Күлән СМАҒҰЛҚЫЗЫ,
еңбек ардагері:

- Соңғы уақытта елімізде елді мекендерді абаттандыру, көріктендіруге көп көңіл бөлініп жатқаны рас. Саябақтар жаңа кейіпке еніп, аялдамалар жаңартылғанына куәміз. Өкінішке қарай, сол жаңадан орнатылғандарды көпке ұзатпай бүлдіріп кететіндердің ісін де көріп жүрміз. Кейде аулаларға көздің жауын алатын балалар алаңдары орнатылады. Жыл өтпей оны да опырып кететіндер кездеседі. Менің ойымша, бұзақылармен күресті күшейту үшін әр мүліктің иесі болуы тиіс. Қараусыз, қожасыз затты тентектер еш қорқынышсыз сындыра салады. Бәлкім, аулалардағы алаңдарды пәтер иелері кооперативтерінің балансына өткізіп, сол мекеменің күтіп ұстауы талап етілсе, балғындардың алаңсыз асыр салатын орындары жылдар бойы жаңа қалпын сақтар ма еді?!

Ал саябақтардағы орындықтар мен шамдардың ұзаққа сақталуын қамтамасыз ету үшін бейнебақылау камераларының санын көбейту керек. Камераға түсіп қалған бұзақыны ұстап, «сазайын беру» керек. Сонда ғана барымызды бұзақылардан қорғай аламыз.

 

Олег КРУК,
облыстық мәслихат депутаты:

- Меніңше, барды бүлдіруге бейімдерді тезге салудың ең тиімді тәсілі – тәрбие. Баланы жастайынан жамандыққа жуытпай, жақсылықтың жаршысы болуға жетелеу керек. Кез келген нәрсеге ұқыптылықпен қарауға үйрету керек. Сонда оның айналадағы заттарды бүлдіруге емес, бүтіндеуге бүйрегі бұрып тұрады. «Бес саусақ бірдей емес» демекші, қоғамда тәрбиені «қалтасына салып қойып», жолындағыны жапырып жүре беретін жүгенсіздер жоқ емес.

Әлбетте, тәрбиеге ғана үміт артып, қол қусырып отыруға тағы болмайды. Шектен шығып, ортақ мүлікке залал келтіргендерге қатаң шара қолдану қажет. Заң алдында жауапқа тартылғандарды көпке көрсету керек. Өзгелер сабақ алуы тиіс. Бұл ретте, патрульдік полицейлер көшелерді жиі шарлауы да қажет шығар. Оған қоса, қалаларда бейнебақылау камераларын орнатудың арнайы бағдарламасы бар. Аталмыш құжат шеңберіндегі жұмыстар көше бұзақыларын ұстауға айтарлықтай септігін тигізеді.

 

Медет ҚАЙЫРБЕКОВ,
жергілікті полиция қызметінің инспекторы:

- Ең алдымен жедел алдын алу жұмыстарына басымдық береміз. Көшелер мен аулаларды әріптестерім күн сайын автомобильдермен де, жаяу да аралап, қылмыстың алдын алуға күш салады. Тұрғындармен кездесіп, ортақ мүлкімізді бірге қорғауға шақырамыз. Олардың да айналадағы заттардың бүтіндігіне көз қырын сала жүру қажеттігін түсіндіреміз. Қалаларда жыл сайын бейнебақылау камераларының саны артып келеді. Бұл құрылғылардың қылмысты ашудағы орны бөлек. Алдағы уақытта мұндай «көмекшілеріміздің» саны тағы еселене түспек. Демек, шаһарларда алыстан бақыланатын орындар көбейеді. Бұл дегеніңіз тентектердің «тірлігін» тыюға септігін тигізеді. Қала көркіне келтірілген залал көлеміне қарай бұзақылар әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

«Алаңды» үйлестірген Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

saryarka-samaly.kz