Қараоба аудандағы жалғыз тірек ауыл болып есептеледі. Халқының саны, әлеуметтік-экономикалық тұрмысы бойынша да өзге елді мекендерден ілгері келеді. Типтік үлгідегі алғашқы ветеринарлық бөлімшенің нақ осы ауылда салынуы да сондықтан болса керек. Атап өтерлігі, бұған дейін ветеринарлық бөлімше ауыл әкімдігінің ғимаратында орналасқан.

Аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Ағзам Нұрғазиннің айтуынша, нысанда мал ауруының алдын алуға, мамандардың кедергісіз жұмыс істеуіне барлық жағдай қарастырылған. Малдарды егіп, қан алуға арналған орындар, қоршауы бар. Дәрілік препараттар сақтайтын арнайы бөлме жабдықталған. Онда тоңазытқыш сияқты тиісті құрал-жабдықтар орнатылды. Жеңіл көлік қоятын жеке тұрақ салынған. Әзірге мұнда екі адам, бас мал дәрігері және көмекшісі жұмыс істейді.

Жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан басшылығы, ауыл тұрғындары жиналды. Ақтоғай ауданының әкімі Ағыбай Әміриннің айтуынша, бұл - өңір үшін маңызды оқиға.

- Бүгінде аймақ алдында ет және сүт өнімдерінің экспортын дамыту мақсаты тұр. Сондықтан облыс басшылығы қолдап, ауданымызда алғашқы типтік ветеринарлық бөлімше салдық. Соның арқасында ауылда санитарлық- эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, мал басының сандық және сапалық көрсеткішін арттыратынымызға сенімдімін, - деді Ағыбай Қойшыбайұлы.

Жалпы, ауданда соңғы жылдары қауіпті мал аурулары тіркелмеген. Бруцеллезге шалдыққан мал саны да азайып келеді. Биыл аталмыш ауру түрі 135 ірі қара малда анықталған. Былтыр бұл көрсеткіш 185-ті құраған болатын. Атап өтерлігі, малы бруцеллезге шыққан тұрғындарға жалпы көлемі 4 млн. теңге көлемінде шығын өтелген.

Атап айтарлығы, бұл бағыттағы жұмыс мұнымен шектелмейді. Келесі жылға қазына қаржысынан 16 млн. теңге бөлініп, Қараоба ауылында мал өлекселерін көметін арнайы орын салынбақ.

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Қайыржан Байжанов жергілікті мал дәрігер-леріне артылар жүк еселене түсетінін атап өтті.

- Облыс әкімі әрбір ауылда типтік үлгідегі ветеринарлық бөлімше салуды тапсырған болатын. Арнайы 3 жылдық бағдарлама да қабылданды. Осы бастаманы Ақтоғай ауданы аймағымыз бойынша алғашқы болып қолдап, заман талаптарына сай нысан тұрғызды. Бұдан былай мал дәрігерлеріне үлкен жауапкершілік жүктелетінін де атап өткен жөн. Себебі мұнда мал ауруының алдын алу шаралары үшін барлық жағдай жасалған. Енді тек талмай еңбек ету қажет,
- деді басқарма басшысы.

Шынымен, мал дәрігерлеріне жүктелетін жұмыс ауқымды. Себебі Қараоба ауылында 2 200 ірі қара, 4 мың қой-ешкі және 800 бас шамасында жылқы бар.

Ендігі мәселе - мал дәрігерлерінің тапшылығы. А.Нұрғазиннің айтуынша, аудандағы мал дәрігерлерінің біразы зейнет жасына таяп қалған. Ал жас мамандар ауылға жұмыс істеуге келе бермейді. Аудан басшылығы бұл мәселені дуалды оқыту жүйесі арқылы шешуге тырысуда.

Данияр ЖҰМАДІЛ
Ақтоғай ауданы.

saryarka-samaly.kz