Жергілікті клуб бұл кездесуде басым болса, төртінші орынға табан тіреп, Еуропа Лигасының іріктеу кезеңінде ойнауға мүмкіндік алатынын жақсы түсінді. Ойынның алғашқы кезеңінде қос ұжым да елдің есінде қаларлықтай керемет ойын өрнегімен таныла қойған жоқ. Жергілікті жанкүйерлер сүйікті командасы кездесудің екінші бөлімінде ашылып ойнайтынына сенімді болды. Десе де, ойынның соңғы минутына дейін тақымын қысқан жанкүйерлердің тілегі орындала қоймады. Кездесудің аяқталуына жарты минут қалғанда ертістіктердің ұйымдастырған шабуылы нәтижелі болып, жанкүйерлер бөркін аспанға атып, жеңіс голын тойлады. «Шахтерға» шабыт сыйлауға келген көрерменнің су сепкендей басылған көңіл-күйін сөзбен айтып жеткізу қиын. Қарағандылықтардың қақпасынан табылған допты көргенде Вячеслав Грозный дүйім елдің алдында «Лезгинка» биін биледі. Осыдан біраз уақыт бұрын «Ертістің» бас бапкері болып тағайындалған сәтінде В.Грозный: «Ертіс Еуропа лигасына жолдама алса, «Қаражорға» биін билеймін!» деп уәде берген еді. Бәлкім бас бапкердің қазақша биін жерлестеріміздің Еуропа лигасында жеңіске жеткен кезінде тамашалармыз.

- Барлығына алғыс айтамын. Біз маусымдағы тапсырманы орындадық. Бүгін бірінші кезеңде желге қарсы ойнадық, спортшыларға өте ауыр болды. Екінші кезеңде тактикалық ойыншылар ауысымын жасадық. Шыны керек, бүгін әдемі ойын емес, нәтиже керек болды. Демалысқа керемет көңіл-күймен барамыз. Маусым бойы бізге жанкүйер болған жандарға алғысымыз шексіз, - дейді «Ертістің» бас бапкері Вячеслав Грозный.

Чемпионат қорытындысы бойынша қанжығасына 79 ұпай байлаған «Астана» төртінші жыл қатарынан ел чемпионы атанды. Елордалық командадан бір ұпайға кем жинаған алматылық «Қайрат» үшінші жыл екінші орынға еншілік етті. Ал шымкенттік «Ордабасы» үздік үштікті қорытындылады. Қостанайдың «Тобылын»
1 ұпай айырмашылығымен 5-ші орынға ығыстырып, Еуропа лигасының соңғы жолдамасын еншілеген Павлодардың «Ертісіне» сәттілік серік болды.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz