Биыл аталған өңірде 5 инвестициялық жоба қолға алынды. Бұл туралы аудан әкімі Ағыбай Әмірин өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.

Жалпы, биыл ауданда бұған дейін шешімін күткен мәселелер бойынша жұмыс жүргізіліп, бірқатар салаларға жан біткен. Мысалы, 10 жылдан бері жөні түзу жөндеу көрмеген ауыл ішіндегі жолдар қалыпқа келтіріле бастаған. Үстіміздегі жылы аудандық маңыздағы және ауыл көшелеріндегі жолдарды жөндеуге
22,629 млн. теңге қаржы жұмсалған. Нәтижесінде 2,2 шақырымдық жол орташа жөндеуден өткізіліп, 450 шаршы метр жолда ағымдық жөндеу жүргізілген. Аудан әкімі А.Әміриннің айтуынша, алдағы жылы да осы тектес жұмыстар жоспарланған.

Ауданда инвестор тарту және олардың табысты жұмыс істеуіне жағдай жасау бағытында біршама іс-шаралар атқарылуда. Соның нәтижесі болса керек, жыл басынан бері 5 инвестициялық жоба қолға алынған. Оның ішінде «Молочное село» ЖШС және «РИА Трейд» ЖШС сияқты ірі жобалар да бар. Атап өтерлігі, өткен 9 ай ішінде өңір қазынасына 150 млн. теңгеден астам инвестиция тартылған.

Үстіміздегі жылы ақтоғайлық шаруа- лар күш біріктіріп, 8 ауылшаруашылық кооперативін құрған. Оның 5-уі мемлекет тарапынан жалпы сомасы
61,8 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізген.

Ағыбай Қойшыбайұлының айтуынша, биыл аудандағы егістік алқаптарының көлемі 46,3 мың гектарды құраған. Оның ішінде 31,4 мың гектар алқапқа бидай, 13,1 мың гектарға майлы дақылдар, 1,4 мың гектарға картоп, ал 360 гектар жерге бау-бақша өнімдері отырғызылған. Жаз мезгілінде жауын-шашынның аз болуы салдарынан астық шығымдылығы гектарынан 9,3 центнерді құраған. Бұл - өткен жылмен салыстырғанда біршама аз көрсеткіш. Дей тұрғанмен, биылғы науқанда өңір шаруалары 30 мың тоннаға жуық бидай жинаған.

Ауданда 2012 жылы бастау алған су құбырының құрылыс жұмыстары қайта жанданды. Соның нәтижесінде аудан орталығындағы әрбір үйге су құбыры тартылмақ. Бұдан бөлек Жолболды, Приреченск, Андрияновка ауылдарындағы ауызсу мәселесі өз шешімін тапқан. Аталмыш елді мекендерді орталықтандырылған ауызсумен қамту бағытындағы жұмыстар жыл соңына дейін аяқталмақ. Бұдан бөлек, А.Әмірин келесі жылы аудандағы жалғыз тірек ауыл саналатын Қараобаға су құбыры тартылатынын жеткізді. Әуелбек пен Қожамжар ауылдарына да су құбырын тарту жоспарланған. Бүгінде тиісті жобалық құжаттар әзірленіп жатқан көрінеді. Осылайша, аудандағы тұрғындарының саны 500-ден асатын барлық елді мекендер сапалы ауызсумен қамтылмақ.

Д.АЙТПАЙ.

saryarka-samaly.kz