Мұғалімдер қиналуда

Мамандардың айтуынша, электронды күнделік отандық орта білім беру жүйесіне осы оқу жылының басында енгізілген. ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің бұйрығы бойынша 2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап елдегі 4 000 мектеп электронды журналдар мен күнделіктердің бірыңғай ақпараттық жүйесіне қосылуы тиіс болатын. Бүгінде жоғары жақтан түскен бұл бұйрық «қағаз жүзінде» орындалып жатқанымен, шын мәнінде көпшілік оның тиімділігін әлі де сезіне алмай жүр. Себебі, электронды күнделікке қатысты мәселе көп.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметіне сүйенсек, осы оқу жылының басында аймақ бойынша 273 мектепке «Күнделік» жобасы енгізіліп, олар электронды түрде журнал толтыру және баға қою жүйесіне көшкен. Алайда бүгінде аталған білім беру мекемелерінің кейбірі электронды күнделік толтыруда түрлі кедергілерге тап болуда екен. Соның салдарынан мұғалімдер жапа шегуде. Осындай қиындықты басынан кешіп отырған білім ордаларының бірі – Успен ауданына қарасты Қаратай орта мектебі.

- Біздің ауылымыз облыс орталығынан шалғайда орналасқан. Сондықтан да болар, осында интернет желісінің жылдамдығы өте төмен. Қазіргі уақытта мектебіміздегі интернеттің орташа жылдамдығы секундына 0,5 мегабит қана. Мұндай баяу темппен жұмыс істеу мұғалімдерімізге қиындық тудыруда. Сонымен қатар, мектепте 1 ғана интернет нүктесі бар болғандықтан, білім ордасындағы педагогтар сабақтан соң кезектесіп жүріп, электронды күнделікті әзер толтырады. Бұл жағдай алтын уақытымызды алады. Ол аз болғандай ауа райы қолайсыз күндері, яғни, боран, бұрқасын кезінде электр жарығы өшіп қалады. Бұл мәселе де жаңа талап бойынша жұмыс істеуге кері әсерін тигізбей қоймасы анық. Сондықтан біз сияқты интернеті сапасыз ауыл мектептерінің мұғалімдері үшін электронды күнделікті толтыру мұңға айналуда. Өкініштісі, өз үйімізде де интернет қосылып тұрғанымен, одан электронды күнделікті ашып көре алмаймыз. Осыдан кейін ата-аналар қалай электронды жүйе арқылы баласының оқу үлгерімін қадағалай алады? Интернет қолжетімсіз болғандықтан, оларға жаңашылдықты түсіндіріп, таныстыруға да мүмкіндік болмай отыр, - деп налиды Қаратай мектебінің директоры Ботагөз Бекенова.

Демек, бүгінгі таңда аталмыш мектепке «Күнделік» жүйесі енгізілгенімен, ата-аналар да, оқушылар да оның қызығын көре алмай отырған жайы бар.

Бір анығы, бұл - бір ғана ауыл мектебінің жағдайы. Ал аймақтағы жаңа жобаға қосылған 273 білім беру мекемесінің 240-қа жуығы ауылдық аймақта екенін ескерсек, мұндай қиындық өзге де білім беру мекемелерінде орын алуы ықтимал...

Ал бірқатар білім ордаларында 2 тоқсан бойы электронды күнделік тек жоба ретінде ғана толтырылып жатқандықтан, ата-аналардың көпшілігі одан бейхабар болып шықты. Мәселен, облыс орталығының іргесінде орналасқан Павлодар қаласына қарасты Павлодар ауылының тұрғыны Жұлдыз Қабдыраш:

- Менің балам мектепте оқиды. Оқу жылының басынан бері қағаз күнделікті пайдалануда. Электронды күнделік туралы мүлдем естімеппін... - дейді.

Ақсу қаласына қарасты М.Омаров ауылының тұрғыны Мерейгүл Нузкей де 2 баласы осы елді мекендегі мектепте білім алатынын, бірақ электронды күнделіктің не екенін әлі білмейтінін айтады. Бұл мектеп «Күнделік» жобасы енгізілген білім беру мекемелерінің тізімінде бар. Соған қарағанда, ауылдық ата-аналар әлі күнге дейін мектептегі жаңашылдықтан бейхабар болса керек.

Кімге сенсек екен?

Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Жомарт Қарамбаев аймақ мектептерінде электронды күнделікке қатысты ешқандай мәселе жоқ екенін айтады.

