Аталған өндірістің қолға алған жобасы ерекше. Аяқ астында жатқан ескі дөңгелектерден қолданысқа жарайтын тәп-тәуір дүниелерді өндіруді жолға қойған.

- Біздің өнім сапалы әрі арзан. Резеңке қалдықтарынан спортық нысандарға, балалар ойын алаңына қажетті төсемелерді шығарамыз. Резеңке жабындылары жұмсақ әрі берік болғандықтан алаңқайларда адамдардың жарақат алу көрсеткіштерін төмендетеді. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығында қолданылатын түрлі резеңке төсемелерін де өндіруді қолға алуды жоспарлау-дамыз, - деді кәсіпорын басшысы Сергей Григорюк.

Павлодар облысында жыл сайын 25 тоннаға жуық резеңке қалдықтары қоқысқа төгілетін көрінеді. Аталған кәсіпорынның қуаттылығы әзірге жылына 2 тонна қалдықты қайта өңдеп шығаруға қауқарлы.

- Қаладағы спорттық нысандар мен балалар алаңдарының барлығы дерлік құм немесе тас жабындыларымен жабдықталған. Себебі резеңке өнімдерінің нарықтағы бағасы едәуір қымбат. Тың жобамен айналысатын осындай өндіріс орны өңірімізде бұрын-соңды болған емес. Сапа жағынан кәсіпорынның өнімдеріне жоғары баға беруге болады. Жабындылардың бағасы - әрбір шаршы метрге 10 мың теңге. Тас немесе асфальт жабындыларының құны әр шаршы метрге 4 мың теңге көлемінде тұрады. Бірақ олар үш жылға дейін ғана қолданысқа төтеп береді. Резеңке төсемелер кемінде 10 жылға шыдас беретінін ескерсек, өнім тұтынушылар үшін тиімді болмақ, - дейді Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов.

Сондай-ақ Нұржан Кемерұлы кәсіпорын жұмысының алға басуы үшін өндірісте ескі резеңке дөңгелектерін ақылы түрде қабылдауды қолға алу туралы ұсыныс айтты.

Өндіріс орны алға қойған мақсаттарын орындаса, қоршаған ортаға зиянды қоқыстардың мөлшері азайып, сапалы әрі қауіпсіз өнімді тұтынуға мол мүмкіндік бар.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz