Спорттың 11 түрі бойынша 64 медаль жиынтығын сарапқа салуға жиналған 32 мемлекеттің тек бесеуі ғана жүлделер ауылынан табылды. Әрине, бұл қатарда біздің ел де бар. 116 спортшыны байрақты бәсекеге үкілеп қосқан Қазақстан жалпыкомандалық есепте төртінші орынға тұрақтады. Бұйырғаны – 9 алтын, 11 күміс және 12 қола медаль. 27 алтын, 21 күміс және 26 қола жүлде еншілеген Жапония командалық есепте топ жарды. Оңтүстік Корея (16 алтын, 18 күміс, 16 қола) мен Қытай (12 алтын, 14 күміс, 9 қола) екінші-үшінші орындарды өзара бөлісті. Корей Халық Демократиялық Республикасы жалқы қоламен бестікті түйіндеді.

Қысқы Азия ойындарын осымен Жапония төртінші мәрте қабылдаса, Саппоро қаласы үшінші рет өткізді. Бұл – 2011 жылы Астана мен Алматыда қатар ұйымдастырылған VII қысқы Азиададан кейін, араға алты жыл салып барып өткізілген дода. Негізі аталмыш жарыс 2015 жылы өтуі тиіс-тін. Алайда 2009 жылы Азия Олимпиадалық Кеңесінің Бас Ассамблеясы Азиаданы Олимпия ойындары қарсаңында ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Яғни, қысқы Азия ойындары спортшылардың төрт жылдықтың басты додасы алдындағы дайындық жарысы болмақ.

Саппорода биатлоншылар ерледі. Олар 6 алтын медаль ұтып алды. Оның үшеуі – Галина Вишневскаянікі, екеуі Ян Савицкийге тиесілі. Сондай-ақ, аралас эстафетада және бір алтын жүлде бұйырды. Бұдан бөлек, шаңғышы Ринат Мухин, фристайлшы Юлия Галышева және хоккейден Қазақстанның ерлер құрамасы Азия ойындарының чемпионы атанды.

Қазақстан биатлоннан аралас эстафетаға екі команда шығарды. Екеуі де жүлделі болды. Алтын жүлде еншілеген алғашқы командада екі павлодарлық спортшы өнер көрсеткенін айта кетейік. Олар – Дарья Усанова мен Максим Браун. Бұл командада екі жерлесімізден бөлек, Галина Вишневская мен Ян Савицкий бақ сынады. Ал күміс медальды қанжығаға байлаған екінші командада жерлесіміз Антон Пантов ел намысын қорғады. Антонмен бірге Алина Райкова, Анна Кистанова және Василий Подкорытовтың жарыс жолына шыққанын айта кетейік.

Сондай-ақ, жерлесіміз Дарья Усанова жекелей сында да олжалы болды. Ол 10 шақырымдық із кесу (пасьют) сайысында мәре сызығын үшінші боп кесті. Осылайша, Дарья Жапониядан бір алтын және бір қола медаль еншілеп қайтты.

Ақ Азиада алдында Алматыдағы қысқы Универсиадада жақсы өнер көрсеткен павлодарлық биатлоншыларға Саппоро сыны да сәтті өрілді.

Фархат ӘМІРЕНОВ

saryarka-samaly.kz