Бес мемлекет - бір талап

Қазақстан мен Қырғызстан - Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер. Қабылданған ережелерге сәйкес, одаққа мүше елдер арасында сауда-саттық, басқа да экономикалық байланыстар бойынша бірқатар жеңілдіктер енгізілген. Бұл барлық мемлекеттердің дамуына оң ықпалын тигізетінін сөзсіз. Сондықтан, әрбір мүше елдер уағдаластықты берік ұстауға, ортақ мүдделерді қорғауға міндетті. Қазіргі Қазақстанның әрекеті де осыған ұқсас. Өкінішке қарай, қырғыз бауырлар мәселені біржақты түсініп, байбалам салып отыр. Олардың уәждеріне қарасаңыз, Қазақстан шекараның тәртібін бір кездегі Атамбаевтың атышулы мәлімдемесіне жауап ретінде ерегесіп қатаңдатуда.

Айта кетелік, қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу тәртібі 2017 жылдың
10 қазанында енгізілді. Саясаттанушы Асқар Нұршаның айтуынша, аталмыш шара шекарадағы жағдайды реттеуге бағытталған. Мәселе кеше-бүгін емес, бірнеше жыл бұрын туындаған. Қазақстан, Ресей, Беларусь елдері одақ құрған сәтте белгілі болған. Қазақстан одаққа енген беттен-ақ Қытаймен шекарадағы мәселені реттеп алды. Кейін қырғыз бен армян елдері одаққа енгенде өз заңнамасын, кедендік салық салу тәртібін Еуразиялық экономикалық одақ заңнамасымен сәйкестендіру мәселесі алға қойылды. Бірақ мәселе түбегейлі шешілмеді. Даудың басы да осыдан.

10 қазанда қазақтар тарапынан тәртіп күшейтілген кезде Астанаға Қырғызстан Премьер-Министрі Сапар Исаков бастаған делегация осы мәселені жеңілдетуге тырысты. Екі ел Үкіметінің мүшелері ақылдасып, шекара, көлік, фитосанитария және ветеринарлық бақылау, кедендік және салықтық әкімшілендіру істерін
ЕАЭО талаптарына сәйкестендіру мәселелерін кеңінен талқылап, жол картасын жасады. Бұл жағынан алғанда, Қазақстан Одақ мүшелері арасында алғашқы болып ЕАЭО қызығушылығын қорғауда.

Шикілік түбі - шетте

Ендігі жерде шекарадағы шиеленістің себебі неден туындағанына келсек. Қазақстан тарапының мәлімдеуінше, Қытай Қырғызстанға тауарларды көптеп импорттауын жалғастыруда. Алайда, қырғыздар бұл мәліметті кемітіп көрсетіп отыр. Бұдан жапа шегуші елдер – одақтың қырғыздан басқа барлық мүшелері. Арасында Қазақстан да бар деген сөз. Бірақ қырғыздар мұны түсінгісі жоқ. Олар өз дәлелін айтып бағуда. Тіпті Қазақстанның әрекеті заңсыз екенін айтып, жоғары органдарға шағымдануда.

Сондай шағымды Қырғыстан Республикасы Экономика министрлігі Еуразиялық экономикалық комиссияға түсірді. Онда былай деп жазылған: «Қазақстан Респуб-ликасы шекарасы арқылы өтуде отандық тауар тасымалдаушылар мен кәсіпкерлердің қиындық көруіне байланысты ҚР Экономика министрлігі Қазақстан тарапы Еуразиялық экономикалық одақтың заңнамаларын орындамай отырғанын атап өтеді».

Қырғыздардың айтуынша, барлық өткізу пункттерінде күшейтілген тәртіп енгізуі арқылы Қазақстан ЕАЭС жөніндегі Келісімнің негізгі қағидалары мен мақсаттарына кереғарлық әрекет танытып отыр. Қозғалысы ең көп «Ақ жол» және «Ақ тілек» автокөлік өткізу бекеттерінде күн сайын орташа есеппен 8 мыңнан астам тұлға, 662 көлік құралдары, оның ішінде 388-і жүк көлігі тексеріледі.
10 қазаннан бастап 3446 тұлға, 357 көлік құралдары, оның ішінде 162 жүк көлігі өткізілуде. Яғни, шекарадан өткізу көлемі азайған.

Бірақ Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік қызметіне қарасты Шекара қызметі жоспарлы тексеріс енгізілгелі қырғыз тасымалдаушылар өткізу көлемі азаймағанын алға тартты. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев та тұлғалар мен көліктерді, жүктер мен тауарларды тексеру күшейтілгенін, бірақ шектеулер немесе тоқтаулар енгізілмегенін айтты.

Айтпақшы, жоғарыда айтылған Астанаға келген сапарында қырғыз тарабы Қазақстаннан жүк көліктері болмаса да, қарапайым азаматтарды өткізу мәселесін жеңілдетіп алып қайтқан болатын. Бірақ оған тояттаған қырғыздар жоқ.

Сағынтаев жауабы

Бұл жерде Қазақстан Үкіметінің басшысы Бақытжан Сағынтаевтың Арменияда өткен Еуразиялық құқық аралық кеңес отырысында берген жауабын келтірмекпіз. Бақытжан Әбдірұлы шағым түсірген қырғыздарға толыққанды жауап берді. Тексерістің күшейтілуінде экономикалық негіз жатқанын егжей-тегжейлі түсіндірді.

Оның айтуынша, бүгінде Қырғызстан мен Қытай арасындағы сауда туралы мәліметтерде айырмашылық бар. Белгілі болғандай, қырғыздар импорт көлемін кемітіп көрсетеді. Оның салдары Одаққа мүше барлық елдерге тиіп отыр. Қазіргідей тауар ағынын есепке алса, үш жылда ЕАЭС бюджетінің кедендік түсімдері 828,6 миллион долларға ұтылады. Оның 59,3 миллион доллары Қазақстанға тиесілі.

Бүгінде одаққа мүше елдерге тауар импорттаушы негізгі ел – Қытай. Соңғы мәліметтер бойынша Қырғызстаннан басқа елдер Қытайдан тауар енгізуді азайтып келеді. Қазақстан тіпті екі есеге дейін кеміткен, Ресей - 25 пайызға. Ал Қырғызстан өсірмесе кемітер емес. Қытайдың сыртқы сауда статис-тикасы бойынша 2015 жылы қырғыз еліне 4,3 млрд. доллардың тауарлары енгізілген. Қырғызстанның есебі бойынша, импорт небары 1 млрд-ты құраған. Айырмашылық – 3,3 млрд. доллар. 2017 жылы бұл көрсеткіш 3,9 млрд. долларға жетіп, айырмашылық 2,5 млрд. долларды құрамақ. Қырғыздар қазірде биылғы соманы кемітіп отырғаны белгілі. Мұның бәрі одаққа мүше елдердің салықтық түсімдеріне үлкен әсер етеді.

Бақытжан Сағынтаевтың мәлімдеуінше, Қазақстан шекарасындағы тәртіптің күшейтілуі Бішкекке қарсы әрекет емес, контрабанда көлемін кеміту жолындағы күрес. Осы орайда мәселелерді шешуге бағытталған Жол картасы әзірленген. Қазірде тексеріс тек жүк көліктеріне қатысты, қарапайым азаматтарға жеңілдіктер сақталуда.

Қырғыз қашан ұтылып еді?

Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа қашан мүше болды? Қырғыз Респуб-ликасы 2015 жылдың 12 тамызында одаққа енді. Бұған дейін құрамда тек Қазақстан, Ресей және Беларусь болатын. Кейін Армения қосылды.

Одаққа енудің салтанатты рәсіміне екі ел Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Алмазбек Атамбаев Ыстықкөл жағасында отырып тікелей эфир арқылы қатысты. Салтанатты рәсім «Ақжол автокөлік жолы» атты қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу бекетінде, Бішкектен 20 шақырым жерде өткізілді. Келісімге сәйкес, Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы 8 бекетте жеңілдіктер енгізілді.

Қырғызстан содан бергі бір жылда қандай пайдаға кенелді? Бұл туралы саясаттанушы, Қырғызстандағы «Еуразиялық – жаңа толқын» қоры директорының орынбасары Денис Бердаков «kyrtag» ақпараттық құралында талдау мақала жариялаған. Оның келтіруінше, бір жыл дересінде қырғыздардың ұтқаны көп болған. Қазақ пен орыс елі ұлттық валютасын құнсыздандырып алғанда да қырғыз сомы тұрақтылығын сақтаған, тіпті құнын арттырған. Рас, қырғыздың тауарын сатып алу көлемі азайды. Бірақ бұл құбылыс барлық одақтас елдерге тән. Одаққа енгелі Қырғыз еліне ресейлік инвестиция көптеп құйыла бастаған. Әрбір 8-інші доллар Ресейге тауар экспорттаудан келіп отыр. Ресей қырғыздың алтын рудасын сатып алу бойынша Швейцариядан кейінгі екінші орында. Ресей бизнесі қырғыз нарығын құртады деген күдік жоққа шықты. Бәрінен де қырғыз еңбек иммигранттарының жағдайы жақсарды. Қырғыз азаматтары Мәскеуде де көптеп жұмыс істейтіні белгілі. Ендігі жерде тіпті заңсыз жүргендерді әшкерелеу мүмкіндігі ашылған. Қырғызстан әлі де ауыл шаруашылығы тауарлары экспортын арттырудан дәмелі. Әсіресе, Ресейге Батыс пен Американың санциялары көптеп салынған кезде мүмкіндік үлкен.

Д.Бердаковтың пікірінше, ЕАЭО – бір аумақта сауда жасаудың ортақ талаптары мен ережелері. Оны ұстауға Қырғызстан мүдделі болуға тиіс.

Сонда да тыйылар емес

Жалпы, Қырғызстан тауарларының сапасы жөнінде бұған дейін де наразылықтар жиі кездескен. Тексеріс енгізілгелі бұл тіпті ұлғайды десек, артық айтқандық емес. Біз қырғыздар тек матадан киім тігеді деп білеміз.

Ең алдымен бұл ел алтын кенін экспортаушы, сосын ауыл шаруашылығы өнімдерімен мақтанады. Қазақстандық тауар өндірушілер қырғыздың картобы біздің өндірушілерді жер қаптырып отыр деп санайды. Олардан арзанға келетін тауарлар көлемі үлкен, 2015 жылы Қазақстан оңтүстігінің 50 пайызын, 2016 жылы 30-40 пайызын қамтып тастаған. Бірақ арзан бағаны көздеумен қатар, қауіпсіздікті қарамайтын әдетіміз бар. Біздің өндірушілер қырғыздың 4 облысында картоп зиянкестерінің көбеюіне байланысты карантин үш жылдан бері жарияланғанын ескертуде. Егер тұқым алар болсақ, зиянкестер біздің топыраққа келіп орнығады. Сол себепті Қазақстан жүйелі түрде фитосанитария тексерісін ұйымдастыруға мәжбүр. Қырғыздың сүті мен балығы да таза емес. Қазақстанға қырғыздық 15 сүт өңдеуші, 9 балық өңдеуші, 2 мал етін өндіруші заводтар тауар экспорттайды.

Сөйте тұра, айырқалпақты ағайын Қазақстанды оңайлықпен дауға жығып беріп, кінәлауға дайын. Мәскеуге бір шағымданса, өткен аптада Президенті тағы бір мәлімдеме жасады.

А.Атамбаев Қырғызстан алдағы уақытта тауарларын Қытайға, Өзбекстанға өткізуді көздейтінін айтты. Үкіметке сондай тапсырма берді. Яғни, ендігі үміт Қазақстанға байланысты емес дегенді сездіртті. Ал Ресейді бауыр деп бағалайтынын айтты.

- Ерекше нарық іздеп керегі жоқ. Олар – 32 миллион адамдық нарығы бар Өзбекстан мен 1,5 млрд. халқы бар Қытай елдері. Шекарадағы соңғы оқиғалар Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржол құрылысын тездетіп жобалаудың қажеттілігін көрсетті. Әрі қарай жол Түркіменстан және Иран арқылы өтіп, Аравия теңізіне және Үнді мұхитына шыға алады. Экономикалық дамуда тек ЕАЭО-ға сеніп қалмауымыз қажеттігін ескертті, - деді ол.

Тағы белгілі болғаны, көрші ел қытай-қырғыз-өзбек бірлескен кәсіпорындарын құруға ынталы. Бір сөзбен айтқанда, қырғыз ағайын қыңырлығын қояр емес.


Осылайша, қитұрқы саясатты ұстанған бауырлас қырғыз елі Қазақстанның шекарасындағы тәртіптің күшейтілуін сан-саққа жүгіртуде. Бірақ, айтқандай, қазақ елі Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ талаптарын қорғауда. Бұл қырғыздан басқа 3 мүше елдің алдында біздің абыройымызды көтереді деп сенеміз. Әрі, келешекте ортақ нарықты қорғауда бізден үлгі алады деп ойлаймыз.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz