Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбековтің сөзінше, алдағы жылы мәдениет саласына қатысты екі арнайы жоба бойынша жұмыс жүргізілмек. Олар - «Жаһандану заманауи қазақстандық мәдениет» және «Қазақстанның киелі жерлері» арнайы жобалары.

- Бірінші бағдарлама бойынша қазақ мәдениеті мен өнерін шет мемлекеттерге таныту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Атап айтар болсақ, И.Байзақов атындағы облыстық филармонияның Р.Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Дубай қаласына гастрольдік сапармен баратын болды. Ол жақтан арнайы шақырту алдық. Биыл филармония жанындағы симфониялық оркестр Италияға барып келді. Ал, «Қазақстанның киелі жерлері» арнайы жобасы биыл басталғаны естеріңізде болар. Осы уақытқа дейін ауқымды жұмыс атқарылды. Мәселен, облыс бойынша тарихи-мәдени орындар қатарына жататын 78 нысан белгіленіп, оның бесеуі «Сакралды Қазақстан» жобасының республикалық тізіміне енгізілді. Қазір аталған нысандардың аннотациясын «Қасиетті Қазақстан» орталығына тапсырып жатырмыз. Келесі жылдың бірінші маусымына дейін барлық сакралды орындарға жеке-жеке паспорт жасап, ресми тіркейміз. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 5 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар, биыл Баянауыл ауданындағы Торайғыр кесенесі мен Сақ қорғандарын қоршау және Торайғыр музейін көріктендіру бойынша тапсырма берілген болатын. Жұмыстар аяқталуға жақындады, - деді Ардақ Тәтімбекұлы.

Аймақ басшысы Болат Жұмабекұлы Баянауыл ауданы Торайғыр ауылына тағы бір рет барып, атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтап қайту жөнінде облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен ішкі саясат басқармасына тапсырма берді.

Осы күні облыс басшысына өңірімізде дәстүрге айналған «Ұлы дала елі» фестивалін келесі жылы республикалық деңгейде ұйымдастыру мәселесі ұсынылды. Ол үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен және басқа облыстармен келісімшарт жасау керек. Жылдың соңына дейін жобаның концепциясы әзірленіп, қайта таныстырылатын болды. Жалпы, келер жылы біздің өңірде бұдан басқа да бірқатар мәдени, рухани жобалардың тұсауы кесілуі мүмкін.

Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Қақамбетовтің айтуы бойынша, келесі жылы көктемнен бастап Усолка шағын ауданында этноауылдың құрылысы басталады. Ол жерде шамамен 40-тай киіз үй орнатылады деп жоспарланған. Алайда бұл әзірге болжам ғана. Яғни, әлі де өзгерістер болып қалуы мүмкін.

- Этноауыл құру үшін Усолка шағын ауданынан 15 гектар жер белгіленген. Бұл аймақ Ертіс өзені жағалауына жақын болғандықтан, алаңқайды су деңгейінен екі метрге дейін көтеруіміз керек. Себебі көктемде су басып қалуы ғажап емес. Қазіргі таңда этноауылдың жоба-жоспарын әзірлеп, сызбасын сызып қойдық. Енді киіз үйлердің қаңқасын қандай материалдардан жасау керектігін қарастырудамыз. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарына қанша қаражат және қанша уақыт керек екенін анықтаудамыз, - дейді Нұрлан Қақамбетов.

Сондай-ақ облыстық білім беру және жастар саясатын дамыту жөніндегі басқармаларының жоспары да таныстырылды. Аймақ басшысы алдағы жылы Павлодарға оқуға келетін студенттердің қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру мәселесіне ерекше тоқталды. Жыл аяғына дейін еліміздің өзге қалаларымен тәжірибе алмасып, қандай ыңғайлы нұсқалар барын ұсынуды тапсырды.

Жиын соңында облыс басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруды көздейтін жоба-жоспарларға көңілі толатынын жеткізді. Ендігі мақсат - алға қойылған міндеттерді сапалы атқару.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz