- Аса құрметті Күндемас Басжазарұлы, сіздің атақты маскүнем екеніңізді бүкіл қала жұртшылығы жақсы біледі. Айтыңызшы, неге іше бересіз?

- Өте орынды сұрақ. Бірақ неге іше беретінімді өзім де білмеймін.

- Кейбір маскүнемдерден неге іше бересің деп сұрасаң, «іш, іш» деп шайтан түртіп тұрады, дейді. Сізді шайтан түртпей ме?

- Шайтан дегенмен шаруам жоқ.

- Шайтан түртпейтін болса, неге іше бересіз?

- Ой, сіз түсінбейсіз ғой. Мен тектен-текке ішпеймін.

- Сонда енді не үшін ішесіз?

- Мен елдің, жердің, қоғамның жағдайын ойлағандықтан ішем ғой. Қайбір жетіскеннен ішеді дейсіз?

- Анығырақ айтсаңыз...

- Мен енді бәрін тізе бермей, қатты ішіп кеткен кездерімді айтайын. Сонау бір жылы банкке салған ақшамның 500 мың теңгесі күйіп кетті. Өліп-тіріліп жинаған ақшам ғой. Сосын мен де күйіп кеттім. Әйда, сілтедім кеп. Естен танғанша іштім.

- Енді сіз сілтеді екен деп, банк ақшаңызды қайтарып бер-мейді ғой.

- Мәселе банкте емес, мәселе Үкіметте болып тұр ғой. Біздің Үкімет көк тиын да қайтарып берген жоқ. Сосын сілтедім. Өшімді «ақаңнан» алдым. Әйтпесе, сілтеп жыным бар ма?

- Иә, содан кейін.

- Біз өзі қаланың шетінде тұрамыз, мал ұстаймыз. Бірде қорадағы бұзаулы сиырымды, құлынды биемді бір түнде ұрлап кетті. Сотқа арызданып едім, сот: «Сіздің бар малыңызды елімізде әбден байып, Англияға былтыр қашып кеткен атақты жемқор Жайынбай Қарынбаев ұрлапты. Соны сыртынан соттап, 15 жылға үкім шығардық», дейді.

- Ау, айналайын, сот-ау, менің малым былтыр емес, бір ай бұрын ғана ұрланған десем, «жоқ, былтыр ұрланған, біз атақты бақсыға бал аштырдық, Англиядағы Қарынбаев ұшақпен келіп алып кеткен» деп бет бақ-тырмайды. Ал енді осындай сотқа қалай күйіп кетпейсің, қалай ішпейсің?

- Сіз ішкенде сот басқа үкім шығарар дейсіз бе?

- Сот басқа үкім шығар-майтынын білген соң ішкен жоқпын ба? Әйтпесе, ішіп жыным бар ма?

- Иә, содан кейін.

- Осы менің маскүнем болуыма теледидар деген «пәле» кінәлі. Содан небір «қызықты» көремін де, ішемін кеп.

- Қандай қызықты айтып отырсыз?

- Ой, қызық көп қой. Мәселен, жоғарыдағы атасақалы аузына біткен қазақтардың қазақша сөйлемейтіні, сөйлей алмайтыны қандай қызық.

- Енді олар қазақшаны басқа ұлт өкілдері түсінбейді деп ұялады ғой.

- Иә, сол ұялғанының өзі қандай қызық десеңші. Біздің биліктегілер өте ұялшақ. Үкімет-тің мәжілісін қараңызшы. Бірың-ғай қазақтар отырып, бірыңғай орысша сөйлейді...

- Күндемас Басжазарұлы, сонда сіз қазақша сөйлемейтін шенеуніктер үшін ішпейсіз бе?

- Неге ішпеймін, ішемін. Маған сылтау керек. Мен қазақшаға аузы қисаймайтын ұялшақ шенеуніктермен, жоғары лауазымдылар үшін де, теледидардан қазақша қойған сұраққа орысша жауап беретін ұялшақ кемпір-шалдар үшін де ұялыңқырап отырып, іше беремін. Осылар мені әбден маскүнем етіп болды.

- Сонда сіз бұларға күйін-геннен ішесіз бе, жоқ әлде сүйінгеннен ішесіз бе?

- Бірде күйінгеннен, енді бірде сүйінгеннен іше беремін.

- Күйінішіңіз көп пе?

- Көп қой, көп. Қазақ көші неге тоқтап қалды деп күйінемін, жетім қазақ балаларын жыла-тып, неге шетелге саттық деп күйінемін, қолжетімді бас-панаға неге қол жетпейді деп күйінемін, мыңдаған қазақ қыз-дары неге байға шыға алмай жүр деп күйінемін, өмірімізге нәр беретін, сән беретін стра-тегиялық маңызы зор нысандарды неге кәріс, қытай үндіс сияқты жатжұрт-тықтарға беріп қойдық деп күйінемін, құдай жаратқан жерімізді, көлімізді, тауымызды, орман-тоғайымызды неге жекеге саттық деп күйінемін. Ой, мен күйінетін нәрселер көп қой, көп.

- Сонда осылардың бәрі үшін күйініштен іше бересіз бе? Жанып кетуіңіз мүмкін ғой. Әрине, оңай емес, денсаулық та дал-дал болды. Сонда да, ішпесем мұрным қышиды, таба-ным ысиды, шекем тырысады, арқам құрысады, қолым қалтырайды, буыным сырқы-райды, тізем дірілдейді, көзім іріңдейді, тамағым құрғайды, басым қалтылдап, бір «орнында» тұрмайды.

- Астапыралла, астапыралла! Не деп кеттіңіз? Неге доқтырға көрінбейсіз?

- Ау, айналайын, оның емі «анау» ғой, «ақаң» ғой. Қырлы стақанмен біреуін қылғытып жіберсем, «манағының» бәрі қоя қояды, жым болады.

- Денсаулығыңыз дал-дал болса, қоймайсыз ба?

- Жо...жоқ, қоймаймын, қоя алмаймын. Мен шенеуніктер таза қазақша сөйлегенше, бойдақ қазақ қыздары түгел байға шыққанша, Англияға ұрлап әкеткен малдарымды қайтарып бергенше, іше бере-мін, іше беремін, іше беремін...

Дамир ӘБІШЕВ.

saryarka-samaly.kz