- Ибрагим, Павлодарға қош келдіңіз! Сізді тыңдармандарыңыз сағынды десе де болады. Рухты әндеріңіздің легін жалғаған туындыларыңызды тыңдамағалы көп болды. Қандай жаңалықпен келдіңіз?

- Рақмет! Әңгімені бастамас бұрын үлкен махаббатпен қарсы алған Ертіс-Баян жерінің тыңдармандарына алғысымды білдіргім келеді. Үлкен сахналарға жиі шығып, көгілдір экрандардан көрінбесем де, өнерден кеткенім жоқ. Осы сапар барысында Сабыр Адайдың «Әр қазақ - менің жалғызым» деген туындысын бүгін алғаш рет павлодарлық тыңдармандардың алдында орындап, тұсауын кестім. Мұның өзін үлкен жақсылыққа балап отырмын. Себебі талай ақын мен жыраулардың кіндік қаны тамған өлкеде тұсауы кесілген әнім өз бағасын алады деген ойдамын.

- Қазіргі таңда сіз «Көк тудың желбірегені» атты республикалық патриоттық жоба аясында біраз өңірлерді аралап концерт беріп жүрсіз. Осы жобаның мақсаты туралы айтып берсеңіз...

- «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығымен бірлесе отырып, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына жастар тарапынан үн қату, қолдау білдіру мақсатында осы жобаны қолға алған болатын. Оның үстіне бұл Елбасының жоғарыда аталған мақаласындағы «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты - ұлттық кодыңды сақтай білу» деген сөзін негізге ала отырып, Мемлекеттік рәміздеріміздің 25 жылдық мерекесіне орай жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, мемлекеттік рәміздерге деген құрметін арттыру, еліміздің түпкір-түпкірінде елеусіз жүрген жас таланттардың үлкен сахнада өнер көрсетуіне ықпал жасау, өскелең ұрпаққа мәдени және рухани тәрбие беру бағыттарында жүргізіліп жатқан бірегей шара деп айтар едім.

- Жоба аясында қандай шаралар атқарылды?

- Біздің алғашқы концертіміз 2 мамыр күні Қызылорда қаласынан бастау алды. Әр өңірге барғанда сол жердегі өнерлі жастар, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған оқушылар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар және мүмкіндігі шектеулі талантты оқушылар өз өнерлерін көрсетіп, көрерменнің ықыласына бөленді. Алла бұйыртса, желтоқсан айында осы шараны Астана қаласында қорытынды концерт беріп аяқтаймыз.

- Сіздің бүгінгі таңда Бекболат Тілеуханмен тығыз байланыста жұмыс істеп жүргеніңізден хабардармыз. Жыраулық өнерде өзіндік орны бар Бекболат мырза ұстаз ретінде қандай кеңестер беруде?

- Өте орынды сұрақ екен. Мені жыраулар поэзиясы мен батырлар жыры ерекше қызықтырады. Яғни, дәстүрлі өнерді дәріптеуге қадам басуды көздеп отырмын. Осы ретте Бекболат Тілеухан ағамыздан үлгі ала отырып, тарихтың терең қатпарларындағы ұлы бабаларымыздың жырларын жаңаша әрлеп, ел назарына ұсынып, ұлттық рухты қамшыласам деп ойлап жүрмін.

- Сонда қалай? Дәстүрлі әншілер эстрадаға кетіп жатқан кезде, сіздің ол жаққа ат басын бұруыңызға не себеп болды?

- Жаңағы атап өткен жыраулар поэзиясын, батырлар жырын, халық әндерін дәл қазір кеңінен айтып, жастардың құлағына сіңіруіміз керек. Егер мен қолыма қара домбырамды ұстап, батырлар жырын орындап жатсам, ол менің эстрададан кеттім дегенім емес. Менің атадан мирас болып бүгінге жеткен ұлттық құндылықтарымызды заман талабына ыңғайлап, бүгінгі буынға жеткізсем деген мақсатым бар.

- Ибрагим, «Нұр Отан» партиясында жастар саясатымен айналысып жүрсіз. Сіздіңше, жастардың отансүйгіштік сезімін қалай оятуға болады?

- Елбасымыздың кез келген халыққа Жолдауын немесе бағдарламаларын алып қарасаңыз, басым бөлігі жастарға негізделген. Яғни, мемлекет тарапынан бізге барынша мүмкіндіктер беріліп отыр. Оны әрбір азамат халық арасында кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақ санасына жеткізуге үлесін қосуы керек. Тек ән, өнер арқылы ғана емес, жалпы басқа да толып жатқан жобаларды іске асыруда аянып қалмауы керек. Мені алаңдататын мәселенің үлкені - жас отбасылардың жиі ажырасуы. Бұл ұлт үшін қауіпті. Елдің қуаты мықты болу үшін әр отбасының қабырғасы берік болуы керек. Отбасылық институттар құрылып, осы мәселені қолға алса деймін.

- Әлеуметтік желіні дүр сілкіндірген «Оян, қазақ» атты әніңіз тыңдармандардан жақсы баға алды. Осы әннің тарихына тоқтала кетсеңіз...

- Бұл көптен ойда жүрген туынды еді. Биыл - елім деп өткен ерлеріміз бастаған Алаш қозғалысының 100 жылдығы. Осы батыр бабаларымыздың ізімен «Оян, қазақ» деген ән жаздым. Сөзі - ақын Серік Сейтмандікі. Міржақып атамыздың жырларын, арман-тілектерін жалғастырсақ, бүгінгі ұрпаққа жеткізсек деген ниет. Барлығын жан-жақты қамтуға тырыстық. Бұйыртса, бұл әнге ел рухын оятатын бейнебаян түсіру ойымызда бар.

- Бұдан басқа да жаңа әндер жазып, шығармашылық ізденісте боларсыз. Біздің оқырмандарға алдағы жоспарларыңыз туралы айтып берсеңіз...

- Алдағы уақытта «Әр қазақ - менің жалғызым» деген атпен шетелде тұратын қандастар арасында концерт берсем деген арманым бар. Ерлан Төлеубайдың сөзіне жазылған «Әлемде бар қазақта бір Отан бар» деген әнді жазу үстіндемін.

- Ибрагим, алтын уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет! Жоспарларыңыз сәтімен іске ассын!

Сұхбаттасқан - Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz