Тартысты басталған ойында жергілікті команда жерлестерінің алдында намысқа тырысты. Алмакезек шабуылдармен өрбіген ойынның 29-шы минутында «Ертістің» шабуылшысы Александр Архипов есеп ашты. Араға 10 минут салып, жергілікті команданың шабуылшысы Хуна Роберт есепті еселеді. Оған шайбаны сәтті жеткізген команданың тағы бір белді шабуылшысы Хуна Рихардтың еңбегін атап өткен жөн. Ойынның 43-ші минутында ертістік Рүстем Айдаш «Теміртаудың» қақпасына үшінші шайбаны енгізді. Осылайша жергілікті команда «Теміртаумен» болған алғашқы ойында айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Қарымта ойында да жерлестеріміз жанкүйерлердің көңіл-күйін түсірмеуге тырысты. Турнир кестесінің 6-шы сатысында тұрған теміртаулықтарға жеңіс ауадай қажет еді. Алайда жанкүйер-лерден шабыт алған «Ертіс» командасы «Теміртауды» 5:3 есебімен тағы да жеңді.

Ел чемпионаты аясында 20 ойын өткізіп, қарсыластар қақпасына 58 шайба соғып, 38 шайбаны өздеріне өткізіп алған «Ертіс» командасы 33 ұпаймен турнирдің
4-ші орнындағы көрсеткішін сақтап қалды. Ал 28 ұпай жинаған теміртаулықтар
7-ші орынға сырғыды. Көш басында 44 ұпай еншілеген Астананың «Номад» шайбалы хоккей командасы тұр.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz