Өңірімізге арнайы келіп, жыл сайын байрақты бәсекенің көрігін қыздыратын спортшылар арасында ақтөбеліктер де бар.

Тоғызқұмалақтан халықаралық дәреже-дегі спорт шебері, әлем чемпионы, Ақтөбе қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Диана Кенина - аталған турнирге бірнеше жыл қатарынан қатысқан жандардың бірі.

- Павлодар жерінде «Сарыарқа самалы» басылымының ұйымдастыратын турниріне бастапқыда спортшы ретінде қатысып, бақ сынағанмын. 2011 жылдан бері бапкерлік қызметке ауысқан соң шәкірттерімді де осы жарысқа үкілеп әкелуді әдетке айналдырдым. Турнирдің өзіне тән ерекшеліктері бар. Жас талғамайды. Төрешілердің де кәсіби деңгейі жоғары. Шыны керек, жеңімпаздарға берілетін сый-сыяпаты да басқа жарыстарға қарағанда артығырақ. Кейде шәкірттерім: «Апай, Павлодарға қашан жарысқа барамыз?» - деп сұрайды. Осындай турнир балғындардың өсуіне зор ықпал етеді. 2012 жылы Чехияның Прага қаласында өткен додада топ жарып, әлем чемпионы атандым. Астана қаласында өткен әлем чемпионатында екінші орынды еншіледім. Менің биіктерді бағындыру жолында тәжірибе жинақтап, шыңдалуыма газет жүлдесіне арналған турнирдің үлесі зор,
- дейді Диана Кенина.

Жыл сайын Ақтөбеден келетін спортшылардың жартысынан көбі жүлде-герлер қатарынан көрінеді. Биыл да батыстың баһадүрлері «Сарыарқа самалы» газеті ұйымдастыратын турнирде топ жарып, қоржынымызға қомақты жүлде саламыз деп алақандарын ысқылап отыр.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz