- Ел-елді аралап, ән кештеріңізді жиі беріп жүресіз. Сондай-ақ, Павлодар жеріне де үнемі ат басын бұрып отырасыз. Бұл жақтың көрермендері сізді несімен баурап алды?

- Соңғы жылдары тікелей шығар-машылығыма көңіл бөліп жүргенім рас. Еліміздің түкпір-түкпірін аралап, алыстағы ағайындарға жаңа әндерімді тыңдата жүріп, үлкендердің ақ батасын алу - басты мақсатым. Сонымен қатар, өнер әлемінде жүрген өзімнің туған інім Әбдіжаппардың шығармашылық жолы да - менің жауапкершілігімдегі іс.

Павлодар жеріне алғаш рет ән сапармен келген кезде қорқақтай келгенім жасырын емес. Қалай болар екен? Менің әнімді тыңдай ма? Қабылдай алар ма екен? деген сан сауал көкейімде сайрап тұрды. Алайда, сахнаға шығып, әнімді айтып бастағаннан-ақ, соғылған шапалақтан құлағым тұнып кетті. Сол сәтте залға жиналған халықтың көп екенін аңғара қоймадым. Екі-үш әнім орындалғаннан кейін ғана көрермендердің арасында түрегеп тұрғандарды көрген кезде қатты толқыдым. Әрі Алматыдан бері арқалап келген қобалжуым бірден басылды. Содан бері осы шаһарға 3-4 рет ат басын тіреппін. Әр келгенімді үлкен сеніммен келемін. Ол мені тыңдауға келген көрермендерімнің менен жаңа ән күтетінін білемін. Сол себепті, әр сапарымда кемінде 2-3 жаңа әнмен келуге тырысамын.

Осы жаққа менің жиі келуімнің тағы да бір себебі, ол халықтың ақ батасы болар. Әр келгенімде үлкен олжамен қайтамын. Бірде бір үлкен апамыз қолындағы күміс сақинасын шешіп берді, бір әжей әдейілеп келіп, ақ орамалын иығыма жауып, аналық ақ батасын берді. Біз үшін бұдан асқан бақыт жоқ.

- «Алматыға бір жетсем, сол қалада өлемін» деп толғанып жүрген Роза Әлқожа жақында Астана қаласына қоныс аударды. Қоныстарыңыз құтты болсын! Астанаға үйрендіңіздер ме?

- Иә, арман қуып Алматыға келіп, сол жерден теңімді тауып, үлкен өмірге қадам бастым. Алматы - мен үшін жер жаннаты. Алматыдан басқа қалаға қоныс аударып кетемін деп ешқашан ойламаппын. Бірақ отағасының шешімі осылай болды. Жаңа жылдың алдында ол кісі маған Астанаға көшу туралы ұсыныс жасады. Мен көп ойланбас-тан, «ақыры солай шешім қабылдасаңыз, жаңа жылға дейін көшуіміз керек» деп бір күннің ішінде жиналып, көшіп кеттік. Қазір шүкір, балаларымыз жайлап үйреніп келеді. Біздің қоныс аударуымыз да сол балалардың қамы, болашағы үшін ғой.

- Жуықта балапандарыңыздың қатысуымен жаңа әнге бейнебаян түсірдіңіз. Өте әсерлі әрі шынайы. Жалпы, кей өнер адамдары балаларын, отбасын көрсетуден қорқады.77

- Иә, осы жылдың ең үлкен жаңалығы да сол болды. Жарыммен келісе отырып осыны қолға алдық. Жалпы, мен отбасын, балаларын сырт көзден жасыратын адам емеспін. Керісінше, ел алдына шығып, үлкеннен бата алудың артықшылығы жоқ қой. Көзі қарақты көрермен біледі, кез келген ән кешіме балаларым қатысып жүр.

- Әндеріңіздің көбі жауапсыз махаббатқа құрылған. Неге?

- Осы сұрақ көп жерде алдымнан шығады. Бақытты жар, үлгілі анасыз дейтін көрермендер өте көп. Жалпы, ақындарда «лирика» деген болады ғой, менің жалпы табиғатым сол лирикаға, мұңға жақын. Мүмкін адам өмірінде қуаныштың өзі әр түрлі болатын шығар. Енді бәрі көңіл күйге байланысты туады ғой. Басымнан ештеңе өтпесе де, әдемі, сазды әндер тыңдасам сол жаныма жақын болып тұрады.

- Өткен жылдың соңында жол апатына түстіңіздер. ФБ жеке парақшаңызда «Көлік апатынан тірі қалып үйге барғанда «мама» деп күліп шыққан осы қызды құшақтап, көз жасым тарам-тарам боп егілгенім ешқашан есімнен кетпес! Егер мен дәм-тұзым таусылып, аттанып кеткенімде осы балапанның есінде де қалмас ем ғой деп жыладым... Есесіне, қазір маған ешнәрсе таң емес! Ешнәрсе қорқынышты емес! Кім үшін аман жүргенімді білемін, өйткені!..» деген едіңіз...

- Иә, сол бір жол апаты көп нәрсені ұғындырғандай болды. Машинаның апаттан кейінгі бейнесіне қарап тұрып, «қалай аман қалдық?» дестік. Сол кезде ғана өмірдің алдамшы екенін түсіндік. Жол апатын көп есіме алмауға тырысамын және бұрынғыдан екі есеге шүкіршілігім мен тәубам арта түсті. Бәрі де елдің тілеуі, халықтың ақ батасы ғой.

- Бес перзенттің анасысыз, балапан-дарыңыз болашақта қандай мамандық иесі боламын дейді?

- Барлығының да өнерге бейімі бар. Үлкен ұлым әнші болғысы келеді, қызым Әйкерім Қалаубаева секілді әнші әрі биші боламын дейді. Бала болған соң армандайды ғой. Әйтсе де, барлығын уақыт көрсете жатар. Мен үшін аман болса болды.

- «Мен сыйға тартқан орамал» дүкені еліміздің бірқатар қаласында ашылып үлгерді. Павлодар жерінде ашу ойыңызда бар ма? Жалпы, жеке кәсіпке неге орамал сатуды таңдап алдыңыз?

- Қазір шағын тігін шеберханамыз бар. Мұнда орамалдар түрлі дизайнмен тігіледі. Орамалдардың дизайнына қатысты негізгі идеяларды өзім айтып отырамын. Қытай, Оңтүстік Корея секілді елдерден сапалы маталарды алдырамыз. Дизайнына байланысты құндыз, бұлғын секілді табиғи терілер қосылады. Кейде шеберлер ақ матаға ою-өрнектерді бояумен салады. Біздің басты ерекшелігіміз, әрбір орамал - қайталанбас дүние. Орамалдарымыздың сапасына күмәнданған қыз-келіншектер де болды. Алайда ою-өрнектері арнайы технологиялармен басылатындықтан, сапасы сын тудырмайды. Ал осы сапар барысында біз Павлодардан «Мен сыйға тартқан орамал» дүкенінің бутигін аштық.

- Қазіргі таңда күнделік жазатын адам кемде-кем. Сіздің Ақмарал Леубаевамен өзара жазысқан СМС хаттарыңыз көптің жүрегін тербеді. Осы күнге дейін күнделік жазып жүрсіз бе?

- Күнделікті екінші сыныптан бастап түртіп қоятынмын. Бірқатар күнделіктерім сақталған. Бір күні уақыт бөліп, бұрынғы жазғандарымды қайтадан қарағым келеді. Мен де ел сияқты алғашқы кезде «Бүгін не бітірдім?» дегенмен шектелетінмін. Студент атанғаннан кейін ойларымды түсіре бастадым. Мұның бәрі - өзің үшін естелік. Асанәлі Әшімов ағамызға ұқсап «Менің жанрым - күнделік» деп күндердің күнінде күнделігімді өңдеп, жариялайтын шығармын.

