Сөйтіп, бүгінде осы бағытта түрлі ұсыныстар түсуде. Мәселен, жуырда Үкіметте өткен жиында қазақстандық ғалымдар көмірден газ өндірудің тиімділігін түсіндірді. Атап өтерлігі, жобаның алғашқысы Павлодар облысында қолға алынбақ. «Көмір химиясы және технология институты» ЖШС-нің директоры, химия ғылымдарының докторы Болат Ермағамбет бұл бастаманың болашағы зор екеніне сенімді.

- Қазақстан көмір кеніштеріне бай. Бүгінде 126 кешен жұмыс істеуде. Жылына
100 млн. тоннаға жуық көмір өндіреміз, 30 млн. тоннасын экспортқа шығарамыз. Жыл санап көмір өндірісі кеміп келеді. Қазіргі таңда оның сапасының төмендігі мен қоршаған ортаға зияндығына байланысты көмір өндірісі бойынша жаңа технологиялар қажет. Бір тонна көмірден қанша энергия алсақ, сонша көлемде экологияға залалы тиеді. Егер көмір құрамындағы сутек деңгейін 14 пайызға дейін жеткізсек, ол сұйыққа айналады. Осылайша, көмірден газ алуға болады,
- дейді Болат Ермағамбет.

Ғалым көмірден газ өндіру жобасымен бірнеше жыл қатарынан жұмыс істеуде. Айтуынша, көмірді жағу үдерісінде газ алынады. Ол арнайы құрылғы – газдандырғыштың көмегімен жасалады. Десе де, табиғи газдың қуатына қарағанда көмірден алынған газ қуатының аздығын жасырмайды. Алайда көмірден өндірілген газ тұрмыстық қажеттіліктерге әбден жарап тұр, дейді ғалым. Ал экологиялық тұрғыдан бұл жоба өте тиімді көрінеді.

Институт мамандары Павлодар облысының Баянауыл ауданында жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Яғни, ғалымдар осындағы Майкөбе кенішінің көмірін кәдеге жаратпақ ниетте.

- Дәл осы Майкөбе кенішінің көмірі газ өндірісіне жақсы жарайды. Бұл жоба жүзеге асырылса, бірнеше елді мекенді газбен қамту қолдан келеді. Жобамызды Павлодар облысының әкімдігіне ұсындық. Қазір көбі табиғи газды пайдалануды көп сөз етеді. Бірақ ол үшін Батыс Қазақстаннан құбыр тарту қыруар қаржыны талап етеді. Мәселен, Астана, Көкшетау, Петропавл сияқты қалаларды табиғи газбен қамту үшін 1 триллион теңге қажет. Сондықтан өңірлерді дамыту үшін инновациялық жобалар қажет, - дейді Болат Ермағамбет.

Қысқасы, егер ғалымдардың ойлағандары іске асса, әлі-ақ ауылдағы үйлер газбен жылынып, шелек-шелек көмір күлін төгу тыйылатын күн де алыс емес сияқты.

Бетті әзірлеген - Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

saryarka-samaly.kz