Танабайдың тапырақтап жүріп жасаған тойы қызық болды дей алмаймын, қонақтардың ойы бұзық болды... Асаба аузын апандай ашып, асыға айқайлағанымен, сөз берілгендер сүт ішіп, сүзбе жеп отырғандай, ортаға шыға қоймады. Бәрінің қолында - бір-бірден смартфон, үңіліп, шұқшиып отыр.

– Жаңа құдаларға сөз береміз, олар үшін сөзден алтын тереміз! – деді асаба. Құдалар ұялы телефондарына үңіліп, ватсаптарын ашып, бірдеңелерді жаза бастады. Төрде тымпиып отырған жас жұбайлар да ватсаптарын ашып, бірдеңені оқи бастады. Жыны келген асаба:

- Нағашыларға сөз береміз, нағашы-лар қайда болса, біз оларға ереміз! - деді.
Олар да смартфондарына үңіліп, ватсаптарын ашып, әлденелерді жыбыр-жыбыр жаза бастады. Асабаның ақылы айран, миы мәнті, көңілі көлшік, жүйкесі жүн болды. Той тым-тырыс. Мұндай тойды өмірінде көрген емес. Көрсе, көзі шықсын. Енді ол:

- Тойды бастап беру үшін жетпіс бесті желкелеген, келіндеріне еркелеген, әжеміз Өлмесгүлді ортаға шақырамыз! Ду қол шапалақ! - деді. Тойда отырғандар шапалақ жаудырды. Бірақ, әжеміз ортаға шықпады. Есесіне, ет жеп болып, камзолының қалтасынан табақтай айфонын шығарды да, ватсапқа кіріп, әлденелерді жаза бастады. Тамада талып қалайын десе, уақыт жоқ, «амал который» болып, смартфонын қалтасынан шығарды. Дереу ватсапқа кірсе, әжеміз: «Әй, қақсауық! Сенің дөрекі қалжыңдарың кімге керек? Одан да группаға қосыл! Той ватсаппен өтіп жатыр ғой, көрмейсің бе?» деп жазып тастапты. Асаба жымиып салды. Таң қалды. Тойдағылардың бәрі ватсапта!

Той ватсаппен өтіп жатыр! Ерекше той! О, интернет! О, әлеуметтік желі! Енді той қонақтарын жаулап алған ба? Ешкім ортаға шығып, мыжып жатқан жоқ! Сөз берілгендер жас жұбайларға деген тілектерін тек ватсап арқылы жазып жатыр. Тілектерінің қасына жымиған бас, бас бармақ смайліктерін қоса жіберіп жатқандар да баршылық. Даяшылар да үңіліп... Жүгіріп ас бөлмесіне барып еді, ондағы аспаздар да ватсаппен сөйлесіп жатыр! Әжейдің тілегін оқып еді, қате деген өріп жүр: «Айналыңдар! Сендерге бықыт тіреймін! Қошақтарыңмен қоша ағарып, балла-шағғаларың көп былып, үбиірлі шүбиірлі быдыңдар! Қиыншөлық көрмеңдер, жүзге жытпей өлмердер!

Жаңа құдағи да «қуып» кетіпті. «Қызым Айда! Тигенің құтты болсын байға!
Енеңнің айтқанын тыңдап, сорлы болып кетпе. Басыңды көтеріп жүр! Білсін, сенің қай жерден шыққаныңды! Ертеңнен бас-тап үйдегі билікті қолыңа алатын бол! Күйеубала көзін алартса, маған ызбанда. Обшым, сол үйдегі бар ақпаратты маған сағат сайын хабарлап тұр. Білсең, сен сол үйдің шпионкасы боласың! Ұқтың ба? Ал, жаныыым, қортық күйеуің құтты болсын!»

Нағашылардың бірі саясатқа «жүгіріп» кетіпті. «Ал, жиен, қатының құтты болсын! Қатын деген жақсы ғой. Қыста жылы жатасың, құшақтасып... Қатын деген рахат енді... Кеше ғана Ресейдің Түркиядағы елшісін терроршы атып тас-тады. Сөз сөйлей бергенде... Оңбаған екен! Ресей мен Түркияның арасына лапылдатып от жақпақ болғандардың әрекеті бұл. Ресейдің Сириядағы соғысқа араласқанын қаламайтындардың әрекеті! Елімізде тыныштық болсын, бақытты бол, жиен!»

Асаба алқынып, көшеге атып шықты. Темекі тартып тұрғандар да ватсапқа кіріп кетіпті. Оған бүкіл ел ватсапта отырғандай көрінді... О, Ватсап...

Мұхтар ШЕРІМ.

saryarka-samaly.kz