Өкінішке қарай, қазіргі таңда күнделік жазып жүргенім жоқ. Айтыскер ақын Ақмарал Леубаевамен жазысқан СМС хаттарымыз ел арасына тарап кетті. Өте әдемі әрі әсерлі болғаннан кейін менің жеке концертімде елге ұсынуды жөн көрдік. Бірақ оның «хит» боларын білмедік. Кейіннен Ақмарал маған «осыны жалғастырайық» деп ұсыныс айтты. Ал мен тапсырыспен жаза алмаймын. Осының жалғасы болғанын ел қалайды. Ол кезде мен көбіне пойызбен жүретінмін. Пойызда, білесіз, уақыт көп, домбыраңды алып ән айтасың, ұзақтан-ұзақ ойланасың. Осындай кездерде жазылады күнделік...

- Сізді Фариза апамыз ақын деп бағалап кетті? Сіздің өлеңдер жинағыңызды оқи аламыз ба?

- Мен ақын емеспін. Бірақ Фариза апам «ақынсың» деп айтты. «Досыма» деген өлеңімді оқып беріп едім: «Мен сыйға тартқан орамал» деген әнді радиодан естіп жүруші едім. Бүгін Розаны көріп отырмын. Осындай сіңлімнің барына қуанамын. Сен өзі жақсы ақын да екенсің», - дегенде, сол жолы Астанадан ұшақ емес, мен ұшып қайттым-ау деймін. Қанат біткендей болды.

Негізі, ол өлеңім өзімнің досым, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Ержан Байтілестің «Саған күйеу болудан сақтасын» деген әзіл сөзінен кейін жазылған болатын.

- Алға қойған жоспарыңыз қандай?

- Басты жоспарым - ел-елді аралап, жеке ән кештерімді беру. Елдің жүрегін тербер әдемі әндер жазып, көрген адамға ой салар жақсы бір бейнебаян түсіру. Бұл әзірге жоспар ғана. Бәрі де уақыт еншісінде.

- Уақытыңызды бөліп, сырласқа-ныңызға рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін!

 

Досыма

Қалжың, білем, астарында қайғы бар,

Қаңқу сөзге жан емес ем қаймығар.

Ұяласқа үндей алмай, іркілдім,

Мұңдас қой деп мендік мәжнүн жайды ұғар.

Аңсағанға арман жолы қашықта,

Досым, мені қаралауға асықпа.

Өлеңінен ажырамас әйелмін,

Баласының бұтын жуып жатып та.

Маған күйеу болу - бақыт, білсеңіз.

Шын жылатам, шын күлдірем, күлсеңіз.

Менің жаным жан ашпаған жұмбақ сыр,

Жаныңызда жүреді ылғи он сегіз.

Тіршіліктің түкірем де заңына,

Жаны көркем жан іздеймін сабыла.

Сені мансап қуды екен деп сөкпеймін,

Сен де менің тие берме жаныма.

Ел ішінде дәруіштей күн кештім,

Жапырақпен, сары бақпен тілдестім.

Мақала қып ақтара бер мұңыңды,

Мендей бірақ түсінбейді сізді ешкім.

Әуселеңді әуейілер ұғар тек,

Жүректерге тағылам ән тұмар боп.

Ұлымды емес, ұлтымды ойлап мұңаям,

Ұлым соның бір бөлшегі шығар деп,

Мен анамын, қара жердей құнары,

Қаным, жаным - асқақ рухтың тұрағы.

Құрсағымда пайда болған қуаныш,

Жатырымнан жауһар алып шығады.

Қазір мені ессіз-ау деп сөгерсіз.

Қылығым да қиялымдай тәуелсіз.

Ғасыр өтер бәрін құшып құнсыздың,

Әлди болып әнім қалар, көрерсіз...

 

Сұхбаттасқан - Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz