«Ертістің» өз жанкүйерлеріне қуаныш сыйлайтын мүмкіндігі әлі де сақтаулы.
Ол үшін жерлестеріміз 5 қарашада Павлодардың Орталық стадионында қарағандылық «Шахтермен» болатын матчта жеңіске жетуі керек. Сонда біздің жігіттер биылғы маусымды төртінші орынмен тәмамдайтын болады. Ал төртінші орын алған команда келер жылы Еуропа лигасының іріктеу кезеңіне қатысады. Демек, павлодарлық жанкүйерлердің Еурододаға куә болатын мүмкіндігі бар.
Ол үшін «Ертіс» сүрінбеуі тиіс.

«Ертіс» 32-турда Көкшетауға қонаққа барды. Жергілікті «Оқжетпеспен» кездескен біздің жігіттер 1:2 есебімен жеңіске жетті («Ертіс» сапынан Родриго мен Стаменкович мергендік танытты). Жеңіске жетіп қана қойған жоқ, «ертістіктер» «Оқжетпестің» соңғы үмітін «жерлеп» қайтты. Себебі, «Ертістен» ұтылған көкшетаулық ұжым премьер-лигадағы орнынан айырылып қалды. Енді «Оқжетпесті» келер маусымда бірінші лигадан көретін боламыз.

32-турда биылғы Қазақстан чемпионатының жеңімпазы анықталатын шығар деп күткен едік. Олай болмады. Алматының «Қайраты» «Астананың» чемпиондығын тағы бір ойынға шегерді. 32-турдың орталық ойыны Елордада өтті. Чемпиондықтан дәмелі қос ұжым «Астана» мен «Қайрат» шеберлік байқасты. Жанкүйер қауым қос клубтың ойынын Испаниядағы «Реал» мен «Барселонаның» кездесуі – «Эль-классикомен» салыстырып, «Ел классико» деп атап жүр ғой.
28 қазан күні сол бір «Ел классико»-ның кезекті «шайқасын» тамашаладық.
Екі мықтының тартысында «Қайрат» үстем болды. «Астананы» 0:2 есебімен тізерлетті.

Сөйтіп, «Қайрат» биыл «Астанадан» үшінші рет басым түсті. Енді ел чемпионы соңғы турда анықталады. «Астана» «Ақжайықпен», «Қайрат» «Ақтөбемен» кездеседі. Елорда клубына Орал командасын қалай да ұту керек. Әйтпесе, уыста тұрған алтыннан айырылып қалады.

Ел чемпионатының төменгі тобындағы бәсеке де қызып тұр. Десе де,
28 қарашада өткен 32-тур ойындарында біраз дүниенің басы ашылды. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл турда «Оқжетпес» бірінші лигаға аттанды. Ал «қауіпті аймақта» тұрған Оралдың «Ақжайық» командасы премьер-лигадағы орнын сақтап қалды. Оралдықтар қызылордалық «Қайсармен» тең ойнап (0:0), «қауіпті аймақтан» біржола алыстап, бір терең тыныстап алды.

Қалт-құлт етіп жүрген «Ақтөбе» де 32-турда шымкенттік «Ордабасыны» ұтып (2:0), «қауіпті аймаққа» «Қош!» деп қол бұлғады. «Ордабасының» биылғы бірінші-ліктің қола жүлдесін еншілеп қойғанына біраз уақыт болған еді. Сондықтан «Ақтөбемен» болған матч шымкенттіктер үшін аса бір маңызды кездесу емес-тін. Бұл жеңілістің төркіні де сонда жатыр.

Төртінші орынды «Ертіске» қиғысы жоқ қостанайлық «Тобыл» 32-турда ұпай жоғалтты. Сырт алаңда «Шахтермен» ұпай бөлісті (1:1). Естеріңізге сала кетейік, соңғы турда 2018 жылы өтетін Еуропа лигасында ел намысын қорғайтын төртінші ұжым анықталады. Бұл ретте, «Ертіс» пен «Тобылдың» мүмкіндігі бірдей. Екеуі де шешуші сында сүрінбеуі керек.

32-турда «Атырау» да «Таразды» ұтып (3:2), «жан сақтады». Яғни, премьер-лигадағы орнын сақтап қалып, «Таразды» бірінші лигаға шығарып салды.

Соңғы тур – шешуші сәт. Сондықтан 5 қарашаны тағатсыздана күтеміз.


Фархат ӘМІРЕНОВ, Астана қаласы, арнайы «Сарыарқа самалы» үшін.

saryarka-samaly.kz