- Серік Барлыбайұлы, алдымен аудан шаруаларының биылғы егістік науқанындағы табысына тоқталсаңыз.

- Аудан экономикасының қозғаушы күші ауыл шаруашылығы саласы екені белгілі. Біз астықты өлке ретінде осы салаға ерекше мән береміз. Себебі экономикамыздың 72 пайыздық үлесі өсімдік, мал шаруашылығына тиесілі. Биыл шаруа-лар егістік көлемін арттырды. Тек астық емес, майлы дақылдардың да алқабы ұлғайтылды. Оның нәтижесін қазірдің өзінде көріп отырмыз. Атап өтерлігі, үстіміздегі жылы ауданда алғаш рет жасымық, зығыр егілді.

Жалпы, күзгі жиын-терім науқаны сәтімен жүргізілді. Жауын-шашын аса көп болмаса да, аудан бойынша егіннің шығымдылығы көңіл көншітерліктей. Диқандарымыз гектарынан орташа есеппен 12 центнерден астық жинады. Аудан бойынша 178,4 мың гектар алқаптан 214,1 мың тонна астық бастырылды.

- Ертіс ауданы астықты өлке екені белгілі. Дейтұрғанмен, бүгінде аудан шаруалары облысымызда алғашқылардың бірі болып жасымық егуді қолға алды. Болашақта дақылдың бұл түрі бидайдың орнын баса ала ма?

- Өмір бір орында тұрмайды. Бүгінгі күннің талабы осылай болып тұр. Неге десеңіздер, тек қана астық өсірумен айналысатын шаруашылықтар белгілі бір тұрғыдан қиындықтарға тап болуда. Себебі нарықта бидайдың құны төмендеп кетті. Ал жасымықты өсіру технологиясы бидайға ұқсас болғанымен, бағасы 3 есе қымбат. Онымен қоса, еліміздің нарығында бидайдың көлемі көп. Тіпті, сұраныстан да асып түсіп жатыр. Биыл арпаның да бағасы бидайдан асып кетті.

Аталған өзгерістерді ғылыми тұрғыдан да түсіндіруге болады. Мысалы, бір егістік алқабына жыл сайын бидай отырғыза берсең, ол жердің құнарлығы азаяды. Ал жасымық жердегі азот мөлшерін арттыратын көрінеді. Сондықтан егістік алқаптарын әртараптандыруға көңіл бөлінуде. Үстіміздегі жылы аудан бойынша 700 гектар жерге жасымық дәні себілсе, келесі жылы оның көлемін 4-5 мың гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бірақ бұл бидайдан бас тартамыз деген сөз емес. Қамбамызда астық қашанда болады. Егістік алқаптарының
70 пайызында астық, қалған 30 пайызында жоғарыда аталған өзге де дәнді дақылдар өсірілсе дейміз.

- Елімізде бірқатар жылдан бері мал басын көбейтуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Осындай игілікті істердің әлеуетін Ертіс ауданы қалай пайдалануда?

- Мемлекеттік қолдаудан ауданның шаруалары да шет қалған жоқ. Өңірде сүт өндіру, мал бордақылау бағыты бойынша 3 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Етті, сүтті бағыттағы ірі қара өсіруді қолға алған кәсіпкерлердің қатары артуда. Жалпы, мал басы жыл санап көбейіп келеді. Жерінің құнарлылығы төмен, бірақ жайылымдық алқаптары мол ауылдардың тұрғындарын қожалық құрып, мал шаруашылығын дамытуға үгіттеудеміз. Төрт түліктің сапасын арттыру, яғни асылдандыру мақсаты тұр.

- Аудандағы тағы бір кооперативтің жұмысына облыс басшылығы ерекше қызығу-шылық білдірген болатын. Ол пилоттық жоба ретінде таныс-тырылды. Бұл кооперативтің өзгелерден ерекшелігі неде?