- «Күнделік» жобасы енгізілген мектептерге үнемі мониторинг жүргізіліп тұрады. Осы іске облыс мектептері белсенді қатысуда. Бүгінде электронды журналдардың толтырылу көрсеткіші 99 пайызды құрап отыр. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар өз деңгейінде жүзеге асуда. Сондай-ақ, ауыл мектептерінде интернет жылдамдығына қатысты мәселе жоқ. Қазіргі таңда ауылдық мектептердегі интернет жылдамдығы секундына 4 мегабайтты құрайды. Бұл - жақсы нәтиже. Ауылдағы білім ордаларына «Күнделік» жобасын енгізерде осы мүмкіндіктердің бәрі ескерілді. Сондықтан жобаға кірген мектептердің ата-аналары өз балаларының оқу үлгерімін еш қиындықсыз қадағалап отыруына болады. Ал үйінде интернеті мен компьютері жоқ тұрғындар ұялы телефонының көмегіне жүгінгені жөн, - дейді Жомарт Петрұлы.

Осылайша, жергілікті білім беру басқармасы бұл жайтқа қатысты мәселе жоғын алға тартса, ауылдағы мектеп директоры басқаша уәж айтуда. Кімге сенсек екен?..

Тағы бір мәселе – заман күн сайын қарыштап дамығанымен, қоғамымызда көштен қалып келе жатқан жандардың да бар екені жасырын емес. Яғни, жұрттың бәрінде бірдей интернетке қосылған компьютер мен қымбат смартфондар жоқ. Сонымен қатар, кейбір тұрғындар, әсіресе, үй шаруасымен айналысып отырып қалған әйелдер мен егде тартқан азаматтар әлі де интернеттің игілігін түсіне бермейтіні шындық. Сондай жандардың бірі – Май ауданының тұрғыны Әмина Батырханова:

- Үлкен немеремді бауырыма басып алғанмын. Ол мектепте оқиды. Бұрын баламның күнделігін тексеріп, қандай баға алғанын үнемі қадағалап отыратынмын. Бұдан былай оның оқу үлгерімін интернет арқылы электронды күнделіктен көріп отыру керек дейді. Шынымды айтсам, мен оны түсінбеймін. Үйімде интнернет деген нәрсе атымен жоқ. Қымбат телефон да ұстамаймын, оның тілін ұқпаймын. Сонда не істеуім керек, - дейді қынжылып.

Аймағымызда, жалпы, елімізде осы күнге дейін интернеттің қызығын көре алмай жүрген жандар аз емес. Білім беру саласындағы бұл өзгерістер олар үшін қиындық тудыратыны анық. Оны шешудің қандай жолдары бар?

- Расымен де, үйінде интернеті, вай-файы жоқ отбасылар үшін қиындық тууы мүмкін. Сондықтан мұндай ата-аналармен сынып жетекшілері және мектеп әкімшілігі келісіп, мәселені шешуі керек деп ойлаймын, - дейді Ж.Қарамбаев.

Бірақ бұдан былай «Күнделік» жобасы енгізілген білім беру мекемелерінің жаңашылдықтан бас тартып, кейін шегінуіне жол жоқ. Сонымен қатар, бірнеше күннен кейін, яғни, 1 наурыздан бастап жобаға енген 273 павлодарлық мектептің оқушылары үшін қағаз түріндегі журналдар мен күнделіктерді пайдалануға тосқауыл қойылмақ.

- ҚР Білім және ғылым министрінің 2017 жылдың 31 қаңтарында шыққан №39-ыншы бұйрығына сәйкес 1 наурыздан бастап пилоттық білім беру ұйымдарына өзгерістер енгізіліп, тек қана электронды түрде жұмыс істеуді қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданады. Яғни, қағаз күнделіктер мен журналдар қолданыстан алынып тасталады. Онымен жұмыс істеуге мектептер міндетті емес. Себебі министрліктің бұйрығы орындалуы тиіс, - дейді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары.

Айта кетерлігі, пилоттық жобаға енген мектептердің арасында Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларының орталығынан барлығы 30-дан астам мектеп бар. Ал мамандандырылған мектептерден 2 білім беру мекемесі (Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған «Музыкалық колледж – музыка мектеп-интернаты» кешені, Екібастұздағы дарынды балаларға арналған облыстық көпсалалы лицей) енгізілген. Тәжірибеге алынған өзге білім орда-ларының барлығы ауыл мектептері.

Алайда интернет жылдамдығы жағынан Африканың артта қалған елді мекендері құрлы мүмкіндігі жоқ біздегі ауыл мектептеріне не себепті алғаш болып тәжірибе жасалып жатқаны түсініксіз... Ал әншейінде «көштің алдында» жүретін қала мектептері бұл жаңашылдықтан неге құралақан қалды екен?

«Бір тиын да төлемейді»

Бәрін айт та, бірін айт! Сонымен, электронды күнделіктен не ұтамыз? Маман-дардың айтуынша, оның көмегімен кез келген ата-ана өзіне қолайлы уақытта интернетке кіріп, баласының оқу үлгерімін қада-ғалайды. Сондай-ақ, сабақ кестесі мен берілген тапсырмалардан хабардар бола алады. Ал мұғалімдер қағазбастылықтан құтылады. Бірақ, жаңа жүйенің күнгейімен қатар, көлеңкелі тұстары да баршылық екен. Кейбір мұғалімдер жаңашылдыққа үйрене алмай жүргенін айтып, шерін тарқатуда.

- Мектебімізге электронды күнделік жүйесі енгізілгелі бері мазамыз кетті. Неге десеңіз, мектепте бірнеше сыныпқа сабақ беріп, ондағы жүздеген оқушының алған бағасын жеке дәптерге жазып отырамыз. Сосын сабақ біткен соң оны электронды күнделікке қоямыз. Кейде мектептегі компьютер бос болмайды. Сондықтан мен көбінесе кешкісін үйге келгеннен кейін қағазыма белгілеп алған бағаларды электронды күнделікке енгіземін. Осылай екі жұмыс істегенше, бұрынғыдай балалардың бағасын бірден қағаз журнал мен күнделікке қойып отырған оңай еді. Мұндай жүйені енгізбес бұрын әр сыныптағы мұғалім үстелінде интернетке қосылған жеке компьютер тұруы тиіс қой. Әйтпегенде, үйге келіп, балаларымыздың тамағын пісіру, пеш жағу, оқушылардың дәптерін тексеру сынды жұмыстарымыз жетіспегендей, енді күн сайын интернетке үңіліп, көз майымызды тауысатын болдық. Ол үшін бізге қосымша жалақы төленіп жатқан жоқ, - дейді аты-жөнін айтудан бас тартқан ауыл мұғалімі.

Осылайша, ел арасында электронды күнделікке қатысты түрлі пікір айтылуда. Бір қызығы, бұған дейін бірқатар республикалық БАҚ-тар «Күнделік» жобасына тіркелу үшін ата-аналар ақы төлеу керектігі жайлы жарыса жазған болатын. Ал облыстық білім беру басқармасының өкілдері бұл ақпараттың шындыққа жанас-пайтынын алға тартты.

- Электронды күнделік үшін ата-ана өз қалтасынан 1 тиын да төлемейді. Бұл қызмет тегін көрсетіледі. Тек интернетке қосылған компьютеріңіз немесе ұялы телефоныңыз болса болғаны, - дейді Ж.Қарамбаев.

Жаңа жобаға жауапты «Күнделік» ЖШС-нің өкілдері мұндағы басты мақсат - оқушы, мұғалім және ата-ана үшеуінің бірлігі арқылы білім беру жүйесінің сапасын арттыру екенін айтады.

Айта кетерлігі, заманауи күнделік оқу материалдарымен ғана емес, ойын-сауық мазмұнындағы дүниелермен де қам-тылған.

Мамандардың айтуынша, елімізге енді ғана енгізіліп жатқан осынау жаңашылдық бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асуда. Ал көршілес Ресейде бұл жаңашылдық әлдеқашан бұрын енгізілген екен. Тіпті, кейбіреулер «Күнделік» жобасы ресейлік dnevnik-тің көшірмесі екенін айтып, сын тағуда.

Қалай десек те, болар іс болды. Ендігі мақсат – осы мәселеге қатысты орын алған олқылықтардың оң шешімін тауып, электронды күнделіктің баршаға қолжетімді болуына жағдай жасау. Ал бұл жүйе дұрыс па, бұрыс па, ол жағын білім саласының жілігін шағып, майын ішіп жүргендер таразылай жатар...

Нұржайна ШОДЫР.

saryarka-samaly.kz