Әдетте жер-су атауларының белгілі бір тарихи жағдайларға байланысты айтылары сөзсіз. Осындай атаулар Далба жерінде көптеп кездеседі.

Қазір ономастикаларда бұрынғы жер-су атаулары қайта қаралып жатыр. Тарихи мәні бар, кейінгілерге үлгі–өнеге боларлық ежелгі жер аттары өзгеріссіз қалса бек жақсы!

Бұл жердің Далба аталу себебін әркім әр түрлі айтады. Біреулер баяғы бір жұтта малдар қырылып, далба-далбасы шыққан жабуы- мен осы тауларда бір тайлақ қана аман қалып, содан Далба атанған десе, енді біреулер Далба - түркі сөзі, қорған, ық, пана деген мағынаны білдіреді дейді.

Ертеде ата-бабаларымыз Сыр бойынан ежелгі ата-мекені Далба жеріне қоныс аударып көшіп келгенде маңайдағы тауларға одырая қарап:

- Далба-дұлба бұл немене таулар? – деген екен.

Содан бері бұл таулар Далба таулары деп аталады. Бұл жерде Абылай ханнан бұрын жеті ханды жебелеген көмекей әулие Бұқар жырау Қалқаманұлы өмірінің соңғы жылдарын өткізді. Тәуке, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандар тұсында мемлекет басқару ісіне белсене араласқан ірі тұлға, Абылай ханды жоңғарлардан тұтқыннан босатқан Қаз дауысты Қазыбек би тұрған. 14 жасында билік айтқан Едіге би Төлеубайұлы тұрды. Ол - атақты Шоң, Торайғыр билердің әкесі. Мәшһүр Жүсіп Көпеев медресе ашып, бала оқытты. Бұл жер - филология ғылымдарының докторы, профессор Белгібай Шалабаевтың, медицина ғылымдарының докторы, профес-сор Бүркітбай Айдархановтың, жазушы Зейтін Ақышевтің, Ұлы Отан соғысының қаһарманы, «Даңқ» ордендерінің толық иегері Бақыт Хайдаровтың атамекені.

Тотия тауы

Далбаның ең биігі - Тотия. Бұл таудың биіктігі бір шақырымнан асады. Тау басынан қарағанда Баянаула алақандағыдай көрініп тұрады.

Тотия анамыз кешегі жаугершілік заманда өзінің бір ауыз сөзімен елін апаттан аман алып қалыпты. Елге даналығымен, ақыл-парасатымен үлгі болған Тотия – Бабыр мен Құнияздың анасы. Бұлар қазір бір-бір ауыл болып отыр. Тотия анамыз дүние салғанда Бабыр: - Анамды Далбаның биігіне қоямын, - деп ақ жуғызып, арулатып мәйітті арқалап алып осы таудың басына шығарып жерлепті. Содан бері сол тау Тотия деп аталады.

Бабыр қорығы

Ертеде ата-бабаларымыз Сыр бойынан Далба жеріне қоныс аударып көшіп келгенде рубасылары бас қосып, жер бөліседі. Жиынға Бабыр «Маған қай жерді берсе де ризамын», - деп бармай, үйінде жатып алады. Бұл көктем айы болса керек. Қорықты су басып, судың тереңдігі салт атты адамның үзеңгісінен келіп, өткел бермепті. Әр рудың адамдары өздеріне тиесілі жерді белгіліп болып: - Енді кім қалды, кім бар жер алмаған? - дегенде «Бабырға жер бөлінген жоқ. Келмей қалған өзінен көрсін, оған анау су басып жатқан жер де жарайды» – деп қорықты беріпті. Сөйтіп жаз ортасынан ауа су қайтқанда белуардан келетін шабындық Бабырға мол табыс әкеліп, байып кетіпті. Жатса да Бабыр еңбек деген сөз содан қалған екен. Күні бүгінге дейін сол жер Бабыр қорығы аталып, халыққа пайдасын тигізіп тұр. Кешегі қылышынан қан тамған Кеңес үкіметінің тұсында солақай саясаттың кесірінен Бабыр қорығының ортасын ойып тұрып «Жаңатілек» деп аталатын колхоз салынды.

Қожа тауы

Пайғамбарымыз Салла Аллаһу Мұхаммед Ғаләйһи уәссалам дүниеден қайтқаннан кейін Хазірет Омар жан-жаққа сахабаларын аттандырып, халыққа ислам дінін уағыздауды жүктейді. Мұсылмандықты уағыздауға Қаратау Ақкөсе, Имам, Бабыр, Құттықожа, Аққоян деген сахабалар келген екен. Бұлардың барлығы да Қаратауда шәһид болып, молалары күні бүгінге дейін жоғалмапты. Тегінде бізге келіп жеткендері осы сахабалардың ұрпақтары болса керек.

Ертеде елге ислам дінін уағыздауға Қаратаудан келген қожалар Далбадағы Дің тауын айнала мекендеп тұрған көрінеді. Сондықтан Дің басқа тауларға қарағанда киелі саналады. Сол қожалардың бірі - Нияз қожа. Шын аты - Ерсаушы.

Ей, Ерсаушы, Ерсаушы
Ер тілегін бер саушы, - деп бастарына қауіп-қатер төнгенде ел адамдары Нияз қожаның аруағына сыйынатын болған. Нияз қожа тіршілігінде халықты соңына ертіп, қазақ–қалмақ соғысында талай жеңістерге жетіп, ерлігімен де көзге түсіпті. Осы Нияз қожа дүниеден өтерде мынадай өсиет айтқан. «Мен дүниеден көшкенде құбыла жақтан көк өгізге жегілген шана келеді. Денемді ақ жуып арулап сол шанаға салып, соңынан еріп отырыңдар. Өгіз екі жерге тоқтап, үшінші жерге келгенде тоқтаған жерден қабырымды қазыңдар. Сол жерден түйелі кісінің бойындай Арғын таңбасы тас шығады. Тасты бас жағыма орнатыңдар. Тастағы Арғын таңбасы жерге кіріп жоғалып кеткен күні ақырғы заман сонда болады» депті.

Оңтүстіктен солтүстікке созылған Бабыр қорығының ортасындағы адыр ертеде Аралтөбе деп аталған. Нияз қожа осы адырдың теріскей жағындағы төбеге жерленіпті. Содан бері бұл адыр Қожа тауы деп аталады.

Мұхамет-Қайыр ШӘРІПОВ, Жаңатілек ауылы, Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz