Бүгінде шаруашылықтың қызметі негізгі екі бағыттан тұрады. Оның бірі мал шаруашылығы болса, екіншісі - өсімдік шаруашылығы. Соңғысына серіктестік ерекше мән береді. Себебі ол облыстағы элиталық тұқымдар бойынша түпнұсқа иесі болып табылады. Яғни, аймағымыздың өзге кәсіпкерлері дәнді дақылдардың сапалы тұқымын осы шаруашылықтан сатып алады. Бидай, арпа мен сұлының тұқымы еліміздің өзге де облыстарына жөнелтіледі.

Жалпы, мұнда бидайдың 5 түрі, арпа мен сұлының бірнеше түрі өсіріледі. Егістік алқабы 17 800 гектарды құрайды. Оның 10 мың гектары дәнді дақылдарға тиесілі. Қалған бөлігінде жем-шөп дақыл-дары өсіріледі. Үстіміздегі жылы шаруашылық орташа есеппен алғанда гектарынан 10 центнер көлемінде өнім алған. «Ертіс» ТШ» ЖШС басшысы Қанат Дүйсембиновтің айтуынша, егін шығымдылығына ауа райының қолайсыздығы, ылғалдың жетіспеушілігі өз әсерін тигізген. Биыл шамамен 7 мың тонна элиталық астық тұқымы жиналған.

Серіктестікте сүтті бағыттағы 320 қара ала сиыр бар. Олар жыл-он екі ай қорада тұрады. Қазіргі кезде әрқайсысы орташа есеппен алғанда 10-12 литр шамасында сүт береді. Қ.Дүйсембенов малдың жем-шөбіне ерекше назар аударылатынын айтады. Мұндағы мал азығы сүрлем, пішендеме, ұсақталған шөп пен бидай, сұлы, арпадан араластырылып жасалады. Бұлардың барлығы шаруашылықтың өзінде өсірілетіндіктен, мал азығын әзірлеу қиынға соқпайды. Бұл іспен агроном, зоотехник мамандар айналысады. Шрауашылықта өндірілген сүт Павлодар қаласындағы «Сүт» АҚ-на тапсырылады.

Бұдан бөлек, серіктестік мал бордақылаумен де айналысуда. Қазіргі кезде мұнда 100 бас ірі қара мал семіртілуде. Атап өтерлігі, кәсіпкер Германия елінен етті, сүтті бағыттағы симентал тұқымдас 500 ірі қара мал алып келген. Мамандар бұл сиырлардың сүтінің майлылығы жоғары екенін айтуда. Және еліміздің ауа райына төзімді.

 

Қимылдаған қыр асады

Несібесін жерден терген Ертіс ауданының диқаншылары кәсібін одан әрі дамытуға тырысуда. Бүгінде өңірде қайта өңдеу шаруашылығын қолға алған кәсіпорындар баршылық. Солардың бірі - «Оразбаев» шаруа қожалығы. 1996 жылы құрылған ол бүгінде Ертістің беткеұстар, ірі шаруашылығы санатында.

Шаруашылыққа тиесілі дәнді дақылдардың егіс алқабы 20 мың гектар шамасында. Мұнда бидайдан бөлек, арпа, сұлы, күнбағыс отырғызылады. Биыл алғаш рет тәжірибе түрінде 30 гектар көлемінде жасымық себілген. Қожалық басшысының орынбасары Аюбай Оразбаевтың айтуынша, жасымықтың шығымы жақсы болған. Сондықтан келесі жылы оның алқабын ұлғайту жоспарлануда.

«Оразбаев» ШҚ дәнді дақылдарды өндіріп қана қоймай, оны өңдеумен де айналысады. Бұл бағытта 2010 жылы диірмен салынған. Оған қажетті құрал-жабдықтарды Түркия елінен жеткізіпті. Диірменнің тәулігіне 45 тонна бидай өңдейтін қуаты бар. Сәйкесінше, 30-35 тонна шамасында ұн шығарылады. Алынған өнім көбіне Павлодар қаласының сауда орындарына жөнелтіледі. Астана қаласында да саудаланатын көрінеді. Бұдан бөлек, аудан орталығында шаруа қожалығына тиесілі наубайхана бар. Осылайша, кәсіпкер дайын өнім шығаруға дейінгі кешенді жұмысты бір ізге келтірген.

Қожалық уақыт өткен сайын өркен жайып келеді. Әсіресе техникалық базасы толығымен дерлік жаңартылған. Мұнда бүгінде тұрақты түрде шамамен 100 адам еңбек етеді. Ал маусымдық жұмыстарға қосымша тағы 100 адам тартылады.

Шаруа қожалығы өз қызметкерлерінің жағдайына ерекше мән береді. Су жаңа комбайндардың бірін тізгіндеген Оразбай Таңжарықов 11 жыл осы шаруашылықта механизатор болып жұмыс істеп келеді. Оның айтуынша, бүгінде жаңа техникалардың арқасында жұмыс жеңілдеген.

- Бұрынғы техникаларға қарағанда бұл әлдеқайда жақсы. Жұмысы автоматтандырылған. Көп қызметі компьютерлік техника арқылы басқарылады. Өте ыңғайлы. Жалпы, мұнда жұмысшыларға да жақсы жағдай жасалған. Жалақымызды уақытылы алып тұрамыз. Бұдан бөлек, қорамыздағы азын-аулақ малымызға қажетті көлемде жем-шөп, үйге көмір беріледі. Үш мезгіл тегін тамақпен қамтылғанбыз. Отбасымды осы жұмысымның арқасында асырап отырмын, - дейді.

Атап өтерлігі, шаруашылық бау-бақша өнімдерін де өсіреді. Жылыжай шаруашылығын дамытуды көздеуде. Кәсіпкер мал шаруашылығына ерекше ден беруде. Мал бордақылауды да қолға алған. Қазіргі кезде етті және сүтті бағыттағы 400-ден астам ірі қара бар. Жылқы шаруашылығы да өркен жаюда.

 

Ынта болса, жұмыс бар

Ертіс ауданында тұрғындарды жұмыспен қамту шаралары нәтижелі жүргізілуде. Жыл басынан бері 500-ге жуық адам екі қолға бір күрек тапқан. Кәсіп ашып, нәсібін көріп отырғандар да баршылық.

Бұл ретте, тұрғындарға «Ертіс ауданының жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорнының тигізіп отырған көмегі зор. Заманауи үлгіде жабдықталған нысанда «бір терезе» қағидасы бойынша тұрғындарды жұмыспен қамту бағытында ауқымды іс-шаралар атқарылуда.

Орталық «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында жұмыс істеуде. Мұнда тұрғындарға негізгі үш бағыт бойынша қызмет көрсетіледі. Ол - техникалық мамандықтарға дайындау және қайта дайындау, жаппай кәсіпкерлікті, еңбек ресурсын дамыту жұмыстары.

Жыл басынан бері мекеме 1115 тұрғынға тиісті қызмет көрсеткен. Жұмыспен қамту шараларымен 994 адам қамтылды. Оның ішінде 490 тұрғын тұрақты жұмыс орындарына орналастырылған. «Ертіс ауданының жұмыспен қамту орталығы» КМК директоры Данияр Бейсембиновтің айтуынша бизнеске бет бұрған ауылдықтардың қатары артуда.

- Бүгінде ауылда кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан мол қолдау көрсетіліп отыр. Соған сәйкес тұрғындардың да кәсіп ашуға деген қызығушылығы жоғары. Мысалы, бұған дейін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында шағын бизнес ашуға 3 млн. теңгеге дейін қаржы берілсе, бүгінде жаңа бағдарламаның арқасында бұл сома 18 млн. теңгеге дейін ұлғайды. Несие небары 6 пайыздық үстемемен беріліп жатқанын да атап өткен жөн, - дейді Д.Бейсембинов.

 

Қоныс тойын тойлады

Ертіс ауданында тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Жыл басынан бері 600 шаршы метрге жуық баспана пайдалануға берілген. Бұл - өткен жылмен салыстырғанда 13,1 пайызға жоғары көрсеткіш.

Жалпы, қаржылай тұрғыдан қарастырар болсақ, биыл өңірде барлық деңгейдегі құрылыс жұмыстарына 1247,4 млн. теңге жұмсалған. Оның ішінде тұрғын үй құрылысына 221,2 млн. теңге қаражат жұмсалды. Бұл 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 есе жоғары көрсеткіш болып табылады.

Үстіміздегі жылдың қаңтар-қыркүйек айы аралығында пайдалануға берілген нысандардың жалпы көлемі 2029 шаршы метрді құрады. Ауданның Ертіс, Ағашорын, Голубовка және Северный ауылдарында жалпы көлемі 596 шаршы метр болатын 2 пәтерлі 4 тұрғын үй тұрғызылған. Осылайша, 8 отбасы қоныс тойын тойлады.

Бүгінде аудан орталығында екі қабаттан тұратын, 24 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның жалпы көлемі - 1185,9 шаршы метр. Бұл мақсатқа 215,6 млн. теңге бөлінген.

 

Ауыл тұрғындары риза

Биыл ауылымыз үшін өте табысты жыл болды. Бір жылдың ішінде талайдан бері айтылып келе жатқан мәселелер шешімін тапты. Соның ішінде орталықтандырылған су құбырын ерекше атап өткен жөн. Бүгінде панфиловтықтардың қуанышында шек жоқ. Ауылымызда 200-ге жуық үй бар десек, соның барлығы сапалы ауызсумен қамтылып отыр. Әр көше бойына су құбыры тартылды. Енді тұрғындар үйді-үйге құбыр тартып алуда. Соның нәтижесінде жуынатын бөлме, дәретхананы қаладағыдай үйдің ішіне жабдықтап жатыр.

Бұдан бөлек, ел тілегі орындалып, ауылымыздағы мәдениет үйі жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ, жергілікті мектепке жаңадан модульдік қазандық орнатылды. Балаларымыздың қауіпсіздігіне алаңдамайтын болдық. Себебі ескі қазандық мектепке жапсарлас орналастырылған болатын.

Осылайша, Панфилов ауылында көптеген игілікті шаралар атқарылды. Тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасап жатқан облыс және аудан басшылығына жерлес-теріміздің атынан ерекше алғысымды білдіремін.

Төкен ТЕМІРБОЛАТОВПанфилов ауылының тұрғыны.

 

Айқарманы әзірлеген - Данияр Жұмаділ.

Суреттерді түсірген - Дархан ӨМІРЗАҚОВ.

saryarka-samaly.kz