Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына қойған негізгі міндеттің бірі – Қазақстанды аграрлық жетекші державалардың біріне айналдыру. Елбасының тапсырмасына сәйкес, биыл ақпан айынан бастап агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың
2021 жылға дейінгі бағдарламасы толық ауқымда іске асырыла бастады. Вице-министр аталған бағдарламаны жүзеге асыру және ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауды одан әрі жетілдіру мақсатында аграрлық саланың басты бағыттары бойынша агроөнеркәсіптік кешенді дамыту карталары жасалғандығы туралы баяндады. Саланы ары қарай дамыту үшін маңызды мәселелер анықталып, жүйеленген нақты индикаторлар Карта түрінде әзірленген. Онда ауыл шаруашылығы кооперациясы, аграрлық қайта өңдеу, агроөнеркәсіптік кешенді қарқынды техникалық қайта жарақтандыру, тұқым шаруашылығы, фитосанитариялық іс-шаралардың тиімділігін арттыру, агрохимия, азық-түлік өндірісі, егістік жерлерді айналымға тарту, қой шаруашылығын дамыту, аграрлық ғылымды түбегейлі жаңғырту, сиыр еті өндірісі, мемлекеттік қолдауды жетілдіру шаралары қарастырылған.

Аграрлық салада қайта өңдеу өндірісін дамытуға қолбайлау болып отырған мәселелер егжей-тегжейлі талқыланып, тұңғыш рет еліміздегі қайта өңдеу кәсіпорындарының деректер базасы қалыптастырылған. Ауыл шаруашылығы тауарларында импорттық үлестің жоғарылығын, қайта өңдеу саласындағы кәсіпорындардың қуаты толық жүктелмегенін және шикізат әлеуетінің әлсіздігін ескере отырып, қайта өңдеудің 9 басым түрі айқындалды. Картаға сәйкес елімізде 80-ге жуық жаңа зауыт салу және 80 зауытты жаңғырту керектігі айқындалған. Бұл ретте, бірқатар жоба Павлодар облысында жүзеге асырылады.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы өзекті мәселелердің бірі тауар өндірушілердің техникалық жарақтануының әлсіздігі болып табылады. Ауыл шаруашылығының машина-трактор паркіне жүргізілген талдау техникалардың
65 пайызында қолдану мерзімі 17 жылдан асып кеткенін көрсетіп отыр. Мұндай тракторларды жөндеу мен жанар-жағармайға кететін шығын 20%-ға өсіп, астық жинау барысында зиянын тигізетінін көрсетті. Тек Павлодар облысының өзінде
1 мыңнан астам техника ескірген. Оның 379-ы баяғыда-ақ қолданыстан алынып тасталуы тиіс болған. Ал 200-і істен шыққан. Сол себепті, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Р.Құрмановтың айтуынша, Карта аясында машина-трактор парктерін жаңалау қарқынын арттырып, отандық ауыл шаруашылығы техникалары өндірісінің көлемін ұлғайту және сырттан келетін техника көлемін азайту көзделген.

Саладағы тағы бір өзекті мәселе – соңғы жылдары астық сапасының жыл сайын төмендеп отырғандығы. Бұған 2015 жылы элиталық тұқымдарды субсидиялау тоқтатылғаны себеп болған. Осының нәтижесінде себілген элиталық тұқым үлесі 2014 жылғы 6,3%-дан 2016 жылы 3,5%-ға дейін төмендеген. Онымен қоса, қазіргі кезде төленетін субсидиялардың шамамен жартысы ескірген тұқымдарға беріледі екен. Бұндай енді болмайды. Вице-министр бұдан былай тек айналу мерзімі он жылға дейінгі тұқымдарға ғана субсидия берілетінін атап өтті.

Вице-министр ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласына жекелей тоқталды.

- Еліміз, оның ішінде Павлодар облысы да қайта өңдеу саласы бойынша өзінің толық мүмкіндіктерін пайдаланбай келеді. Мысалы, соңғы уақытта кенже қалып жатқан қой шаруашылығын алайық. Иран елінде Қазақстанның қой етіне деген сұраныс жоғары. Оған Қытай нарығын қосыңыз. Осы мүмкіндікті пайдалана алмай отырмыз. Жайылымдық жерлер жеткілікті ғой. Неге қой шаруашылығын жандандырмасқа? Бірақ етпен ғана шектеліп қалмауымыз тиіс. Қойдың терісі мен жүнін қайта өңдеуге ден қою керек. Өкінішке қарай, елімізде қойдың жүнінен әрі кетсе киіз немесе тоқыма бұйымдарын жасаймыз. Ол Еуропа елдерінде одан тыңайтқыш заттарын, косметика өндіреді. Осындай жетістіктерге ұмтылу қажет,
- деді Р.Құрманов.

Сондай-ақ, вице-министр осы бағытта әр облыста қой жүнін өңдейтін кәсіпорын құру жоспарланып отырғанын жеткізді.

Кездесу барысында павлодарлық шаруалар өздерін мазалаған сұрақтарын қою мүмкіндігіне ие болды. Бұл ретте, жергілікті кәсіпкерлер ішкі нарықты сырттан келетін сапасыз өнімдерден қорғау мәселесін көтерді. Мысалы, жыл басынан Қырғызстаннан елімізге әкелінген тауарлардан 156 карантиндік нысан анықталған. Оның ішінде вирус жұқтырған картоп бар.

- Картоптың алтын түсті жұмыр құрты топыраққа түскен жағдайда өнімділікті
90 пайызға дейін кемітеді. Біз аграрлық мемлекет болғандықтан, мұндай тәуекелге жол бере алмаймыз. Сондықтан Қырғыз шекарасында бақылау күшейтілді. Бұл шаралар Еуразиялық экономикалық одақпен қатар халықаралық талаптарға сай жүргізіліп жатыр. Өкінішке қарай, қырғызстандық тарап кемшілікті жою бойынша әлі де тиісті шаралар қолданбай келеді, - деді Р.Құрманов.

Жиын соңында облыс әкімі Б.Бақауов агроөнеркәсіпті дамыту бағытындағы жекелей Карталарға әрбір кәсіпкер өз ұсыныс-тілегін қоса алатынын атап өтті. Себебі - құжат талқылану үстінде.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz