Төре де түскен, дана да түскен бұл елге...

Бақ қонсын деп қазақтың мына еліне,
Шат болсын деп еңбегін жасап беріле.
Ақкөлден келді аппақ бір ниет көңілмен,
Құт мекен болған Қанағаң туған
еліме.

Баянның елі - Қаныштай дана туған
жер,
Ақкөлдің елі - әнші Естай дара туған
жер.
Баянның елі - Мәшһүрдей ғалым
жыр қылған,
Ақкөлдің елі - Исабек ишан туған
жер!

Баянның елі - Жүсіпбек, Жаяу Мұсалар,
Кейінгілер де қуат ап биік ұша алар.
Баянның елі - кешегі Шәкен Айманов,
Ұрпағы бүгін ұялмай биік тұра алар!

Ақкөлдің елі жүреді дәйім танылып,
Әндері әсем, отауыз Оташ Кәрімов!
Айтбаев Ербол, Қожанов Амангелдідей,
Ерлердің әнін елі де жүрер сағынып.

Ел үшін туған ерлерім аман болсыншы,
Әр айтқан әні әнұрандай болған
қағылып.
Қазағым елім, биіктей берсін елдігің,
Қазақы көңіл таусылмайды ғой
кеңдігің.

Төре де түскен, дана да түскен бұл
елге,
Құшағы ыстық қой той көңіл құтты
Теңдігім.
Шоң менен Шорман билігін құрған
бұл мекен,
Миллионер болған мәрт көңіл маңғаз
Теңдігім!

Бұл – ақын Ардақ Қарғожиннің «Айналайын – достық көпірі» жобасына арнайы шығарған жыр жолдары! Ардақ ақын - Баянауыл ауданы Теңдік ауылының талантты түлегінің бірі. Ақкөлдік қонақтарды осынау жыр жолдарымен, әжелер шашуын шаша қуана қарсы алған Теңдік ауылының оқушылары мен ұстаздары, ата-аналар кеш бойы өнер көрсетіп, «Айналайынның» мерейін аспандатты.

Теңдікте «Академик Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша оқу тәрбие кешені» деп аталатын білім ордасы бар. Атына заты сай осы бір мектептің оқушылары оқу-білімімен, өнегелі тәрбиесі мен және өнерімен ақкөлдік меймандарды тәнті етті.

Облыстық «Сарыарқа самалы» газетіндегі «Айналайын» қосымшасы биылғы жыл басынан бастап Екібастұз қаласы Ақкөл орта мектебі мен Баянауыл ауданы Теңдік ауылындағы академик Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп оқушыларының арасында «Айналайын» - достық көпірі» атты жобаны қолға алған еді. Екі мектептің оқушылары газет бетінде бір-бірімен танысып, екі ауылдың тарихын, әйгілі тұлғалары жайлы жазып, бір-біріне жұмбақ тастап, фотосуреттерін, шығармашылық жұмыстарын жариялап, бір игі іс бастап еді. Айта кетейік, жобаның жүзеге асуына ұйытқы болған - Ақкөл орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ардақ Бозғоева мен Теңдік ауылы «Академик Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша оқу тәрбие кешенінің» қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Гүлсім Ақаева. Ақкөл мектебінде тіпті «Айналайын» атты әдеби үйірме жұмыс істей бастады. Газет бастаған шараны қолға алып, шәкірттерін шығармашылыққа, ізденіске баулыған қос ұстазға үлкен алғыс пен ризашылық білдіреміз.

Биыл көктемде ақкөлдіктер Теңдік оқушыларын осы жоба аясында қонаққа шақырып, екі мектеп шығармашылықтарын ортаға салған-ды. Ақкөл жеріне алғаш келген баянауылдық балалар Исабек ишан қазіреттің музейін көріп, қасиетті жердің тарихымен танысты. Мектеп музейінде болды, білім ордасын аралады. Ақкөлдіктердің арнайы дайындаған бағдарламасын тамашалады, өздері де өнер көрсетті. Екі мектеп арасында спорттан жолдастық кездесу ұйымдастырылды. Ауыл әкімі Бақтияр Ақтаев пен мектеп директоры Рамазан Тұрымтаевтың ұйытқы болуымен Ақкөлдегі «Жайылма жазирасы» саябағында ағаш көшеттерін отырғызды. Бұдан соң баянауылдықтар Әулиекөлдегі «Қожалар қорымына» барып, дұға оқытып, қасиетті бабалардың рухына тәу етті.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, «Айналайын – достық көпірі» жобасы
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Баянауылдың Теңдік ауылында жалғасын тапты. Бұл шараға Ақкөл орта мектебінің директоры Р.Тұрымтаев бастаған мұғалімдер мен 15 оқушы келді.

Ақкөлдіктер алдымен Баянауылдағы Академик Қаныш Сәтбаевтың мемориалды мұражайын аралады. Мұражай директорының міндетін атқарушы
Айбат Ыдырысов пен бас қор сақтаушы Ерлан Зікіров ғалымның өмірі мен қызметі, зерттеу жұмыстарына қатысты жәдігерлер жайлы әңгімеледі. Қазір мұражайда ғалымға қатысты 4 мыңнан астам жәдігер бар екен. Жақында Қ.Сәтбаев қызмет еткен Жезқазған өңірінде - Жезді, Қарсақпай жақтағы мұражайлардан тағы бірқатар жәдігерлер, ескерткіш сыйлықтар мен көптеген кітаптар әкелген екен. Мұражайда балалар ескерткіш суретке түсіп, арнайы кітапшаға қолтаңбаларын қалдырды. Ақкөлдік меймандар Мұса мырза мешітінде болып, имандылық уағыз тыңдап, аруақтарға дұға бағыштады.

Бұдан кейін аудан орталығынан 100 шақырымдай жердегі Теңдік ауылына жол тартты. Қара күздің ызғарлы желі мен бұлтты күні, ұзақ жол балалардың көңіліне қаяу түсіре алмады. Жазғы жасыл кейпінен айрылмаған, тау-тасты аралай өскен шырша, қарағайлы Баянауыл келбетін, дауылды күнгі көбігін шаша буырқанып, толқын қуалаған Сабындыкөл табиғатын тақтайдай жазық жерден келген балалар қуана тамашалады.

Қонақтар Академик Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша оқу - тәрбие кешенін, ондағы Қ.Сәтбаев мұражайын аралап көрді. Айтары жоқ, ауыл мектебіндегі мұражайда ғалым өмірі, отбасы, туыстары, замандастары жайлы жинақталған материалдар баршылық, безендірілуі де эстетикалық талғамға сай екен. Теңдік ауылының еңбектеген баласынан қартына дейін Қаныштай ғұламаларын, жалпы әйгілі жерлестерін ерекше қастерлеп, құрметтейтіні, сол әйгілі адамдардың ізбасарлары екенін мақтаныш тұтатыны аңғарылады.

Теңдіктегі кездесу – республикалық «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Айналайын – достық көпірі» жобасы арқылы келер жылы туғанына 160 жыл толатын халқымыздың дара тұлғасы Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығына арналды.

Кездесуге арналған шара мектептің мәжіліс залында басталды. Кешті жүргізуші балалар - Мадияр Айтжанов пен Қымбат Садық меймандарды таныстырып өтті.

Кеш шымылдығын мектептің «Ақ арай» биші қыздар тобы «Өрнек» биімен ашты. Одан кейін ауылдағы «Жігіттер» ансамблі халықтың «Үкілім-ай» әнін шырқады. Айта кетелік, ауылдың «Жігіттер» және «Ардагерлер» ансамбльдері аудандық этнофестивальда үздік шығып, облыстық гала-концертке жолдама алыпты. Ересек өнерпаздар да балалардың қуанышына қуана ортақтасты. Сахна төрінде 11-сынып оқушысы Қымбат Садық «Баянаула – байырғы атамекен» атты Баянауылдың елі мен жерін, әйгілі тұлғаларын жырға қосқан Н.Жәміновтің өлеңін мәнерлеп оқыды. Сондай-ақ, «Ардагерлер» ансамблі, кішкентай қыздардың «Гүлдер» би тобы, ауылдық мәдениет үйінің қызметкері Б.Омаров, т.б. ән шырқап, би билеп, жап-жақсы өнер көрсетті. Бұл күні мектептің технология пәнінің ұстаздары оқушылардың қолөнері бұйымдарынан көрме жасады, әдебиет үйірмесінің мұғалімі Г.Ақаеваның ұйымдастыруымен «Айналайын» күнделігінен атты естелік фотоальбом таныстырылды.

Кездесу кешінің екінші бөлімі Шәкәрім ақынға арналды. Атап өтерлігі, мектеп оқушылары осы шараға дайындық барысында Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығын іздестіріп, оқып, танысып, өлеңдерін жаттап алыпты. Мектептің көркемөнерпаздар жетекшісі Бақыт Қырықбаевтың сүйемелдеуімен
4-сынып оқушысы Сабина Марат ақынның «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек...»,
11-сынып оқушысы Әсем Қайыр «Анадан алғаш туғанда» атты әнін тамылжыта шырқап, көпшіліктің ілтипатына бөленді. 8-сынып оқушысы Мерей Ауғалидің да өнеріне тәнті болдық. Мерей «Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң...» атты Шәкәрім ақын жайлы слайд жасап, өмірі мен шығармашығы, тағдыры жайлы кеңінен әңгімелеп айтып берді. Сонымен бірге Архат Әбдікен, Ержан Асқар, Сабина Марат, Аяжан Болат, Зарина Марат, Айзада Шалабаева сынды оқушылар Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды.

Кеш барысында ардагер ұстаз, ҚР еңбек сіңірген мұғалімі, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Нескен Мәлікқызы «Айналайын» қосымшасы ұйымдастырған «Айналайын - достық көпірі» жобасына ризашылық білдірді.

- Екі ауданның түкпіріндегі екі ауыл оқушыларының газет арқылы танысып, шығармашылықтарымен бөлісіп, бір-біріне қонақ болуы, екі мектептің бір-бірімен танысуы, оған облыстық «Сарыарқа самалы» газетіндегі «Айналайын» қосымшасының дәнекер болуы тамаша бастама! Бұл игілікті іс жалғасын тапсын, - деді ардагер сөзінде.

Кеш барысында Теңдік ауылының әкімі Ғалым Әмиев, «Академик Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша оқу тәрбие кешенінің» директоры Қайриден Нухұлы, Ақкөл орта мектебінің директоры Рамазан Тұрымтаев, мұғалімдер Ардақ Бозғоева, Зәуре Мұсабекова, Ақкөл ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Бақыт Рыспекова сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.

Аталмыш жобаны іске асыруда белсенділік танытқан Теңдік мектебінің мұғалімдері мен шығармашылығымен көзге түскен, «Айналайын» қосымшасында танылған бір топ оқушыларға «Сарыарқа самалы» газеті редакциясының атынан «Айналайын қосымшасының жүргізушісі Сая Молдайып Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар тапсырды.

Ақкөлдік оқушылар да «Қонақкәде» жасап, өнер көрсетті. «Шаттық» би тобы би билеп, ауыл, туған жер туралы өлеңдер оқыды.

Бұл күні Теңдік ауылындағы мектеп саябағына ақкөлдік мұғалімдер мен оқушылар қарағай көшеттерін отырғызды.

Аталмыш шараның жүзеге асуына демеушілік көрсеткен Ақкөл ауылының «Табыс» шаруа қожалығының басшысы Манат Алғамбаровқа, жол қатынасы қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Екібастұз қаласы ішкі істер бөлімінің қызметкерлері - старшина Нұрлан Закенов пен сержант Нұрсұлтан Сыздықовқа, Баянауыл-дағы Қ.Сәтбаев мемориалдық музейі директорының міндетін атқарушы Айбат Ыдырысов пен ұжымына, Баянауыл аудандық білім бөліміне, аудандық «Баянтау» газетінің тілшісі Мұсабек Сейсенбекұлына риза-шылық білдіреміз.

Ақкөл мен Теңдік арасы -
Қазақтың дархан даласы.
Біріне бірі бауыр, дос,
Алаштың әрбір баласы.
Ұйқысын беріп, қайғы алған,
Ұлт үшін айтқан айбарлы ән.
«Айналайыннан» айналдым,
Алтын көпірге айналған, - деп, балалар мен жасөспірімдерге арналған «Айналайын» қосымшасы екі мектеп оқушыларын таныстырып қана қоймай, балалардың шығармашылықпен айналысуына, туған жер тарихын, әйгілі адамдардың өмірі мен шығармашылығын зерттеуге, ілім-білім көкжиегін кеңейтіп, ұлттық өнерді танып–білуге де үлес қосуда. Мектептерде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда біздің газеттің – «Айналайынның» қосып келе жатқан үлесінің бір парасы осындай!

Алдағы 2018 жылы «Айналайын» қосымшасының тұрақты түрде шыға бастағанына - 20 жыл, мектептерде «Айналайын» фестивалінің ұйымдастырыла бастағанына 17 жыл толмақ. Әрине, сәтін салса бұл мерейтой ұмыт қалмайды. Аймағымыздағы барлық мектептерді қамтитын шаралар ұйымдастыру жоспары қолға алынды. Олай болса, «Айналайынның» әрбір оқырманы осы шараларға қатысуға мүмкіндік жасаймыз! Газет бетінде шығармашылыққа арналған түрлі байқаулар ұйымдастырылады. «Айналайынның» Құрмет тақтасы жасалады. Басқа да шаралар қолға алынады. Олай болса, сүйікті газетіңе жазыл, «Айналайынмен» байланыс жаса! Ізгі ойларыңмен бөліс!

Сонымен екі мектеп арасындағы «Айналайын – достық көпірі» жобасы мәресіне жетті. Екі ауылдың оқушылары бір-бірімен жақын танысып, білісіп, шығармашылықтарымен, өнерімен бөлісті, телефон алмасты. Бұл таныстық өнер-білім мен шығармашылық тұрғыдан өзара байланысқа ұласып, жас ұрпақтың арманды жолына шырағын жақсын демекпіз!

С.ТАУҚЫЗЫ, Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz