұздық командалардың намысын қорғады. Ал 2013-2014 жылдары ақтаулық «Каспийде» тер төкті. 2015 жылдың 21 наурызында (25 жасында) «Тобылға» қарсы матчта алғаш рет алаңға «Ертістің» жейдесін киіп шықты. Бұл оның ел чемпионатының жоғары дивизионындағы алғашқы ойыны болатын. Руслан бұл кездесуге бастан-аяқ қатысты. «Ертіс» - «Тобыл» матчы 1:1 есебімен тең аяқталды.

Осы жылдың 21 қазанында «Ақтөбеге» қарсы өткен матч Русланның премьер-лигадағы 50-інші ойыны екен. Ол 50 ойында бірде-бір рет гол соқпапты. Есесіне, қақпасына бір гол жіберіп алған.

– Бапкерлік құрам кәсіби футболдағы қадамымды қақпашы ретінде бастағанымды жақсы біледі. Сондықтан болар, маған сенім артты. Мен де «Ертістің» кез келген ойыншысы секілді жауапкершілік жүгін арқалауға даяр едім. Жалпы, бала күнімнен бері қақпада тұрып келемін. 2006 жылы екібастұздық «Батырдың» қақпасын «күзеттім». Қақпашы ретінде бірнеше матчқа қатыстым. Кейін қорғаушы болып ауыстым, – дейді Руслан Есімов.

Бала күнінде меңгерген дағдысын іске жаратқан Руслан Есімов жанкүйерлер сенімін ақтағанына дән риза.

– Әрине, бұл ойында жеңіске жетуді көздегенбіз. Себебі төртінші орынға табан тіреу үшін чемпионаттың соңғы турларында мейлінше көп ұпай жинауымыз керек. Міндет – осы. «Ақтөбемен» болған матчта екі ұпай жоғалтқанымыз өкінішті, әрине. Бірақ, бәсеке әлі аяқталған жоқ. Қалған екі ойында қалай да жеңіске жетуіміз қажет, – дейді «Ертіс» футбол клубының қорғаушысы.

Футболшы «Ертістің» биылғы біріншіліктегі өнеріне де баға берді.

– Өткен жылмен салыстырғанда қимылымыз сылбыр. Біріншілік соңында жанкүйерлерді қуантып, келер жылғы Еуропа лигасының іріктеу кезеңіне жолдама алғымыз келеді. Биыл жанкүйер қауым алдында ұятты жағдайлар көп болды. Себебі өз алаңымызда нашар ойнап, түзде тәуір нәтиже көрсетіп жүрміз. Бізге сенім артып, қолдау білдіріп жүрген жанкүйерлерге ризашылығымызды білдіреміз, – дейді Руслан Есімов.

Айтпақшы, Руслан Есімов 31-турдың үздік ойыншысы атанды.

Қақпа «күзеткен» мықтылар

Қазақстан ғана емес, әлем футболының тарихында қорғаушының қақпа күзетуі өте сирек кездеседі. Десе де, мәжбүрлікпен қақпаға тұрып, Руслан Есімов секілді жанкүйер сенімін ақтаған футболшылар да жоқ емес. Біз әлем футболының тарихындағы мұндай оқиғалардың негізгі үшеуін көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.

Ян Коллер, «Боруссия» (Дортмунд, Германия). Ян Коллерді білмейтін адам кемде-кем. Әлем футболының тарихында есімі қалған бойшаң қорғаушы 2002-2003 жылғы Германия чемпионатының 12-турында амалсыздан қақпаға тұрды. «Баварияға» қарсы ойынның 65-минутында қақпашы Йенс Леманн төрешімен дауласамын деп алаңнан қуылды. Ал бұл уақытта дортмундттық ұжым үш ойыншысын да алмастырып үлгерген еді. Ақыры қақпаны «күзету» жауапкершілігі чехиялық ойыншы Ян Коллердің мойнына артылды. Ол 25 минут бойы қақпада тұрып, матчты гол жібермей аяқтады. Бірнеше мәрте қауіпті сәттің бетін қайтарды. Қызығы сол, Ян Коллер кездесудің соңғы минуттарында өз иелігін тастап, гол соғу үшін «Бавария» қақпасына қарай жүгірді. Өйткені «Боруссия» 1:2 есебімен ұтылып жатқан еді.

Фелипе Мело, «Галатасарай» (Түркия). 2012 жылдың 24 қарашасы. «Элязыгспор» мен «Галатасарай» арасындағы матч. Стамбулдық клуб кездесу бойы басымдық танытып, бір доп айырмасымен алда тұрды. «Галатасарайдың» есепті еселейтін мүмкіндігі болды. Бірақ футболшылар оңтайлы сәттерді пайдалана алмады. Ал матчтың соңы драмаға ұласты. Кездесудің 89-минутында «Элязыгспор» командасының шабуылшысы Сердар Гюрлер қақпашы Муслерамен «жекпе-жек» шықты. Уругвайлық қақпашы шабуылшыны шалып жықты. Төреші пенальти белгіледі. Ал қақпашы Муслера «қызыл қағаз» алып, алаңнан қуылды. «Галатасарай» командасында ойыншы алмастыратын мүмкіндік жоқ еді. Сол себепті жартылай қорғаушы Фелипе Мело қолғапты киіп, қақпаны бетке алды. Пенальтиді Гоксу Тюркдоган орындады. Бразилиялық Фелипе Мело доптың бағытын дәл тауып, ерлік жасады. Осылайша, «Галатасарай» 1:0 есебін сақтап қалды.

Фил Джагелка, «Шеффилд Юнайтед» (Англия). «Арсенал» мен «Шеффилд Юнайтед» арасындағы ойын. Соңғысы бұл ойынға жалғыз-ақ қақпашымен келіпті. Қосалқы қақпашыны тізімге қоспаған. Ал алаңда бір сағаттай өз жұмысын атқарған қақпашы Пэдди Кенни аяқ астынан жарақат алып қалады. Тізімде екінші қақпашының есімі жоқ болғандықтан, алаңдағы ойыншылардың бірі қақпаға тұруы керек. Ақыры Фил Джагелка қақпашы қолғабын киюге мәжбүр болды. Ақыры алаң иелері сенсация жасап, «Арсеналды» ұтты. Есеп – 1:0. Ал Фил Джагелка болса, қақпасын голдан аман сақтады. Мұндай тарихи оқиға Жаңа жыл мейрамы қарсаңында – 2006 жылдың 30 желтоқсанында орын алған болатын.

Фархат ӘМІРЕНОВ, Астана қаласы, арнайы «Сарыарқа самалы» үшін.

saryarka-samaly.kz