Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиын барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Нұрмағамбетов мәлімдеді. Оның сөзінше, жыл басынан бастап көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға берілетін үш түрлі жәрдемақы бір атаулы әлеуметтік көмекке біріктіріледі. Егер жанұяда еңбек етуге қабілетті азамат болса, міндетті түрде жұмыспен қамту шарасына қатысуы тиіс. Яғни, атаулы әлеуметтік көмекпен қатар, мемлекет көмегімен оқып, мамандық игеріп, жұмысқа тұра алады. Сонымен қатар, шағын несие алып, кәсіп ашуға да мүмкіндік бар. Егер жұмыс істеуге жарамды тұлға жоғарыда аталған ұсыныстан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайды. Жұмысқа қатысу шараларын өз еркімен тоқтататын болса, әлеуметтік көмек төленбейді. Ал отбасындағы кәмелетке толмаған балаларға, бала күтімімен айналысып отырған аналарға, еңбекке жарамсыз азаматтарға әлеуметтік көмек берілетін болады.

Бұдан бөлек, 1 қаңтардан бастап елімізде ынтымақты зейнетақы көлемі
8 пайызға, базалық зейнетақы 6 пайызға өседі. Мәселен, бұған дейін базалық зейнетақы төлемдері еңбек өтілі есепке алынбай, барлығына бірдей төленіп келсе, келесі жылы еңбек өтіліне қарай есептелетін болады. Зейнеткерлердің арасында еңбек өтілі көп болғанымен, ең төменгі мөлшерде зейнетақы алатын азаматтар көп. Сондықтан осындай санаттағы азаматтардың зейнетақы мөлшерін арттыру мақсатында 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы төлемін тағайындау шарттары өзгереді. Базалық зейнетақы төлемі тек қана жалпы белгіленген зейнетақы жасына жеткен кезде тағайындалатынын атап өту керек. 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан аз болған не болмаған кезде тиісті қаржы ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының 50 пайызы мөлшерінде төленеді. Зейнетақы жүйесінде қатысу өтілі 10 жылдан артық әрбір толық жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға арттырыла отырып, өтілі 35 жыл және одан артық болғанда, ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының 100 пайызына теңестіріледі.

Қазіргі уақытта ер азаматтар зейнетке 63 жасында, әйелдер 58 жасында шыға алады. Алайда 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасы жыл сайын 6 айға өсіп отыратын болады. Сонда әйелдердің зейнетке шығатын жасы 2027 жылы 63-ке жетіп, ер кісілермен теңеседі.

Болат Жұмабекұлы жаңа талап қолданысқа енбей тұрып, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кездесулер өткізуді жүктеді. Сонымен қатар, облыстық телеарналар мен жергілікті БАҚ арқылы насихат жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды.

Өңірімізде зейнет жасына жетсе де, құжаттарын түгендемеген әйел азаматтар жетерлік. Биыл өңірімізде 3087 әйел 58 жасқа толады. Оның 1577-сі құжаттарын рәсімдеген. Ал 480 әйел азамат еліміздің аумағында мекен етпейтіні анықталған. 1009 әйел әлі күнге дейін құжаттарын жинамаған. Оның 114-і шілде-қазан айларында зейнет жасына толған. Бұл ретте өңір басшысы аудан-қала әкімдеріне елді мекендегі зейнет жасына жеткен әйелдердің тізімін құрастырып, құжаттарын уақытылы әзірлеуге көмектесуді тапсырды.

Аппараттық жиын барысында Оңтүстік Қазақстан облысынан қоныс аударған отбасылардың жағдайы да сөз болды. Биыл Павлодар облысына 50 отбасы көшірілген. Болат Жұмабекұлы аудан басшыларына қоныс тепкен жанұялардың баспана, жұмыспен қамту мәселесін қатаң бақылауда ұстауды жүктеді.

- 50 отбасыны әр ауданға бөлгенде 5-6 жанұядан келеді. Сондықтан олардың әлеуметтік жағдайын назарда ұстауға қауқарымыз жетеді. Балалардың ана тілінде білім алуына жағдай жасауымыз керек. Мәселен, Успен ауданындағы Константиновка ауылына барған оқушы мемлекеттік тілде білім ала алмайды. Сондықтан қазақ тілінде оқып келген оқушылардың ана тілімізде сабақ беретін білім ордаларына баруын қамтамасыз ету қажет. Көшіп келген барлық жанұяға жүрек жылуын сыйлауға міндеттіміз. Білім беру басқармасына қатарға қосылған оқушылардың жаңа жылдық шыршаға қатысуын назарға алуды тапсырамын. Аудандардағы іссапар барысында көшіп келген жанұялардың жағдайымен жеке танысатын боламын, - деді Б.Бақауов.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.

 

saryarka-samaly.kz