Мардан мұғалімнің технология пәнінен сабақ беріп жүргеніне 26 жыл болыпты. Содан бері алдына келген талай оқушыны ұлттық өнерге баулып, ағаштан түрлі тұрмыстық бұйымдар жасауды үйретті. Технология пәнін 6-сыныптан бастап бергенімен, ағаш шеберлігіне 9-11-сынып оқушылары ғана қатысады.

- Бұл - өте күрделі пән. Сабақ үстінде әртүрлі станоктар қолданылады. Сондықтан ұсталыққа икемі бар ересек балаларға ғана жасатамыз. Оқушыларға 9-сыныптан бастап ағаш материалдарынан тостаған, күбі, үккіш, келісап, тақтай, үстелдің сирағы сынды тұрмыстық заттарды қалай ойып жасаудың жолдарын үйретеміз. Қазіргі таңда Мадияр Айтжанов, Алмаз Әбдікен сынды 11-сынып оқушыларының қолынан шыққан туындылар нағыз шеберлікпен жасалған деп бағалауға болады. Жалпы, қолөнермен шұғылданудың балалардың болашағына тигізер пайдасы зор. Бүгінгі күнге дейін осы мектепті бітіріп, технология пәні бойынша менен тәлім алған оқушылар арасында өмір жолын осы саламен байланыстырғандар бар-шылық. Яғни, болашақ мамандықтары ретінде көркем суретті немесе технологияны таңдап, жоғары оқу орындарын бітірген шәкірттерімнің табысты еңбегін көріп, іштей мақтанып отырамын, - дейді ол.

Мұғалімнің айтуына қарағанда, өңдеуге көбінесе қайың ағашы қолданылады. Мұның басқа материалдардан артықшылығы көп. Әсіресе, ағаш кесуді жаңа үйреніп жүрген оқушылар үшін жонуға ыңғайлы және ылғалдығын көп ұстайды. Сонымен қоса, қайыңнан жасалған қандай зат болса да жылтырап өң беріп тұрады екен.

- Бұрын біздің ауылға қолөнер бұйымдарын жасауға арналған ағаштар көп жеткізілетін, яғни материалдан таршылық жоқ еді. Сол кезде неше түрлі дөңгелек үстел, сандық, тақтай, оқтау, қасық секілді тұрмыстық бұйымдарды жасап, сатқан кезіміз болды. Әрине, табиғи таза дүние болғандықтан, сұраныс көп түсетін. Ал, қазіргі күні ағаштың тапшылығына байланысты ондай мүмкіндік жоқ,
- дейді Мардан Қуанұлы.

Қалай десек те, жоқтан бар жасап, жас ұрпақты ұлттық қолөнерге баулып, құндылықтарды насихаттап жүрген Мардан мұғалімге ауылы, мектебі, шәкірттері дән риза! Еңбек жемісті болсын!

Тілеуберді САХАБА
Теңдік ауылы, Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz