Оныншы мәрте жалауын көтеретін турнир биылдан бастап ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, ҚР Тоғызқұмалақ спорты Федерациясы сондай-ақ Павлодар облыстық және қалалық спорт мекемелерінің атсалысуымен өтетінін айта кеткен жөн.

Дүбірлі дода алдындағы дайындықпен танысу үшін ҚР еңбек сіңірген жаттық-тырушысы, тоғызқұмалақтан облыстың аға жаттықтырушысы Арыстан Қапаевпен әңгімелескен едік.

- Кәсіби маман ретінде бұл турнир-дің басқа жарыстардан ерекшелігіне тоқталып өтсеңіз...

- Төл спортымызды төрге шығарған ата басылым – облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің ұжымына айтар алғысымыз шексіз. Жыл сайын аудан-қалалардың басын қосып, дәстүрлі турнир өткізу оңай шаруа емес. Биылғы жылы чемпионаттың республикалық деңгейде жарияланғандығы көңіл қуантады. Бұл жарыстың басқалардан басты айырмашылығы - жас талғамайды. Сонымен қатар, әуесқой спортшылар да толықтай өнер көрсетуге құқылы. Бұл дегеніңіз - тасада қалған талай таланттардың есімін елге белгілі етеді деген сөз.

- «Сарыарқа самалы» басылымы ұйымдастырған дәстүрлі турнирден бағы жанып, үлкен спортқа жолдама алған спортшылар бар ма?

- Иә, әрине бар. Республика көлеміндегі бәсекелерде олжа салып жүрген спортшыларымыз - осындай турнирлерде тәжірибе жинақтап, сұрыпталған жандар. Командалық жарыста Қазақстан чемпионы атанған 20 жасқа дейінгі азаматтар арасында да ел чемпионатының алтын медалін еншілеген Бақтияр Байжанов - осы турнирдің түлегі. Қазақстан кубогы сайысында жүлделі II орын алған Ардақ Қапашов, республикалық сайыстарда облыс намысын қорғап жүрген Әсел Темірханова, Таразда өткен жекелей сында Қазақстан чемпионатының күміс медалін иеленіп, азиялық ойынға жолдама алған Анастасия Фоос та - аталған турнирдің қатысушылары.

Жыл сайын осы чемпионатта жүлделі орындардан көрінген спортшылар I, II, III разрядқа ие болады. Сонымен қатар «Сарыарқа самалының» ұйымдастырған турнирінде жақсы нәтиже көрсеткен Железин және Баянауыл аудандарының спортшылары да республикалық сайыс- тарда бақ сынауда. Алдағы уақытта Лебяжі ауданының тоғызқұмалақшылары да облыс намысын басқа өңірлерде қорғауға мүмкіндік алып отыр.

- Осы сайысқа республиканың қай өңірлерінен спортшылар келеді?

- Жарысқа қатысатын аймақтардың нақты саны әзірге белгілі бола қойған жоқ. Дегенмен, қазірдің өзінде қатысуға ниетті он облыстың өкілдері бізге хабарласты. Сонымен қатар Моңғолия мен Ресейдің Алтай өлкесінен де спортшылар келеді деп күтілуде. Қытай халық республикасындағы қандастарымыз да төл спортымыздағы теңдессіз бәсекеде төрімізде қонақ болуға ниетті. Шекарадан өтуде құжат мәселесі оңтайлы шешілсе, олар да ортамыздан табылып қалар.

- Бәсекеге атақты спортшылардан кімдер қатысады?

- Есімі елге белгілі қыз-жігіттердің біразы жарысқа қатысады деп жоспарлаудамыз. Тоғызқұмалақтан Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері - астаналық Ғалымжан Теміржанов пен ақтөбелік Диана Кенина, ҚР спорт шебері Ербол Нұрханов секілді мықты ойыншылар сайыстың көркін қыздыратыны анық. Бір ғана Қостанай облысының намысын 4 спорт шебері қорғауға үмітті.

- Осы турнирде қанша тоғыз-құмалақшы бақ сынайды?

- Қатысушы спортшылардың дәлме-дәл санын айту қиын. Дегенмен, біздің болжамымыз бойынша 300-ден астам ойыншы шеберліктерін көрсетеді. Павлодардағы «Шахмат үйінде» 400 спортшыны қабылдауға мүмкіндік бар. Қатысушылардың саны жағынан дәл осындай ірі бәсеке бұған дейін республика бойынша бірде-бір өңірде өткізілген емес.

- 300 спортшыға 2 күн уақыт аздық етпей ме?

- Жалпы, тоғызқұмалақ ойыны классикалық, блиц, рапид сайыстары болып
3 топқа бөлінеді. Классикалық әдісте ойыншылар еркін көсілсе, блиц ойынында үміткерлер 7 минут ішінде өнерлерін көрсетіп үлгеруі тиіс. Рапид бойынша ойыншылардың әрқайсысына 20 минут уақыт беріледі. Аталған турнир рапид әдісі бойынша өткізіледі. Ойыншылардың уақыт үнемдеуіне де, ойлануына да мүмкіндік бар деп есептеуге болады.

- Ағайынға айтар тілегіңіз бар ма?

- Құрметті көзі қарақты оқырман. Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің бастамасымен өткізілетін дәстүрлі турнирге сіздер де қатысып, бақ сынаңыздар. Төл спортымызды дәріптеп, қиялы жүйрік, ойы ұшқыр зиялы ұрпақ тәрбиелеу сіз мен біздің қолымызда!

- Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен - Алпысбай ХОНЖ.

saryarka-samaly.kz