- Аудандағы егістік алқаптары 100-700 гектар аралығындағы 13 шағын шаруа қожалығы бір кооперативке бірігіп, машина-трактор станциясын (МТС) құрды. Оған «Ертіс-2017» деген атау берілді. Аталмыш ұйым мүшелері әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, 5 жаңа, заманауи комбаин сатып алды. Пилоттық түрде қолға алынған бұл бастаманы келер жылы облысымыздың өзге де аудандарына енгізу жоспарлануда. Аталмыш станцияның арқасында жергілікті шаруалар жиын-терім науқанын уақытылы аяқтады. Осылайша, астықтың жиналмай, қар астында қалып жататын кезі артта қалды. Онымен қоса, олар өңірдегі ірі шаруа қожалықтарына да көмектесуде.

- Ауыл тұрғындарын мазалайтын мәселелердің бірі таза ауызсу тапшылығы екені белгілі. Биыл ауданда бірнеше жылдан бері құрылысы тұралап қалған Беловод топтық су құбырының құрылысы жанданғанын білеміз. Бұл бағытта басқа қандай жұмыстар атқарылуда.

- Биыл бұл бағытта ілкімді істер қолға алынды. Атап өтердлігі, Панфилов ауылында орталықтандырылған су құбыры тартылды. Бұл мақсатқа 575 млн. теңге көлемінде қаржы жұмсалды. Нысан толығымен ағымдағы айда пайдалануға берілетін болады. Ауылдағы үйлердің барлығы дерлік су құбырына қосылды.

Аудандағы 5 ауылға, Қарақұдық, Қызылжар, Луговой, Иса Байзақов және Северный елді мекендеріне су құбырын тарту бойынша жұмыс қолға алынды. Бүгінде тиісті жобалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өткізілді. Облыс әкімі Болат Бақауовтың қолдауымен аталған бағытқа қажетті қаражат бөлінді. Мердігерлер анықталып, құрылыс жұмыстары басталып кетті.

Бұдан бөлек, ауданға қарасты Ағашорын, Майқоңыр, Амангелді және Қоскөл ауылдарында бұрыннан бар су көздеріне тиісті сараптама жасап жатырмыз. Жалпы, Беловод топтық су құбыры жобасының аясында ауыз су құбырын әр ауылдың шекарасына дейін жеткізіп беру жоспарланған. Ал Үлгілі, Ынтымақ және Қараағаш ауылдарын ауызсумен қамту жобасының құжаттарын жыл соңына дейін әзірлеп үлгеруіміз қажет.

- Әлеуметтік саланың бүгінгі әлеуетіне тоқталып өтсеңіз...

- Әлеуметтік салада да біршама нәтижелерге қол жеткіздік. Ауданымыздағы
6 мектептің жылыту қазандығы жапсарлас орналасқан болатын. Бұл мәселе толығымен шешілді. Қарақұдық, Панфилов, Қызылағаш ауылындағы білім ордаларына жаңадан модульдік қазандықтар салынды. Қалған елді мекендерде мектептердің қазандықтары қауіпсіздік ережелеріне сәйкестендірілді.

Сондай-ақ, 5 мәдениет үйі жөндеуден өткізілді. Оның қатарында аудан орталығындағы мәдениет ошағы, Панфилов, Голубовка, Қоскөл және Амангелді ауылдарының мәдениет үйі бар. Атап өтерлігі, аудандағы бірқатар мәдениет үйі мен мектептер электр қуаты арқылы жылытылып келген болатын, бүгінде қазандық салынып, олар қатты отынға ауыстырылды.

Үстіміздегі жылы Ертіс ауылындағы орталық қазандық жаңартылды. Нәтижесінде оның қуаты 2,5 есе артып отыр. Жалпы әлеуметтік нысандарды жылыту маусымына дайындау бойынша 196 млн. теңге көлемінде қаражат жұмсадық.

- Ауыл тұрғындарының бизнеске деген беталысы қалай? Шағын және орта бизнесті дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

- Ауданымыздың бір ерекшелігі, сауда орындары, дәмхана, мейрамханаларды айтпаған күннің өзінде, аймағымыздың өзге өңірлерінде жоқ кәсіпкерлік нысандары жұмыс істейді. Атап айтсақ, жиһаз жасайтын цехымыз, тігін цехы, Ертіс пен Ақтоғай ауданының жолаушылар тасымалы мәселесін шешіп тұрған автобус паркі, автокөлік жөндеу станциялары, диірмендеріміз бен наубайханаларымыз бар. Бүгінде кәсіпкерліктің басқа да түрлерін, соның ішінде жылыжай шаруашылығын дамытуды көздеп отырмыз. Биыл «Бизнес бастау» бағдарламасымен 165 адам арнайы курстан өтті. Оларға да зор үміт артылуда. Кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардың игілігін пайдалана отырып, тиісті деңгейде қолдау көрсететін боламыз.

- Облыс әкімі Болат Бақауов ауданға жұмыс сапары барысында Ертіс ауылының сырт келбетін сынға алған болатын. Аудан орталығын көріктендіру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

- Иә, өкінішке қарай, аудан орталығының қазіргі келбеті атына сай келмейді. Ауыл ішіндегі жолдардың сапасы, көшелерді жарықтандыру мәселелері күн тәртібінде тұр. Бұл мәселелер оң шешіледі. Келесі жылдың бюджетінде Ертіс ауылының жолдарын жөндеуге 200 млн. теңге көлемінде қаржы қарастырылуда. Жаңадан стадион, мұз айдыны салынады. Бассейн құрылысы жоспарланып отыр. Саябақтар қалпына келтіріліп, жаңадан демалыс орындары жабдықталады. Бұдан бөлек, қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында көшелерге бейнебақылау камералары орнатылмақ. Даңқ аллеясы құрылады. Жалпы бұл бағыттағы іс-шараларға 600 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінеді. Ал келесі жылы аудан орталығын көріктендіруге құны 1 млрд. теңгеге жуықтайтын жобалар әзірленеді. Осылайша, алдағы бірнеше жылда Ертіс ауылы түрлене түспек.

- Ертіс ауданының әкімі қызметіне тағайындалғаныңызға 1 жыл болды. Осы уақыт аралығында алдыңызға қойған негізгі мақсаттарыңызды орындай алдыңыз ба?

- Біріншіден, бұл ауданда жұмыс істеу - мен үшін үлкен жауапкершілік. Себебі, Ертіс - туып-өскен жерім. Сондықтан жерлестерім менен нәтижелі жұмыс күтетіні белгілі. Бірақ мен сиқыршы емеспін ғой. Мұндағы барлық мәселені бір демде, жалғыз өзім шеше алмаймын. Ол үшін уақыт әрі аудан халқының ауызбіршілігі қажет. Бұл қызметке тағайындалғаннан кейін өңірдегі қолынан іс келетін азаматтарды бір мақсат, бір мүдде жолында біріктіруді көздедім. Ертіс ауданында ел тірегі бола алатын, білімді, бастамашыл кәсіпкерлер баршылық. Олар біріксе, бағындырмайтын шыңы, алмайтын қамалы жоқ екенін дәлелдеуде. Бүгінге дейін бірлесе отырып талай игілікті істерді жүзеге асырдық. Мысалы, ардагерлер үйі бой көтерді.

Атап өтерлігі, туып-өскен жеріңде әкім болудың бір кемшін тұсы да бар. Жергілікті жұртшылық «ее, бұл өзіміздің Серік қой» деп жеңіл қарауы мүмкін. Осы мәселені де шешуге тырыстым. Тіпті, бұған дейін лауазымдық қызметте жүрген кейбір достарымды, құрдастарымды жұмысынан босатуға мәжбүр болдым. Үйіме келсе, дос ретінде құшақ жая қарсы алам, бірақ қызметтің жөні бөлек.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Данияр ЖҰМАДІЛ.

saryarka-samaly.kz