Тәулігіне 14 сағат халыққа қызмет ететін «ертістіктер» бағдарламалардың әрқайсысына жеке-жеке мониторинг жүргізіп, сұрыптаудан өткізген.

- «ЕRTIS» деген атау біздің өңірмен тығыз байланысты. Алғашқы күннің өзінде тың өзгеріске орай редакциямызға хабарласып, оң көзқарас білдірген азаматтардың саны көп. Республикадағы аймақтық телеарналардың жаңаруы - тарихи оқиға. Тәулігіне 5 сағатқа дейін халықпен тікелей эфир арқылы байланысатын біздің ұжым өзге өңірлердегі әріптестерімізбен иық тіресе жұмыс істеуде. Арнадағы бағдарламалардың 70%-ы қазақ тілінде беріледі. Бұрыннан қалыптасып, брендке айналған «Ертіс таңы», «Біздің қала - 718»,
«ЕRTIS INFORM» атауларын қалдыра отырып, оларға жаңа студиялық безендіру бердік. Алдағы уақытта қоғамдағы күрделі мәселелерді дөп басатын жаңа бағдарламалардың тұсауын кесетін боламыз, - дейді «ЕRTIS» телеарнасының директоры Бауыржан Айтқазин.

Көпшіліктің сұранысына ие болған «Однажды вечером» бағдарламасы эфирге қайта шығады. Отбасы құру тақырыбындағы «Сыңар сезім» атты жаңа жоба көрерменге жол тартпақшы.

- Бүгінгі қоғамда отбасын құру мәселесі өзекті екендігі белгілі. Шаңырақ көтеретін жастарымыздың да жасы ұлғайып барады. Отызға дейін отбасын құруға асықпайтын қыз-жігіттер жетерлік. Осыған орай, «Отыздан асып барамын», «Үй болу қиын», «Мен неге бойдақпын?», «Ажырасу себептері», «Несиеге той жасау», «Махаббат жасқа қарамайды», «Азаматтық некенің азабы» секілді тақырыптар жастардың, психологтардың, астрологтардың, арнайы сарапшылардың, өмірде көрген-білгені көп үлкендеріміздің қатысуымен егжей-тегжейлі талқыланатын болады. «Сыңар сезім» аптаның әр бейсенбісінде сағат 22.00-де ел назарына ұсынылады, - дейді бағдарлама жүргізушілерінің бірі Әсел Жақсыбай.

Жаңаша түрге еніп, қоғамның жаңғыруына үлес қосуға жұмылған «ЕRTIS» телеарнасының тың бастамасы көрермен санасына серпіліс әкеледі деп сенеміз.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz