- Качир ауданы спорт саласында алдыңғы қатарда. Әсіресе, велоспорт пен хоккейдегі жетістіктері аймаққа үлгі боларлықтай. Жастарды спортқа баулу үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылуы керек. Біз бұқаралық спорттың деңгейін көтеруге күш салудамыз. Мемлекет басшысы 2020 жылға дейін спортпен үздіксіз айналысатын тұрғындар үлесін 30 пайызға жеткізу жөнінде тапсырма берген. Бүгінгі күні біздің облыста спортты серік еткендердің саны 39,5 пайызды құрайды. Облыс бойынша 28-ші спорттық кешен Тереңкөлде салынып отыр. Жыл өткен сайын салауатты өмір салтын қалыптастыруға жіті көңіл бөлетін боламыз,
- деді Б.Бақауов.

Аймақ басшысы өңір тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, қажетті спорттық құрал-жабдықтар сатып алуға 1 млн. теңгенің сертификатын табыстады.

Жаңа нысанда балғындардың спортпен айналысуына толық мүмкіндіктер қарастырылған.

- Качир ауданында 16 жылдан бері еркін күрестен балаларды жаттықтырамын. Балғындардың аяқ алысы жаман емес. Күреспен шұғылданатын орынның тарлығына қарамастан халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарда жақсы нәтижелерге жеттік. Шәкіртіміз - еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Есбол Нұржұмбаев Кореяның Инчхон қаласында өткен Азиялық ойында күміс медаль иеленді. Қыздар арасында да жақсы нәтижеге жеткен спортшыларымыз бар. Дәметкен Аипова, Алма Сүрімбетовалар - еркін күрестен спорт шеберлері. Ашылған жаңа спорт кешені біздің ұландарымыздың бұрынғыдан да жақсы көрсеткіштерге жетуіне жол ашады деп ойлаймын, - деді еркін күрестен КСРО спорт шебері, қазақстан чемпионы, Качир ауданының аға бапкері Айтемір Балташев.

Спорт кешенінің жанынан салынған футбол алаңындағы алғашқы матч Качир мен Железин аудандары құрамалары арасында өтті. Жолдастық кездесуге успендік футболшылар да атсалысты.

Футбол алаңын айнала жұмсақ жүгіру жолағы салынған. Бұл да аудандағы жеңіл атлетиканың дамуына өз септігін тигізбек.

Алпысбай ХОНЖ
Качир ауданы.

saryarka-samaly.kz