Тоғызқұмалақтан ауыл балаларын жаттықтыратын азаматтың төл ойынды дамытуға қосқан үлесі ауыз толтырып айтарлықтай. Дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін мұғалім ұлттық ойынды дәріптеуді бір сәтке де естен шығарған емес.

- Бабын тауып, бағын ашсаңыз, дарынды ұл мен қыз ауылда да бар. Шәкірттерімді үнемі назарда ұстаймын. Отбасымызда да тоғызқұмалақты насихаттауды әдетке айналдырғанмын. Соның дәлелі - ұлым мен қызым да аталған спорт түрін жандарына серік еткен. 2015-2016 жылдары қызым Аружан Манап осы турнирдің «Ең жас тоғызқұмалақшысы» деген аталымына ие болған еді. Үш жасында көптің алдына шығып өнер көрсеткен Аружан бүгінде бірқатар бәсекелерге қатысып, топ жарып жүр. Нәтижесі жаман емес. Қазақтың қай баласын алсаңыз да дарынды. Тек дер кезінде талантының көзін аша білу керек. Ауыл балаларының көп жарыстарға қатысуға мүмкіндіктері бола бермейді. Біріншіден, кәсіпқой спортшы болма-ғандықтан. Екіншіден, қаражат мәселесі үнемі қолбайлау. Ата басылымның жыл сайын ұйымдастыратын турнирі ауыл балаларының асыға күтетін мерекесіне айналды.

Тұңғыш рет республикалық дәрежеде ұйымдастырылатын басылым турнирінде шәкірттеріміз бақ сынаса деймін. Алаштың атын әлемге шығаратын ұл мен қыздың ауылдан шығатынына сенімдімін.

«Сарыарқа самалы» газетінің турнирі спортшыларымен, жанкүйерлерімен өміршең. Бұл турнир - қазақ жастарымен бірге жасайтын шын шеберлердің сайысы. Жобаның болашағы жарқын деп ойлаймын, - дейді бапкер.

Алпысбай ХОНЖ
Шарбақты ауданы.

saryarka-samaly.kz