«Халқына қалаулы, еліне елеулі Даржұман Қанат Болатұлы» деген атаумен шыққан кітаптың тұсаукесеріне біртуар азаматтың жан жары, туыс-туғандары, жақын достары, шәкірттері, әріптестері мен мәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

- Осы жылдың мамыр айында аймақтың дамуына, этномәдени бірлестіктердің қалыптасуына зор үлес қосқан белгілі саяси қайраткер Қанат Болатұлының
80 жылдығын атап өткен болатынбыз. Сол кезде осы кітапты шығару керек екендігін түсіндік. 300 данамен жарық көрген бұл жинақтың шығуына Қанат ағаның көзін көрген, айтары бар адамдардың барлығы атсалысты, - дейді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Сейсенбай Жетпісбаев.

Шара барысында Қанат Болатұлының достары мен әріптестері сөз сөйлеп, оның өз ісіне деген адалдығы, адамгершілігі, іскерлігі мен ерен еңбегі жайлы сыр шертті.

Айта кетерлігі, Қанат Болатұлы Лебяжі ауданына қарасты Черное ауылында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын Лебяжі ауданындағы 7 жылдық мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған ол кейін аудандық және облыстық комсомол комитетінің хатшысы болды. Бұдан соң Ермак (қазіргі Ақсу), Баянауыл және Качир аудандарының партия комитеттерінің хатшысы қызметін абыроймен атқарып, бірқатар марапаттарды иеленді. Ал 2000 жылы өңірдегі ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту жолындағы елеулі еңбегі үшін «Жыл адамы» атанды. 1995 жылы Павлодар облысы бойынша Қазақстан халықтарының Кіші Ассамблеясы төрағасының орынбасары болып еңбек етті. Сол жылдары Қанат Болатұлының мол тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Ассамблеяның жұмысы жанданды. Оның бастамасымен елімізде алғаш рет ашылған ұлттық жаңғыру мектебінде бүгінде 500-ден астам оқушы тарихи отанының мәдениетін, туған тілі мен салт-дәстүрін, тарихын меңгеруде.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz