Луганск ауылындағы тауарлы сүт фермасы жобасының құны – шамамен
250 млн. теңге. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталды. Кооператив басшысы Петр Кузьменконың айтуынша, еуропалық талаптарға сай салынып жатқан нысанда көң өңдеу үдерісі де қарастырылмақ. Бастысы, қосымша
10-ға жуық жұмыс орны ашылады. Розовка ауылындағы «Киров» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тауарлы сүт фермасы қолданысқа берілген соң да
10 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Мұнда 420 басқа арналған ферма құрылысы қарқынды жүруде. Келесі жылы дәл осындай тағы бір ферма ашпақ. Инвестицияның жалпы көлемі – 1 млн. еуро. Қос бірдей нысанның құрылыс барысымен танысқан облыс әкімі Болат Бақауов осы бағытта жұмыс істейтін шаруаларға мемлекеттік қолдау болатынын атап өтті.

- Жыл соңына дейін жаңа технологияларға негізделген 6 тауарлы сүт фермасын ашу жоспарда бар. Олар іске кіріскен соң сүт зауыттарын қажетті шикізат көлемімен қамтуға мүмкіндік туады. Қазіргі кезде облыстық деңгейде тауарлы сүт фермаларын қолдау бойынша жаңа бағдарлама әзірленуде. Атап айтқанда, фермалардың құрылысы үшін алынған несиенің 10 пайызын субсидиялау мәселесі аграрлық комиссияның қарауында, - деді Б.Бақауов.

Сонымен қатар аймақ басшысы Григорьевка-Луганск бағытындағы жолдың жөнделген учаскелерінде болды. Биыл 42 шақырымның үш учаскесін, нақтысын айтқанда 16 шақырымды жөндеуге 263 млн. теңге жұмсалды. Тағы 11 шақырымды жөндеуге 230 млн. теңге керек. Бірақ облыс әкімі Болат Бақауов бұл соманың облыстық бюджеттен бөлінбейтінін айтты. Себебі өңір басшысы бұл жолды «жақсы» және «қанағаттанарлық» деп бағалады. Есесіне, жолды күтіп ұстауға қажет қаржы толық көлемде қарастырылады. Яғни, 1 шақырым үшін 800 мың теңге бөлінбек. Осы орайда Болат Жұмабекұлы жолдың сапасына жергілікті шаруалар да жауапты екенін еске салды.

- «Луганск» өндірістік кооперативінің басшысы Петр Петрович «біз жолдың үстімен емес, оның жиегімен жүреміз. Әйтпегенде жүк көліктері жолдан түк қалдырмайды. Біз мұндай қиянат жасай алмаймыз» дейді. Міне, шаруалардың барлығы осылай деу керек. Әрқайсысы «бұл – мемлекеттің емес, менің жолым» деп пайымдап, оны күтіп ұстауға үлес қосса, жолға қатысты күрмеулі мәселелер туындамас та еді, - деді Б.Бақауов.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА
Павлодар ауданы.

saryarka-samaly.kz