Мұражай қорында сақталған құнды жәдігерлер қатарынан орын алған бұрынғы «Қызыл ту» газетінің қиындыларын Еңбек сіңірген мұғалім Шахипзада Жүнісовтің балалары тапсырған. Әр жылдары жарық көрген басылымда ұстаздың мақалалары басылып шыққан екен. Сонымен қатар Кеңес Одағының Батыры Қанаш Қамзиннің жерлестеріне жазған «Үшбұрыш» хаты да қордағы құнды жәдігерлер қатарын толтырып тұр. 80 жыл бұрын мектеп директоры Қанаш Қамзиннің отбасылық жағдайы, білімі, еңбекқорлығы жайында жазылған құжаттар бар.

Музейдің «Жаңа тарих» залындағы тарихи суреттерде латын әліпбиімен жазылған ұрандарды оқуға болады. 30-40-шы жылдар аралығындағы ескертпелер, үгіт парақшалары, партия қаулылары мен газеттері латын әліпбиімен жазылған.

- Біздің қорда сол кезеңнің ресми құжаттары, куәліктер, естеліктер және түрлі материалдар бар. Зерттеу жұмысы барысында осындай құжаттарды оқыған кезде ешқандай қиыншылық туындамайды. Мысалы, 1940 жылы жарық көрген
1916 жылғы Амангелді Иманов бастаған көтерілісіке арналған жинақтар латын әліпбиімен жазылған. Мақаланың тақырыбы - «Qarqaralь Сәrmenkesinde» («Қарқаралы жәрмеңкесінде»). Түрлі жанрда жазылған осындай 8 кітап біздің қорда сақталып тұр. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін «Қызыл киіз үй» деген болған екен. Онда «Сауатсыздықты жояйық» деген атаумен қазақ әйелдерін тігін тігуге, балалар мен үлкендерді оқу-жазуға үйрететін болған. Осы кездің тарихи сәтін белгілі суретші Д.Багаев суретке түсіріп отырған. Олар да бар, - дейді өлке тарихы бөлімінің басшысы Гүлжайнат Әлиева.

Сол жылдары жарық көрген ауылшаруашылық және тұз өнімдері жұмысын насихаттайтын «Көлдер маңында» және «Қызыл бақташы» газеттерінің де топтамалары кездеседі. Жалпы 1929 жылы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латын графикасындағы жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдайды. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан
1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылған. 1940 жылғы
13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz